Бала – адамның өмірдегі ең маңызды жетістігі, елдің ертеңгі болашағы. Оның күлкісі бүкіл әлемге сән береді. Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы орайда еліміздің кішкентай азаматтарының қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөліп жүрміз деген сауал туындайды.
Баланың тағдыры оны тәрбиелеп отырған адамдарға байланысты. Жаз мезгілі – балалар үшін қауіпті кезеңнің бірі. Өйткені осы уақытта олар түрлі жарақат алып жатады. Мәселен, құлау, күйіп қалу, улану, тұншығу, жол-көлік оқиғалары және т.б.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы және әлемдегі балалар өлімі және оларды емдеуге жатқызудың басты себептерінің бірі – жарақат. Денсаулық сақтау саласындағы республикалық электронды орталықтың мәліметтері бойынша, 2017 жылы 1,283 бала жазым болған, ал 27,702 бала байқаусыз жарақат алып, ауруханаға түскен.
Жыл сайын республикада 600 мыңнан аса адам түрлі жарақат алып жатады. Оның 22%-ы – балалар мен 14 жасқа дейінгі балалар.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ және ДДҰ-ның жарақаттану, денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы Джоан Винсентен Қазақстанның 8 өңірінде 0-14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында өткізген сауалнаманың қорытындысын жариялады.
Сауалнамаға 3000 отбасы қатысқан. Соған сәйкес, қазақстандық ата-аналардың 84%-ына балаларды қауіп-қатерлерден қорғау қиынға түсетіні анықталды. 82 пайызы инфрақұрылым сапасыз жобаланған деп санайды екен. Ал 80 пайызы заңнама жеткілікті деңгейде сақталмайды және қорғалмайды деп ойлайды. Нәтижесінде, еліміздегі ата-аналардың балалар арасындағы жарақаттанушылықты төмендетуге ықпал ететін қағидалар мен нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мемлекет қолдау көрсетуі тиіс деп есептейтіні белгілі болды.
Балалардың жарақат алуына себеп болатын тағы бір жағдай – құлап қалу. Құлау салдарынан әлемде күн сайын 130 бала көз жұмады екен. 2017 жылы елімізде осыған байланысты 15,780 жағдай тіркелген.
Еліміздегі бала өлімінің негізгі себебі – күйік шалу. 2016 жылы елімізде күйік шалу салдарынан 98 бала жазым болса, 2017 жылы күйіп қалғандықтан жарақат алған 2,529 жағдай орын алған. Күйік шалу салдарынан болған жарақат өте ауыр әрі ұзақ емді қажет етеді. Мұндай жағдай көбіне балалар үйде сіріңкемен, майшаммен, отшашумен ойнағанда және электр тоғына қандай да бір затты тыққанда орын алып жатады.
Уланудың да себебі көп. Бала дәріні кәмпитпен шатастырады. Улану оқиғаларының көбі дәріні балалардың қолы жететін жерге қою себебінен болады екен. Сонымен бірге, балалардың химиялық заттарды қолдануы да улануға әкеп соқтырады. Олар: ыдыс жууға арналған құралдар, құрамында хлоры бар ерітінділер және тырнақ бояуға арналған заттар.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан әлемде жыл сайын 18-ге толмаған 186 мыңнан аса бала опат болады екен. Бұл оқиғалар 0-14 жас аралығындағы балалар өлімі мен ауыр жарақаттың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан мамандар жол ережесін сақтап, жылдамдықты азайту керек деп дабыл қағуда.
Тақырыпқа орай
Зәуре АХМЕТОВА,
Денсаулық сақтау министрлігі
Қоғамдық денсаулық сақтау
саясаты департаменті
директорының орынбасары:
– Жарақаттар, жазатайым оқиғалар және улану – өлім-жітім және мүгедектікке алып келетін басты себептердің бірі.
Балалар жарақатын барынша азайту, оның салдарынан болатын өлім мен мүгедектікті төмендету мақсатында жақын мерзімдік, орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік келешекке әзірленген нақты іс-қимылдар жоспарымен жұмыс істеуіміз қажет. Бүгін республикадағы балалар жарақаттануы бойынша ағымдағы мәселелерді Қазақстанда балалар жарақатының алдын алу жөніндегі ҚР заңнамасына және құқық қабылдаушы практикаға, стратегия мен іс-қимылдар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелерін талқылауды ұсынамын.
Юрий ОКСАМИТНЫЙ,
БҰҰ-ның Балалар қорының
(ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі:
– Балалардың жиі жарақаттануы бізді алаңдатады. Күн сайын дерлік апаттар, өрттер, суға батып кету және терезеден құлау туралы жаңалықтарды естіп жүрміз.
2017 жылы жарақат салдарынан 27 мыңнан астам бала ауруханаға жатқызылды, ал 1 283 бала жазым болды. Осы себепті Қоғамдық денсаулық сақтаудың ұлттық орталығымен, Электронды денсаулық сақтау орталығымен, статистика комитетімен бірге халықты ақпараттандыру және профилактикалық іс-шаралар жайлы мамандар мен ата-аналарды, балаларды оқыту мақсатында жұмыс істейміз. Басқа мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдері мен ата-аналардың қауымдастықтарын да осы серіктестікке қосылуға шақырамыз.
