Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Air Astana әуекомпаниясының президенті Питер Фостерді әуежайдан күтіп алды. Шырайлы қалаға ат басын бұрудағы себеп – жаңа әуекомпанияның алғашқы рейс жасауы.
«Еліміздегі қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен мүмкіндік беретін алғашқы бюджеттік әуекомпаниясының жұмысына сәттілік тілеймін. Қаламызға арнайы келген Питер Фостер мырзаға алғысым зор», – деді қала басшысы. Ал Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер Қазақстандағы үшінші мегаполис деп танылған Шымкент – еліміздің республикалық маңызға ие ірі қалалардың бірі екенін атап өтті. «Қала халқы бұдан былай алтын уақытын үнемдеп, лоукостермен сапар шегуді таңдайды деген сенімдемін», – деді ол.
Алматыдан Шымкентке алғаш рет ұшқан бұл бағытта жолаушылар толып келген. Билет құны ең аз мөлшермен, яғни 10 мың теңгеге дейін көлемдегі бағамен сатылған. Жолаушылар әуекомпаниясы өз саяхаттарын 26 қазанға дейін жоспарлап отыр. Сондықтан жолаушылар тиімді әуекомпанияны таңдап, қазіргі таңда компанияның ресми сайтынан билеттерді жылдам брондап алып жатыр. Алматы қаласынан Шымкентке 1 сағат 20 минутта ұшып келетін бұл FlyArystan әуекомпаниясында билет құны 4 999 теңгеден басталады.
Айта кетейік, оңтүстік астанадан Шымкентке ұшып келушілердің ішінде көрші облысқа және Өзбекстан Республикасына бара жатқандар да бар. Сондықтан үнемі билет тапшылығы сезілетін. Енді FlyArystan лоукостері, яғни заманауи 180 орынды Airbus A320 әуе кемелері Алматыдан Шымкентке қарай күнделікті қатынайтын болады.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы