Футболдан Испания құрамасы мен мадридтік «Реалдың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Хосе Антонио Рейес жол апатынан қаза тапты.
35 жастағы футболшының көз жұмғанын «Севилья» клубы хабарлады. Ол Утрераға барар жолда автомобиль тізгіндеген. Салонда ойыншыдан бөлек екі туысы отырыпты. Өкінішке қарай, олар да бұл апаттан аман қалмаған.
Рейес «Севильяға» алғаш рет 10 жасында қосылып, 16-ға толғанда бірінші командадағы тұңғыш ойынына шыққан. 2004 жылы ол «Арсеналға» ауысып ағылшын премьер-лигасын жеңіп алады. Сол жылы бұл команда маусымдағы бірде бір матчта жеңілмей рекорд жасаған еді. Англиядағы екі жарым жылдан кейін «Реалға» жалға беріледі. Алайда мадридтік клуб сапына кірігіп кете алмайды. 2007 жылы «Арсенал» оны «Атлетикоға» сатты. Ол мадридтік клубпен екі мәрте Еуропа лигасын жеңіп алды. 2012 жылдың қаңтар айында футболшы «Севильяға» қайта оралып Еуропа лигасын үш мәрте бағындырады. Футболшының соңғы клубы «Эстремадура» болған. Ол Испания құрамасы сапында 21 ойынға қатысып, 4 гол соққан.