Мемлекет ұсынған мүмкіндік
Мемлекет ұсынған мүмкіндік
329
оқылды

Назым Анарбекқызы – мемле­кеттік қолдау арқылы кәсібін бастаған, «Бизнес-кеңесші» жобасының қатысушысы. 26 жастағы кәсіпкер Қызылорда қаласында төсеніш тастар (брусчатка) мен тротуар плиталарын дайындайтын цех ашу үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарламасы аясында 10 миллион теңге алған. Бастапқыда бұл кәсіпті Назымның әкесі қолға алыпты, алайда жарнама­ның жеткіліксіздігі мен қаржының аздығы бизнестің құлды­рауына себепші болған. Негізгі мамандығы мұғалім екеніне қара­мастан, Назым әкесінен күрделі кәсіптің техникасын үйреніп, жұмыс­ты жалғастырып әкетеді. Тіпті бірнеше жыл төсеніш тасты қалай дайындау керегін білу үшін қалыпқа өзі құйып көреді.

− Көбіне мұндай кәсіп түрімен ер адамдар айналысады, бірақ мен тәуекел еттім. Мемлекеттен берілген қаржыға тасымалдау көлігін, дірілдеткіш құрал, түрлі қалып, өзге де қажетті дүниелерді сатып алып, бес адамды жұмысқа қабылдадық. Одан бөлек, төсеніш тасты құятын арнайы бөлменің (бокс) құрылысын бастадық, оның ішінде жылы еденнің болуын қарастырдық. Себебі, біз тұрғындардан тек жаз айларында ғана тапсырыс қабылдай­мыз, қысқы маусымда қоспа қатып қалатындықтан, жұмысты тоқтатамыз. Осы жылдан бастап арнайы бөлмеде қыс кезінде де тапсырыс алатын боламыз, – дейді ол.