Өзімнің мектеп бітіргеніме алты жыл болыпты. Ауылдың жайы белгілі: мектепте не мәдениет үйінде түлектерге аттестат табысталады, артынша шағын дастарқан жайылып, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар сырласады. Білім алушы мен берушінің арасында бұрын болған қабырға бұзылатын кез. Әдемі әңгіме, ыстық естелік, бастан өткерген түрлі қызық жағдай айтылады. «Алтын белгімізді» облыс әкімінің қолынан аламыз» деп Ақтөбеге бардық. «Әдемі көйлек киіп келіңдер» деген тапсырма бар. Сол кездегі көйлегім ары кетсе 10 мың теңге тұрған. Бірінші рет бетімізді әрлеп, шашымызды сәндедік. Оған дейін кәсіби визаж дегенді білмейтін бізге мұның бәрі қызық. Сыныптасым екеуміз төсбелгімізді жарқыратып, кешке жақын ауылға тарттық. Артынша түлектерге куәлік тапсыру салтанаты өтті. Одан кейін аналарымыз бен жеңгелеріміздің пісірген тәттілеріне толы дастарқанға жайғасып, түнгі үштің шамасында тарқағанымыз есімде. Біздің бітіру кешіміз осылай болған. Бүгінде бұл үрдіске де талай өзгеріс енген шығар. Әйтсе де, ысырапқа жол бермейтін ауылданбыз. Қазір көтеріп отырған тақырыптың өзектілігін қалаға келген соң бір білдік. Онда да жоғары оқу орнына келіп, топтастардың түлектер кешінде түскен суреттерін көрген соң ғана. Сөйтсек, лимузинге міну, мейрамханада тойлау, дизайнердің қолынан шыққан көйлек дегеніңіз кинодағы көрініс емес, шындық екен.
Аяңдап қазіргі күнге келсек. Түлектердің мектеп бітіру кеші жыл сайын дарақыланып барады. Оған кештен кейін әлеуметтік желідегі парақшаға жүктелген видео-фото дәлел. Өмірде бір болатын маңызды іс-шараны мүлдем өткізбеу керек деп жатқан ешкім жоқ. Тек шектен шықпай, қарапайым ұйымдастырылса деген тілек қана. «Мектеп бітіру кешін өткізу мәселесі жыл сайын көтеріледі. Оқушылар он бір оқыған ордасында жасайтын игі дәстүр бар еді. Ол жерде, расымен, оқушы мен ұстаз арасында әдемі әңгіме өрбиді. Десек те, соңғы кездері кімнің қайда өткізетіні бәсекеге айналды. Мектеп бітіру кештері ата-аналарымыздың кезіндегідей форматта өтуі керек. Түлек шынымен де мектеппен қоштасуы қажет. Ең бастысы, ата-ана баласының қауіпсіздігіне мән берсін. Ұйымдастырылып жатқан кез келген шарада осы бірінші кезекте тұруы тиіс. Сондықтан мектептің аясында, ешқандай артық ысырапсыз өткізуге кеңес береміз. Аста-төк отырыс пен тым қымбат көйлектің ешкімге қажеті жоқ. Қоштасу кеші – киіммен жарысатын жер емес. Онда рухани отырыс өткені дұрыс. Бәлкім, жүрек түкпірінде бір-біріне айта алмай қалғандары бар шығар» деген еді сала министрі Күләш Шәмшідинова.