Мамандық таңдауда назар аударатын трендтер
Мамандық таңдауда назар аударатын трендтер
883
оқылды

Бабам қазақ өмірде екі нәрсе таңдауда қателеспе деген екен. Біріншісі – жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдауда. Алғашқысына отбасыңда көрген тәрбиең мен құндылықтарың арқылы сезініп, қадам жасайсың. Ал мамандықты таңдауда қандай қадамға барамыз? Бұл туралы әл-Фараби атыдағы Қазақ ұлттық университінің Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты директоры, Колумбия Жер институтымен бірлескен MDP/Global Classroom тұрақты даму бойынша бағдарламасының директоры Рафис Абазовпен сұхбаттастық.

– Көп ұзамай мектеп оқушылары мен ата-аналары сандық дәуірде табысты болуы үшін университетті дұрыс таңдауға қадам жасайды. Қазіргі таңда жаһандық жоғары білім беру жүйесінде қандай өзгерістер орын алуда және біз нендей трендтерді көреміз?

 – Қазіргі білім беру философиясы мүлдем басқа бағытқа бет бұрды. Бенджамин Франклиннің сөзімен айтсам, білім беруге салынған инвестиция – жоғары дивиденд алудың кепілі. Оның үш негізгі бағытын, трендін атап өткім келеді.

Бірінші тренд – ХХІ ғасырдың 4.0 экономикасына негізделген білім жүейсі еңбек нарығы сұранысына сәйкес технологиялық жағынан дайын жастарды талап етуі. ХІХ-ХХ ғасырдағы жоғары білім гуманизм идеясына негізделіп, азамат ретінде қоғам дамуын қолдайтын көпқырлы мамандарды даярласа, ХХІ ғасырда адамның жеке тұлғалық қасиеті дамып, креативті және тиімді болуына мүмкіндік беретін дағдылар қалыптаса бастады. «Apple» компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс айтқандай, «білім берудегі ең маңызды фактор – креативті «ізденуші адам».

Екінші тренд – еңбек нарығының трансформациялануы. Біз оны disruptive innovations (қиратқыш инновация) деп атаймыз. Бұл нені білдіреді? Олар (қиратқыш инновациялар) еңбек нарығының концепциясын түбегейлі өзгертеді. Қазірдің өзінде ХХ ғасырда сұранысқа ие болған көптеген мамандықтардың аты да аталмайды. Жақында танымал «Forbes» журналы алдағы онжылдықта жойылуы мүмкін 20 мамандықтың тізімін жариялады. Таяу уақытта «қиратқыш инновация» еңбек нарығын «жарады». «Harvard Business Review» журналы атап өткендей, біз «іргелі цифрлық трансформация» дәуіріне қадам бастық. Яғни, өндірістік қоғамнан бас тартып,  тұтыну мен виртуалды әлемге негізделен қызмет көрсету қоғамына ауысып келеміз.  Бүгінгі таңда инженер маманына білім-білігі жетіп тұрса да жұмыс табу қиын. Себебі, Еуразияның көптеген елдерінде өндірістік сектор 1990-1991 жылдармен салыстырғанда 50%-ға азайған. Енді біз тағы бір құбылысқа куә болып отырмыз, ол – жасанды интеллект. Болашақта робототехника дамып, еңбек нарығындағы жағдайды тағы да өзгертеді.  

Үшінші тренд – виртуалды экономика. Интернет, планшет, смартфон және компьютерлер – бұл қазіргі уақытта тек IT-технологияның ғана емес, әр жұмыстың экономикалық құралы. Және бұл экономика мамандардан түрлі технологиялық дағдыларды білуді талап етеді.

Демек, мәселе мынада: мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары «дұрыс» универиситетті ғана таңдап қоймай, «дұрыс» мамандықты да таңдай білуі керек! Ол заманауи, сандық технологияға негізделсе, ешқашан ұтылмайды. Жоғары оқу орны қазақстандық немесе америкалық болсын, мәселе онда емес,  ең маңыздысы – мамандықты адаспай таңдау!

– Америкалық университеттер не себепті Қазақстандағы білім беру көрмелеріне белсенді қатысады?

