Баланың тағдыры оны тәрбиелеп отырған адамдарға байланысты. Жаз мезгілі – балалар үшін қауіпті кезеңнің бірі. Өйткені осы уақытта олар түрлі жарақат алып жатады. Мәселен, құлау, күйіп қалу, улану, тұншығу, жол-көлік оқиғалары және т.б.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы және әлемдегі балалар өлімі және оларды емдеуге жатқызудың басты себептерінің бірі – жарақат. Денсаулық сақтау саласындағы республикалық электронды орталықтың мәліметтері бойынша, 2017 жылы 1,283 бала жазым болған, ал 27,702 бала байқаусыз жарақат алып, ауруханаға түскен.
Жыл сайын республикада 600 мыңнан аса адам түрлі жарақат алып жатады. Оның 22%-ы – балалар мен 14 жасқа дейінгі балалар.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде ЮНИСЕФ және ДДҰ-ның жарақаттану, денсаулық және қоршаған орта мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшысы Джоан Винсентен Қазақстанның 8 өңірінде 0-14 жасқа дейінгі балалардың ата-аналары арасында өткізген сауалнаманың қорытындысын жариялады.
Сауалнамаға 3000 отбасы қатысқан. Соған сәйкес, қазақстандық ата-аналардың 84%-ына балаларды қауіп-қатерлерден қорғау қиынға түсетіні анықталды. 82 пайызы инфрақұрылым сапасыз жобаланған деп санайды екен. Ал 80 пайызы заңнама жеткілікті деңгейде сақталмайды және қорғалмайды деп ойлайды. Нәтижесінде, еліміздегі ата-аналардың балалар арасындағы жарақаттанушылықты төмендетуге ықпал ететін қағидалар мен нормалардың сақталуын қамтамасыз етуге мемлекет қолдау көрсетуі тиіс деп есептейтіні белгілі болды.
Балалардың жарақат алуына себеп болатын тағы бір жағдай – құлап қалу. Құлау салдарынан әлемде күн сайын 130 бала көз жұмады екен. 2017 жылы елімізде осыған байланысты 15,780 жағдай тіркелген.
Еліміздегі бала өлімінің негізгі себебі – күйік шалу. 2016 жылы елімізде күйік шалу салдарынан 98 бала жазым болса, 2017 жылы күйіп қалғандықтан жарақат алған 2,529 жағдай орын алған. Күйік шалу салдарынан болған жарақат өте ауыр әрі ұзақ емді қажет етеді. Мұндай жағдай көбіне балалар үйде сіріңкемен, майшаммен, отшашумен ойнағанда және электр тоғына қандай да бір затты тыққанда орын алып жатады.
Уланудың да себебі көп. Бала дәріні кәмпитпен шатастырады. Улану оқиғаларының көбі дәріні балалардың қолы жететін жерге қою себебінен болады екен. Сонымен бірге, балалардың химиялық заттарды қолдануы да улануға әкеп соқтырады. Олар: ыдыс жууға арналған құралдар, құрамында хлоры бар ерітінділер және тырнақ бояуға арналған заттар.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан әлемде жыл сайын 18-ге толмаған 186 мыңнан аса бала опат болады екен. Бұл оқиғалар 0-14 жас аралығындағы балалар өлімі мен ауыр жарақаттың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан мамандар жол ережесін сақтап, жылдамдықты азайту керек деп дабыл қағуда.