Вице-премьер медициналық сақтандырудың жаңа мүмкіндіктерімен танысты
Вице-премьер медициналық сақтандырудың жаңа мүмкіндіктерімен танысты
431
оқылды

Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басшылығымен міндетті сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық мәселелерін талқылады.

Жиында Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қор қызметін толық цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.  

– МСҚ қызметінің ашықтығы мен жоғары деңгейлі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ, адами факторды азайтып, процедураларға кететін уақытты қысқарту мақсатында «Электронды қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын жеткізуші компанияларды іріктеу процедурасын электронды форматқа көшіру көзделіп отыр. Ол үшін медициналық қызметтерді сатып алуға қатысқысы келетін ұйымдар Қордың жеткізушілер базасына ену үшін egov.kz порталы арқылы өтініш береді. Содан соң өзіндегі еңбек ресурсының мүмкіндіктері жайлы мәліметті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне енгізеді. Нәтижесіне, іріктеу процесі түгелге дерлік Goszakup.gov.kz порталы арқылы жүргізіледі. Ал, МСҚ медициналық көмек көлемін емханалар мен клиникалар арасында бөліске салу жұмыстарының нәтижесі бойынша медицина ұйымдарымен келісімшарт бекітетін болады, – деп атап өтті МСҚ басшысы.

Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, медицина ұйымдары мен Қордың ақпараттық жүйелерін 1С платформасы негізінде ықпалдастыру көзделген. Сол арқылы келісімшарт бекіту, медицина ұйымдарымен келісімшарттарға қосымша келісімдер енгізу, көрсетілген қызметтер актісіне қол қою және төлем шотын жіберу процедураларын толығымен автоматтандыруға мүмкіндік тумақ. 

Қор қызметін автоматтандыру жұмыстары екі бағытта: түскен жарналар мен сақтандырылған азаматтардың есебін жүргізу; медициналдық қызмет көрсететін жеткізушілерді іріктеу, олармен келісімшарт бекіту және көрсетілген қызмет ақысын төлеу бағытында жүріп жатыр. Жарналар мен сақтандырылғандардың есебі МСҚ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және мемлекеттік корпорациясының бірлесіп жасаған «Сақтандыру» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

– Мұның бәрі МСҚ үшін де, медицина ұйымдары үшін де сатып алу процедураларын жеңілдетіп, құжат рәсімдеуге кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медицина ұйымдары құжаттарға қол қойдыру үшін Қордың филиалдарына баруға деген қажеттіліктен арылады, қағаз-құжат айналымына жұмсалатын шығындар қысқарып, қызметкерлердің уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді, – деді Айбатыр Жұмағұлов.