 – Қазақстан үкіметі соңғы екі онжылдық көлемінде ұлттық экономиканы заманауи рельстерге ауыстыру бойынша табысты еңбектеніп жатыр: бұл «жасыл экономика» (green economy), «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламалары, көп жылдық «ЭКСПО – 2017 – Болашақтың энергиясы» жобасы және т.б. Жасыл экономика – бұл экономикалық саладағы жаңа бағыттардың бірі. Оның таза нарықтық экономика концепциясынан біраз ауытқып тұрғаны рас, өзінің мазмұны мен бағдары жағынан «жаңа экономикамен» туыстас. Бұған мемлекет пен мемлекеттік басқарудың рөлі басымырақ «кейниялық экономика» деген жаңа атау берсе жарасады.

Негізі, қоғамның тұрақты дамуын үш бағытқа бөліп қарастырамыз, олар: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық. Ал, қоғам мен қоршаған ортаны байланыстырушы мемлекеттік басқару болуы тиіс. Неге десеңіз, біріншіден, тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында автокөліктерден шығатын түтінге тұншықпайтын таза эко-орта қалаптасуы үшін, себебі оның еркін нарықтық қатынастар арқылы өзінен-өзі реттеле қоюы қиын; екіншіден, саяси катаклизм мен эксцестерден ада, ана мен бала, жастар мәселесі мейлінше шешілген әлеуметтік дамудың тұрақты болуы үшін; үшіншіден, экономикалық және инвестициялық ресурстар толыққанды жұмыс істеп, тиімділігін арттыруы үшін.

Қазақстанда заманауи экономика құруға көп көңіл бөліне бастады, сол себепті сауатты, білікті кадрларға мұқтаждық сезілуде. Көптеген үкіметтік бағдарламалар жақын болашақта «жасыл» экономикаға көбірек инвестиция салауды ұсынуда. Демек, Қазақстан Республикасында тұрақты даму мәселелерін білетін, тиімді мемлекеттік саясатты, бизнес-жобаларды дамытуға және іске асыруға қабілетті жоғары білікті мамандарға деген сұраныс артады. Қазақстандық бизнес-қауымдастық, үкімет пен университеттер өкілдерімен болған бірқатар кездесулер АҚШ-тың білім беру өніміне жоғары сұраныстың бар екенін көрсетіп отыр.

– Қазіргі американдық білім беру жүйесінің қандай бағыттарын ерекше атар едіңіз?

 – Көптеген мамамндар экономиканың жаһандануы көбінесе ұлттық деңгейдегі еңбек нарығы үшін күрделі мәселе екенін атап көрсетеді. Американдық білім беру ең алдымен еңбек нарығындағы динамикалық өзгерістерге бағдарланған: егер қиындық болса, оның шешімі болуы қажет! Тағы да айта кетерлігі, «түйткілді-бағдарлы» білім берудің ерекшелігі сол, студенттер проблемалармен бетпе-бет келіп, инновациялық ойлау арқылы оларды ғылымның түрлі салаларынан алған білімін пайдалана отырып шешеді. «MDP Global Classroom» бағдарламасын алатын болсақ, ол еңбек нарығының талаптарына негізделген. Бағдарлама шамамен 10 жыл бұрын Колумбия университетінің Жер институтында жасалып, әуел бастан 4 компоненттен тұрды. Біріншіден, компьютерлік технологиялар «MDP Global Classroom» бағдарламасына біріктірілді: бұл – студенттік онлайн-ынтымақтастық және онлайн-оқыту (E-learning and M-learning) компоненттері. Екіншіден, бұл назарды тек қана жоғарыдан төменге қарай оқуға ғана емес, ғалымдар мен студенттер, магистранттар мен зерттеушілер, студенттер мен бизнесмендер арасындағы диалогқа аударуымен ерекшеленеді. Соңғысы: бұл өте маңызды – студенттер мен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы байланыс. «MDP Global Classroom» бағдарламасының үшінші компоненті – практикалық бағдар. Яғни, теорияға аз уақыт беріліп, практикаға мейлінше көбірек көңіл бөлінген (оқытудың 60 пайызына дейін). Студенттер негізінен жобалар жүйесімен және кейстік оқу форматында жұмыс істейді (кейс-стади). Мысалы, жоба менеджменті, экономикалық білім, экологиялық мәселелерді білу, мемлекеттік басқару және менеджмент жүйелерін білу, т.б. Осы дағдылар барлық мәселелерді шешуге және жаңа бизнес-модельдермен жұмыс істеугде қолданылады.

