Аталған жоба «Полиметалл» компаниясы тарапынан қаржыландырылады. Мұндағы бөлмелер заманауи үлгідегі жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықталған. Орталық алдағы уақытта тау-кен өндіру саласы бойынша жоғары санаттағы мамандарды даярлап шығармақ. Студенттердің оқу процесіне WorldSkills халықаралық қозғалысының стандарттарын бейімдеу және енгізу бойынша үздік педагогикалық тәжірибені жинақтау, заманауи еңбек нарығының талаптарына сай техникалық және кәсіптік білімін арттыру енгізілді. Арнайы орталық төрт бағытта оқытатын болады. Олар: кен орындарын зерттеу, техникалық қамтамасыз ету мен кен өндіру электр механизмдерін жөндеу, кен орындарын өңдеу, кен байыту саласын технологиялық үрдіспен басқару және автоматизациялау бағыттары.
Орталық Лисаков техникалық колледжінің жатақханасында орналасқан. Қазіргі уақытта 3 кабинет жұмыс істеп тұр. Алдағы айда жаңа құрылғылар мен жабдықтар алу, білім беру бойынша ресейлік мамандарды шақыру жоспарда бар.
Салтанатты шараға Лисаковск қаласының әкімдігі, Nur Otan партиясының және «Полиметалл» компаниясының өкілдері, оқытушылар мен колледж студенттері қатысты. Кездесуде Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Жарылқасымова мен Nur Otan партиясының Лисаков қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Игорь Нейавка сөз сөйлеп, жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
– Құзыреттілік орталығын құруға және жабдықтауға атсалысқан Polymetal компаниясына алғыс білдіреміз. Компания Лисаков техникалық колледжімен бірнеше жыл бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Студенттер осы өнеркәсіп орнынан практикадан өтеді. Варваринское және Комаровское кен орындарында жұмысқа қабылданады. Аталған мекеме тау-кен металлургия саласының лайықты мамандарын даярлауға мүмкіндік береді, – деді Игорь Нейавка.
Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Жарылқасымова орталықты ашу үшін Лисаков қаласының арнайы таңдап алынғанын, кен байыту комбинатының құрылысы осы жерде басталғанын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ оқу орны талай білікті мамандарды даярлағанын айтып өтті.
Іс-шара барысында Polymetal компаниясының өкілі Олеся Аниканова да сөз алды.
«Компания тау-кен өндіру саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған құзыреттілік орталығын қажетті технологиялармен қамтамасыз етіп отырады. Бұл жерде гидравликалық экскаватор симуляторы жұмыс істейді. Сонымен қатар 10 заманауи қуатты компьютер сатып алынып, қауіпсіздік кабинеті жабдықталды. Жақын күндері автоматтандырылған басқару жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Polymetal компаниясының өкілі Олеся Аниканова.
Колледж директоры Геннадий Будьевич құзыреттілік орталығын ашу арқылы колледж оқу үрдісіне үлкен қадам жасағанын айтса, кездесуге қатысқан студенттер демеушілерге алғысын жеткізді. Олар оқуды аяқтаған соң тез арада жұмысқа орналасатынына сенімді. Шара соңында «Варваринское» АҚ атқарушы директоры Владимир Ефременко Лисаков техникалық колледжімен бірге маңызды жобаларды қолға алып, мамандарды қаржыландыруға көмек беретінін жеткізді.
Әбілмансұр ЖАСАН