«Әлеуметтік карта» көңілден шыға ма?
«Әлеуметтік карта» көңілден шыға ма?
319
оқылды

Жылдар бойы жалдамалы пә­терлерде жан бағып, алды он екі, соңы бес-алты баланы бағып, кездейсоқ табыспен күн көріп отыр­ған жанұялардың ашынуы­нан кейін оларға қолдау көрсету, мемлекет тарапынан ғана емес, ортақ іске жұртшылықты жұмыл­дыру да Алматы облысынан бас­талды. Жыл басынан бері жеке адам­дардың қамқорлығы арқа­сында осындай жетпіске жуық отбасының тұрмысқа қолайлы баспанамен қамтамасыз етілуі Жетісу жерінде тіркелгені де өңір­де аз қамтылғандардың баспана және тағы да басқа мұқтаждарын шешуге баса назар аударыла бас­тағанын аңғартады. Картада көп­балалы, аз қамтылған отбасы­ларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, балдырғандарын балабақшаға орналастыру, оқушылардың мек­тепте тегін тамақтануын жол­ға қою, осындай шаңырақтар­да тәр­биеленген балалардың облыс әкімі грантымен жоғары білім алуына жағдай жасау, көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі және тағы да басқа аса өзекті мәселелер қамтылған. Одан бері де біраз уақыт өтті. Күні кеше қасына әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысы бар облыстық бас­қармалардың жетекшілерін, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарын ертіп Журналистер үйіне келген Алматы облысы әкі­мі­нің орынбасары Ақан Әбдіуа­лиев БАҚ өкілдерінің басын қо­сып, «Әлеуметтік картаның» орын­­далуы туралы брифинг өт­кізді.

Бір өкініштісі, бұл жолы да зал­да отырғандар арасында басқа ұлттан бірде-бір адамның жоғына қарамастан, мемлекеттік тіл босағадан аспай қалды. Соған қарап, халқының жетпіс пайыздан астамы ауылда тұратын жергілікті ұлт өкілдері құрайтын облыста сол жалпақ жұртқа әлеуметтік мәселелерді қазақ тілінде тарқата түсіндіретін жанның барына кү­мәнданып қалдық. Облыс әкімі­нің орынбасарына айтар өкпеміз жоқ. Мемлекеттік тілдің жілігін шағып, майын ішкен Ақан Жыл­қышыбайұлы екі тілде де көсіле сөйлеп, сұрақтарға да тиянақты жауап қайтарды. Құрылыс, әлеу­меттік қорғау саласынан келген­дер мен қала әкімінің орынбасары біз айтқаннан кейін барып, біраз «былдырлады».

Ақан Жылқышыбайұлының айтуына қарағанда, облыста әлеу­меттік саланың әлеуетін арттыруға бағытталған жол картасы жаса­лып, осы бойынша шешуші жұ­мыс­тар атқарылып жатқан кө­рі­не­ді. Ең бастысы, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сай 1 маусымнан бастап бюджеттік саладағы жалақысы төмен қыз­мет­керлердің еңбекақысы 30 пайыз­ға өсіріледі. Бұл жаңалық денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салалардан нәпа­қасын тауып жүрген 103 мыңға жуық адамды қамтиды. Атқарушы органдардағы айлығы шайлығына жетпейтін 3 499 қызметкердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Бүгінге дейін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайын­дау туралы 23 676 өтініш түскен. Оған атаулы әлеуметтік көмекті қайта есептеу автомат түрде жүр­гізілетін 6 086 отбасыны қоссақ, барлығы 29 762 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға тиіс. Ма­мырдың 27 жұлдызындағы жағдай бойынша 27 442 отбасыға 2 млрд 589 млн теңге төленіп, кірістері асып кеткен 2 320 адам­ның өті­ніші қанағаттанды­рыл­мады.

Брифингте облыстағы көп­балалы отбасыларды баспанамен қамту үшін республикалық бюд­жеттен қосымша 5,6 млрд теңге бөлінгені де айтылды. Аталған қаржының 2,2 млрд теңгесіне 180 пәтерден тұратын 8 үй салынса, қалған 3,4 млрд теңгеге 492 пәтер сатып алынбақ. Ойға алғандар толығымен жүзеге асса, биыл об­лыстағы аз қамтылған отбасы­лардың 672-сі үйлі болады. Ал 2025 жылға дейін барлығы 4 700 аз қамтылған отбасыны баспана­мен қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюд­жеттен 39,2 млрд қарастырылмақ. Сонымен бірге, ортақ іске де­меушілер де үлесін қосып келеді. Күні бүгінге дейін жомарт жан­дар­дың арқасында 79 отбасы үйлі болса, олардың 48-і көпбалалы жанұялар. Журналистердің облыс әкімінің көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы мектеп бітірушілердің жоғары білім алуына жағдай жасауға қатысты қо­сымша қарастырған 100 гран­тын тағайындау кезінде әділет­сіздік орын алмау үшін комиссия құрамына БАҚ өкілдерін енгізу туралы ұсынысы қолдау тапты. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмекті белгілеуге қатысты заң талаптарын түсіндіруде кемші­ліктер көп екені жайлы айтылған ескерту де ескерілді. Басшылары бір ауыз қазақшаның басын қи­нала құрастырып отырғанда, олардың жергілікті жердегі қос­шыларының қарапайым жұртқа мәселелердің мәнін жеткізе ала­тынына қатысты күмән күшті. Осындайдан соң барып айқай-шу шығып, түсінбестік орын алады.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы