Қазақстанның Тұңғыш Президенті осыған дейінгі төрт рәсімде еліміздің жетекші ғылым ордасынан жалпы алғанда, 2600-ден астам студент түлеп ұшқанын еске салды.
– Университет түлектері – елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелде де сұранысқа ие болып отырған бәсекеге қабілетті мамандар. Бүгін осы жоғары оқу орнын бітіруші жаңа 963 түлектің 565-і бакалавриат бағдарламасы, тағы 378-і – магистратура, ал 20-сы докторантура бағдарламасы бойынша білім алды. Бакалавр-түлектердің 40 пайыздан астамы әлемнің үздік университеттерінен шақыру алып, оқуын жалғастыруға ұйғарды, – деді Н.Назарбаев.
Ол университеттің жоғары білікті кадрлары Қазақстанның технологиялық дамуына елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
– 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Жастардың білім алуы – еліміздің қазіргі заманғы әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-қуаттарыңыз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Сіздер өз әлеуеттеріңіз мен мүмкіндіктеріңізді толық іске асыра алуларыңыз үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның байламынша, NU яғни, «Назарбаев университеті» бренді әлемдік академиялық ортада ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, бизнес, медицина, инновация, ІТ технологиялар салаларында кеңінен танымал болды.
Университеттің оқытушы-профессорлары және ғылыми қызметкерлері құрамы әлемнің 53 елінен келген 477 адамнан тұрады. Оның 26 пайызы – ұлттық кадрлар. Олардың көбі – 10 елден, атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Грекия, Италия, Оңтүстік Корея, Ресей, Аустралия, Түркия және Үндістаннан шақырылған.
Осы күні Елбасы «Назарбаев университетінің» жаңа Атлетикалық орталығын ашып берді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті ғылым ордасының көпфункционалды жаңа спорт ғимаратын аралады. NU Атлетикалық орталығында спортпен шұғылдануға қажетті барлық инфрақұрылым, оның ішінде олимпиадалық бассейн, 660 көрерменге арналған арена, тренажер және жекпе-жек залдары бар. Бұл нысан спорт индустриясының озық технологияларымен жабдықталған.