Сондай игілікті шаралардың бірі Сыр өңірінде жалғасын тапты. Қызылордада Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында 100 көпбалалы отбасына жаңа пәтердің кілті табысталды.
Тұрғын үйлер «Бәйтерек» ықшамауданында облыстық бюджеттің және «Болат Өтемұратов» атындағы қайырымдылық қорының есебінен бөлінген «Баламекен» жобасы шеңберінде салынған. Келер жылдан бастап тұрғын үйлердің жанынан мектеп пен балабақша салу жоспарлануда.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев баспаналы болған отбасыларды қуанышымен құттықтады.
– Бүгінде Қызылорда облысында мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысының тұрақты үрдісі байқалады. Соңғы бірнеше жылда Қызылорда қаласында 15 жаңа тұрғын үй кешені салынды және 139 тұрғын үй пайдалануға берілді. 2019 жылдың соңына қарай біз тағы 53 көппәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз осы жобаға «Болат Өтемұратов» қорының қолдау білдіргеніне алғыс білдіреміз. Пәтердің кілті өз иелеріне тапсырылды. Үйлер қысқа мерзімде салынған, құрылыс сапасы біздің бақылауымызда, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Кездесу барысында сөз сөйлеген «Болат Өтемұратов» қайырымдылық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмас Шарман аймақтың дамуына жоғары баға беріп, көпбалалы аналарды қуанышымен құттықтады.
44 жастағы көпбалалы ана Әсемгүл Сақтаева он жыл бойы күткен пәтеріне қол жеткізгенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.
– Біз біраз жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрдық. Өзіміздің баспанамыз болмады. Бүгін отбасымыз үшін ең бақытты күн болды. Көпбалалы аналарға қолдау білдірген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғыс айтамыз, – деді Ә.Сақтаева.
А.ЖАСАНҰЛЫ