Қарқаралыда Құнанбай мен бала Абайға ескерткіш орнатылды
Қарқаралыда Құнанбай мен бала Абайға ескерткіш орнатылды
555
оқылды

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы орталығында аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбаевқа арналып ескерткіш ашылды. Бұл туралы Saryarqa телеарнасы хабарлады.

Елжанды әке мен балаға арналған мүсін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр.

Ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Мүсін таза мыстан жасалған. Бұл аудандағы жүзеге асатын 19 жобаның бірі.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан оқығанымыздай, Құнанбай қажы Қарқаралыға Абайды жиі ертіп келетін болған. Баласының болашағынан үлкен сенім күткен Құнанбай қажы Абайдың тұлғалық қасиетін ерте танып, оны жастайынан медресеге оқуға жіберген. Ескерткіште бала Абайдың медреседегі оқудан демалысқа келіп, әкесімен көрісу сәті бейнеленген.

– Құнанбай бабамыз өзі орнын белгілеп кеткен мешіттің жанына ескерткіш орнату біздің парызымыз. Абай мен Құнанбай арасындағы сабақтастықты көрсетеді.  Құнанбай қажы мешітін тамашалауға көптеген адамдар келеді. Ол Қазақстанның 100 киелі орыны тізіміне енген, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов.

Мүсіннің ашылу салтанатында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысынан келген меймандар сөз алды. Семей жерінен келген Абай ауданының мәслихат хатшысы Ерлан Лдибаев «Құнанбай қажы мешітінің» маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, мешіттің қатарын  толықтыра түскен  мүсін өшкенімізді қайта жаңғыртты дей келе, Қарқаралы ауданы әкімдігіне алғысын жеткізді.  

Облыстық, республикалық «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары да әке мен бала сабақтастығын жалғаған мүсіннің ашылу кешінде Ұлы Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындады.

Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың інісінен тараған Ырғызбай бабаның тікелей ұрпағы Ернұр Мұсабайұлы да Қарқаралы төрінде салынған ескерткішті көруге арнайы келген.