Сенімді өкілдер – сапарда
Сенімді өкілдер – сапарда
421
оқылды

Кәсіподақтар атынан президент сайлауына түсіп жатқан Аманкелді Таспиховтың аймақтық қоғамдық штабының өкілдері Шымкент қаласындағы Саз колледжі еңбек ұжымымен кездесті. Білім ордасында 446 студент оқиды. Оларға 153 оқытушы және оқыту-шеберлері білім береді.

Мұнда әнші, музыкант сияқты өнер саласының 11 мамандығы бойынша ма­мандар даярланады. 150 адам қатысқан жиында колледж «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі

төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орын­басары, үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов үміткердің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, сайлауға қатысуға және кәсіподақтан ұсынылған үміткерге дауыс беруге шақырды. Кан­дидат Таспиховтың еңбек жолы мен халық үшін жасаған қамқор істерін баяндап берді.

Кәсіподақтың «Келешек» жастар қанатының мүшелері халыққа насихат парақшалары мен кандидаттың сай­лауалды бағдарламасы бар кітапшаларын таратты. Шымшаһардағы орталық сая­бақ, алаңдар мен аллеяларды аралап, темір жол вокзалы, сауда орталықтары сияқты халық көп шоғырланған орын­дарда азаматтарды сайлауалды материал­дармен таныстырды.

 Үміткер Аманкелді Сатыбал­дыұлының Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабының ұйымдастыруымен тігін цехында сайлауалды кездесу өтті. Жеке кәсіпкер Сапарбек Әбдиевтің киім тігу цехында өткен жиынға 88 адам қатысты. Жүз шақты адамға екі қолға бір күрек ұсынып отырған кәсіпорын түрлі ерлер, әйелдер, балалар киім үлгілерін тігіп, жергілікті нарыққа және еліміздің өзге де аймақтарына тауар жөнелтуде. Кездесуді мекеме басшысы Са­парбек Абдиев ашып, елімізде өтетін сай­лаудың маңызын түсіндіріп, әріп­тестерін дауыс беру құқын тиімді пайда­лануға ша­қырды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төра­ғасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов үміткердің өмір­баянымен, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауап­кершілігін арттыру бойынша үміткер ұсыныстарын ортаға салды.


Айдана БЕГІМ