Мен әдетте мәселені шешуде осы сызбадағы ретке сүйенемін:


«MDP Global Classroom» бағдарламасының төртінші компоненті – студенттерді жеке емес, халықаралық топтарда жұмыс істеуге үйрету. «Гарвард Business Review» журналының жариялаған зерттеулерге қарағанда, болашақта мамандар виртуалды қызметтің көмегімен экономикалық мәселелерді әртүрлі елдер мен континенттерде тұрып шеше алады. Мысалы, Қазақстандағы инновациялық интеграция немесе инновациялық технологиялар проблемаларын алайық. Автокөліктерді құрастыру АҚШ-та жүруі тиіс, бірақ қазақстандық мамандар оны жергілікті жағдайға бейімдеуі керек делік. Оған қоса, Германия мен Қытайдан компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз ететін технологтар қызметіне де жүгінбек. Міне, осы жағдайда сандық экономиканы меңгерген мамандар мен виртуалды әлемнің қызметі көмекке келеді. Болашақта Қазақстандағы бизнес-жобалар ландшафты ұлғая түспек: «Тесла» сияқты электр машиналарынан бастап, «Alibaba» сияқты сандық технологияға дейін, күн станцияларынан бастап, фармацевтикалық өнімдерді «ақылды өндіруге» дейін жалғаса бермек. Адамдарға «виртуалды цифрлы» командалармен жұмыс істеуді, жаңа сандық платформалардың барлық мәселелерін ұйымдар мен корпорациялар арқылы шешу дағдыларын үйрету қажет.

– Әлемнің экономикалық дамуының негізгі тренді қандай деп ойлайсыз?

– 2015 жылы БҰҰ-ның «Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ)» деп аталатын 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданды. ТДМ 17 мақсаттан тұрады. Онда: экожүйелерді сақтау, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, «ақылды қала» жобаларын дамыту және инновациялық «цифрлық трансформацияны» қолдау сияқты мәселелер қамтылған. Мақсаттың әрқайсысына 15 жыл ішінде қол жеткізу көзделген. Бұл дегеніміз, бізге жергілікті, аймақтық және ұлттық деңгейдің бәрінде білікті мамандар қажет деген сөз. Ендеше, инновациялық потенциалы, шығармашылық белсенеділігі жоғары, креативті, тұрақты дамуды және саяси-әлеуметтік, экологиялық ресурстарды тиімді пайдала алатын жас стартаптардың әскері жасақталуы тиіс.

Қазақстанғдағы мемлекеттік саясат пен экономикалық дамудың қарқыны әлсіремесе, онда Жаңа білім беру технологиялары арқылы ТДМ мәселелері оң шешімін табады. Жаңа көзқарас жаңа ойлау әдісін, жаңа ойлау әдісі жаңа мамандардың болуын талап етеді. 2019 жылдың сәуір айында БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты агенттігі (APR) өз баяндамасын жариялады. Онда өңірде «Тұрақты Даму Мақсаттарын» іске асыру үшін $1,5 триллион доллар қажеттігі айтылады. Бұл дегеніміз, жастар үшін жүздеген мың жаңа жұмыс орындары ашылып, оларды мамандандыруға керемет мүмкіндік туады деген сөз.

– «MDP Global Classroom» бағдарламасына кімдер мүше бола алады?

– Біз бағдарламаға мүшелікке «Тұрақты даму мақсаттарының» негізгі бағыттарын – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемаларды терең білетін және ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын магистранттарды аламыз. Таңдауымыз креативті, ізденімпаз және өз ісіне жауапты жастарға түседі. Сондай-ақ, топтарда жұмыс істей білуді, төрт негізгі бағыттағы мәселелерді креативті шешуді қамтиды. Біріншіден, біздің білім беру әдісіміздің басты ерекшелігі – «жұмыс орнында оқыту» (WBL). Біз жастарды әлемдік тәжірибені зерделеуге және практикалық мәселелерді шешуге жұмылдырамыз. Айталық, біз бірнеше жыл бойы Қазақстандағы тұрақты көлік дамуын зерттеп, тиімді әлемдік үлгілерді сараладық. АҚШ, Канада, Франция елдерінің көлік қозғалысын оңтайландыруға бағытталған тәжірибелерімен танысып, «Biking habitat» («Велосипедпен жүру ортасы») секілді ірі жобаларына қатыстық. Екіншіден, біздің магистранттар төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керектігінің талап-ережелерін жасап шықты. Адамның жеке басына қауіп төнгенде смартфон сияқты заманауи технологияларды дұрыс қолдана білудің өзі үлкен өнер. Төтенше жағдай жер сілкінісі мен селден ғана тұрмайды. Ауаның ластануы нормадан асып түссе, аллергиясы бар адамдар мен организмі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін қауіпті. Міне, осы жайында тұрғындарды заманауи құралдар арқылы хабардар ету де маңызды. Біз смартфондарға арналған бағдарламалар мен олардың қосымшаларын әзірлеудің жаңа тәсілдерін, идеялар ұсындық. Үшіншіден, магистранттар қаланың қоршаған ортасын тазарту бойынша инновациялық жобалар жасайды. Мысалы, ағынды суларды тазарту, қураған жапырақтарды жою және т.б. Төртіншіден, олар студенттік стартаптарда да жұмыс істейді. Ондағы негізгі мақсат – экологиялық таза өнімдерді пайдалану. Мұның бәрі Қазақстандағы тұрақты дамуға қосып жатқан шағын ғана үлесіміз, қалаған кірпішіміз.