Джоан ВИНСЕНТЕН,
Жарақаттану, денсаулық және қоршаған орта
мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы:
– Бала жарақатын болдырмау – қазір мемлекет үшін маңызды мәселе болып отыр. Енгізуге тиісті ең тиімді жүйе – жолдағы жылдамдықты азайту. Заң бар, ереже бар. Оның орындалуы маңызды. Жолда ғана емес, көлік қоятын орындарда да түрлі жағдай болып жатыр. Көліктегі адамдар оқыс қимыл жасайды, тез шығып кеткісі келеді де, жылдамдықты арттырады.
Бала өліміне және жарақат алуына байланысты себептерді анықтайтын статистика бар. Осындай жағдайлардың басым бөлігі жол-көлік оқиғалары салдарынан болатыны анықталды. Сауалнама жүргізген кезде де ата-аналардан осындай жауап алдық. Үнемі бақылап отыру қиын. Өйткені мұндай жағдайлар үйде болмайды. Оқыс оқиғаның алдын алу, оны болдырмау – тек ата-ананың ғана қолында емес.
Мотоцикл жүргізушілеріне арнайы бас киім кию, жылдамдықты асырмау – шарт. Оны полиция қызметкері бақылайды. Бас киім кимеген, жылдамдықты көбейткен жағдайда оларды ұстайды. Тура осындай тәртіпті жеңіл көлік жүргізетіндерге де қолданса, жетістікке жетуге болады.
Динара ҚҰСАЙЫН,
ата-ана, бала қауіпсіздігіне арналған
«Аман сәби» жобасының авторы:
– Бала қауіпсіздігі Қазақстандағы өзекті мәселе екенін білемін. Өзім екі баланың анасымын. Декреттік демалыста отырғанда осы мәселені терең зерттей бастадым.
Қазір ата-аналарда толық ақпарат жоқ. Балаларды қорғауға қатысты көп дүниені білмейді. Ата-анасы берген тәрбиеге ғана сүйенеді. Алайда бұрын биік ғимараттар, құрамында химиялық заттар бар азық-түліктер болған жоқ қой. Әрине, бұл қауіп-қатерді үдетеді. Бұл істе барлық мемлекеттік органдар бірігуі керек. Ақпаратты барынша тарату керек. Мәселен,
2014 жылы осы тақырыпты зерттей бастағанда қазақ, орыс тілдерінде жеткілікті ақпарат ала алмадым. АҚШ, Ұлыбритания, Канададағы сайттардан алып отырдым. Шет тілін меңгеруімнің арқасында пайдалы дүниелерге қол жеткізіп, оны елімдегі ата-аналарға жеткізсем деген ой келді. Балаларды балабақшадан бастап үйретуіміз керек. Неше түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Адам баласы апатты жағдайда өзін қалай қорғауы керек? Мектепте осыған байланысты арнайы пән оқытылуы керек деп есептеймін.
Насима ЖҮНІСОВА,
Қоғамдық денсаулық сақтау оқу орталығының
Инфекциялық емес аурулардың алдын алу
департаментінің бөлім басшысы:
– Жарақат алу инфекциялық емес аурулардың ішінде 4 орында тұр. Жарақат алғаннан кейін мүгедек болып қалатындар бар. Осы бойынша да 4 орында. Бұл дегеніміз – осындай жағдайлармен тіркелетін адамдардың көптігін білдіреді. Балалардың жасына байланысты жарақат түрлері де әртүрлі болып келеді. Мәселен, 1 жасқа дейінгі балалардың ішінде көп кездесетіні – тұншығу. Сәбилер суға, анасы емізіп жатқанда ұйықтап кетіп тұншығып жатады. Қою тамақтарды, ұсақ ойыншықтарды жұтып қойып, қақалып қалады. Сондықтан ата-аналар балаға ойыншық алғанда баланың жас ерекшелігін ескеруі керек. Оның асқазанға түскенде үлкейіп кететін түрлері де болады. Ал 4 жасқа дейінгі балаларда улану, құлау, күйіп қалу оқиғалары жиі кездеседі. Жарақаттың 74 пайызы тұрмыстық жағдайда орын алады екен. Балалардың қауіпсіздігіне байланысты елімізде арнайы жол картасы, ұлттық жоспар бар. Оның ішінде балалардың жарақатын азайтуға қатысты арнайы бөлім бар. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған жолдарды жөндеу жұмыстары да кіреді. Жарақат алуға баланың ебінің аздығы да себеп болып жатады. Жол картасында балалардың физикалық тұрғыда мықты болуы үшін спортпен айналысуға мүмкіндік жасау, дене шынықтыру сабағында жүзуге үйрету жұмыстары қарастырылған.
Жапония 10 жыл ішінде балалар арасындағы жарақатты 50 пайызға азайтты. Әлем бойынша қауіптің басым бөлігі жол апатынан, одан кейін судан болып жатыр. Жапония қауіптің алдын алу үшін балалардың киім кию үлгісін өзгертті. Айрықша, көзге бірден түсетін түстегі киімдер кигізді. Көлікке балаларға арналған креслоны қоюдың өзі қауіп-қатерді мейлінше азайтты. Дамыған елдердің тәжірибесі бізге де жетеді деп ойлаймын.
Бала әсіресе, 4 жасқа дейін ата-ананың қарауында болуы керек.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