Спасск кентінде 1930-1950 жылдары КСРО Ішкі істер халық комиссариатының бөлімшелері, сондай-ақ әскери тұтқындарға және қамауға алынғандарға, КСРО қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарына арналған лагерь орналасқан. Архив мәліметтері бойынша, Спасск зиратында 5000-нан астам адам, 50-ден астам ұлт өкілдері жерленген.
Митингке қатысушылар тоталитаризм жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған адамдарды, тарихымыздағы ең қайғылы кезеңді еске алу үшін жиналды. Қарағанды жерінде тоталитарлық жүйенің жарқын нышанына айналған Карлаг қана емес, сонымен қатар басқа да лагерлер болды.
Митингке Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Украина, Чехия, Корея және Румынияның Төтенше және өкілетті елшілері, Қырғызстан, Франция, Иран және Жапония елшіліктерінің өкілдері қатысты.
– Бүгін мұнда түрлі ұлт өкілі жиналды. Мұнда тұрған әрбір адамға қайғы ортақ және біз бұл тарихи оқиғаны ұмытуға құқығымыз жоқ. Сол кездегі Қазақстанның көрнекті қайраткерлері құрбан болды. Олардың ішінде біздің жерлесіміз Сәкен Сейфуллин де болды. Биылғы жылы оның туғанына 125 жыл толады. Ақынға және сол қасіретке толы дәуірдің барлық құрбандарына мәңгілік естелік, – деді Ерлан Қошанов іс-шараның ашылуында.
Аймақ басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін кезеңін «Ең ірі гуманитарлық апат» деп атап айтқанын еске салды.
Қызыл қырғынның құрығына түрлі ұлт өкілдері ілінді. Қаншама мыңдаған тұтқындар азапталды, тар жол тайғақ кешті. Бүгінгі митингке әр түрлі ұлттың елшілері арнайы келді.
–Украин халқы – Сталиндік қудалау мен қырғында ең көп азап шеккен, қиындық көрген халық. Өткен күннен жүрегімде үлкен дақ қалды. Еске түссе, еңсем түседі. Қабырғам қайысады. Мен ата-әжемнің, аға-әпкелерімнің ізі қалған жерде тұрмын, – деді Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба.