Әлем бойынша әскерге ең көп қаржы бөлетін ел белгілі болды
Әлем бойынша әскерге ең көп қаржы бөлетін ел белгілі болды
Фото: Интернеттен алынды
660
оқылды
Стокгольм Бейбітшілік зерттеу институтының (SIPRI) дерегінше, былтыр әскери салаға ең көп қаржы жұмсайтын елдердің көшін АҚШ, Қытай, Үндістан, Ресей және Сауд Арабиясы бастады. Бұл рейтинг әлем елдерінің 2019 жылы әскер әлеуетін көтеруге жұмсаған шығынды есептеу арқылы жасалған. Рейтинг алғашқы бестіктің өз арасында бәсеке жүріп жатқанын көрсетеді. Себебі 2018 жылы әскери салаға қомақты қаржы құйған елдер арасында төртінші орында тұрған Үндістан 2019 жылы үшінші орынға көтерілген. Бесінші орындағы Ресей де бір саты жоғарылап, төртінші орынға тұрақтаған. Ал 2018 жылы үшінші орында  болған Сауд Арабиясына бесінші орынды місе тұтуына тура келді. Әзірге АҚШ пен Қытайға жеткен ел жоқ. АҚШ 2018 жылы 649 млрд, ал былтыр 732 млрд доллар жұмсаған. Қытай 2018 жылы 250 млрд доллар шығындаса, былтыр 261 млрд доллар бөлген. Үндістан былтыр 71,1 млрд, Ресей 65 млрд, Сауд Арабиясы 61,9 млрд доллар жұмсаған. Үш ел де бұл салаға бөлінетін қаржыны 2018 жылға қарағанда айтарлықтай көбейткен. Қазақстан SIPRI рейтингінде әскери салаға қомақты қаржы құйған 40 елдің қатарына енбеген, 2015 жылы жүргізілген зерттеуде 63-орында тұрған деген дерек бар.