– «MDP Global Classroom» бағдарламасының магистранттары қандай нәтижелерге қол жеткізді?

– Жыл сайын магистрлеріміз ұлттық және халықаралық конкурстарға қатысып, аймақтардағы су ресурстарын сақтау жобаларында мәре сызығын бірінші болып кеседі. Ең үлкен табысымыз – БҰҰ-ның Академиялық ықпал ету байқауында (UNAI) жеңіске жетуіміз (2-орын). Сондай-ақ біздің шәкірттеріміз 2016 жылы АҚШ-тағы Клинтон қоры ұйымдастырған байқауда жартылай финалына шықты. Алматы қаласының әкімдігі, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік (ТДҰА)» АҚ-ы, Дүниежүзілік банк және тағы басқалар ұйымдастырған жобаларда жеңіс тұғырынан көрініп келеміз.

– Шәкірттеріңіз «5 институционалдық реформаларды жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты ұлт жоспарына қандай үлес қосуда?

– «5 институционалдық реформаларды жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» ұлт жоспары – Қазақстанда адами ресурстар мен адами капиталды барынша тиімді пайдаланудың маңызды бағдарламасы. Бірінші бағыт: әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемаларды еңсеру. Бірақ бұл үшін бізге жаһандық деңгейдегі мәселелерді шешу тәжірибесі бар мамандар қажет. Екінші бағыт: магистранттар «5 институционалдық реформаларды жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» ұлт жоспарын іске асыру үшін заманауи технологиялармен жұмыс істеу, креативті ойлау, жаңа тәсілдермен жұмыс істеу дағдыларына бейімделуі тиіс. Егер қордаланған мәселелерді ескіше  шешсеңіз, онда бұл өте ұзаққа созылатын процесс және қымбатқа түсетін болады. Біз жылдам және тиімді шешімдерге әкелетін жаңа әдістерді креативті түрде табуымыз керек. Үшіншіден, мемлекеттік басқарудың ерекшеліктерін білу маңызды. Сондықтан да біз магистранттарды Қазақстанда және Қазақстан үшін оқытудамыз. «Болашақ» бағдарламасынан айырмашылығымыз да осы. «Болашақ» бағдарламасының студенттері халықаралық тәжірибені және оны  Қазақстанда қалай қолдану керектігін үйренеді. Ал, «MDP Global Classroom» бағдарламасының басты ерекшелігі мен артықшылғы сонда, Қазақстанның өз ішіндегі проблемаларды өз тәжірибесіне сүйене отырып шешуге бейімдейміз. Бөтеннің аты – бөтен, бөгенайы бөлек. Реалды уақыт пен кеңістікті сезінудің артықшылығы басым.

– Сонымен, оқу орнын, мамандықты қалай дұрыс таңдауға болады?

– Әрине, таңдау мен табысқа жетудің әмбебап формуласын табу өте қиын. Бірақ, менің ойымша, білім беру «мамандықтан» «дағдыларды» оқытуға қарай ауысып келеді. Басқаша айтқанда, біз болашақтың негізгі бағдары – 4.0. экономикасына қатысты білімді алуға назар аударуымыз керек. Норвегияның бұрынғы премьер-министрі Сальмидің айтқандай, «білім – мұнай дәуірі аяқталғанан кейін басты байлыққа айналады». Сондықтан терең білім үнемі сұранысқа ие.