Түркістанда түркі әлемі бас қосты
Түркістанда түркі әлемі бас қосты
444
оқылды

Шараны Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Тұңғыш Президенттің Жарлығымен облыс орталығына ай­нал­ған Түркістан қаласын қайта түлету, түркі мәдениетін жан-жақты дәріптеу үшін Түркістан облысы әкімдігі мен Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ұйымдас­­тырды.

«Түркістан – түркі әлемінің бесігі» бейнебаянын тамашалаумен басталған конференцияға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.Ясауи атын­дағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдра­силов, Түркия мемлекеті, Мармара уни­верситетінің докторы, профессор Женгиз Томар, Халықаралық Түрік академиясының ғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев, Өзбекстан Ғылымдар ака­демиясының профессоры Сарыгүл Бахадырова, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Ясауитану ғылыми-зерттеу орта­лығы директоры Досай Кенжетай сияқты ғалымдар қатысты.

Пленарлық отырысты Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Абдрасилов Болатбек ашып, жүргізіп отырды. Алқалы басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы қасиетті Түркістанның әлемдік тарих­тағы орнын зерттеуді мақсат тұтқан халықаралық конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Елба­сының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қаласы аясында қолға алынған конфе­ренция Түркістан облысының рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деген сенімін білдірді.

«Түркістан қаласының түркі әле­міндегі орнын ғылыми тұрғыдан тара­зылайтын бұл конференцияның ма­ңызы зор. Түркі халықтары үшін Түр­кіс­тан қаласының тарихтағы орны әрқашан да қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақ­станның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деп атап өтті. Бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан – киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелген. Ясауи жатқан жер «бақыттың астанасы» ретінде танылған», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Ежелгі Түркістан өркениетінің жо­ғары деңгейде дамығанына тоқтаған өңір басшысы:

«Түркістан мен оған жақын орналас­қан шаһарларда ғылым дамыды, ірі кітапханалар жұмыс істеді. Өркениетке тән белгілер мен жетістіктердің бәрі табылды.

Сол замандардың өзінде Түркістанда суландыру жүйесі, кәріз жүйесі, темір балқыту кәсіпорындары болды», – деді ол.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Әзірет Сұлтан музейінің маңы мен Күл­төбе қалашығында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарихшылар архео­логиялық қазба жұмыстары арқылы Түркістаннан су жүйелерінің орнын тауып, Қазақ даласында қала мәдениеті дамығанын дәлелдей түсті.

Облыс басшысы, осы тарихты ес­кере келе Түркістан облысын дамыту бойынша негізгі 5 бағыттың нақты­лан­ғанын жеткізді және Түркістанды қал­пына келтіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары мен бағыттарын атап өтті.

Атап айтқанда, солардың бірі – Түркістан қаласының тарихи және идеологиялық негіздемесін қалып­тастыру.

Осыған сәйкес, Түркістанды ең ірі зиярат, туризм, сауда, дін және қолөнер орталығына айналдыру бойынша нақты жұмыстар атқарылады.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауидің мұраларын дәріптеу бағытында игі істер қолға алынбақ.

Түркістанда Ясауи музейі салынып жатыр. Бұл орталық Ұлы дала ғұлама­сының ілімін терең зерттеп, оның мәнін ұғуға, елді ізгілікке шақыруға үлес қосады деген сенім мол.