Сәуле Парманова, Әуезов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: Көлеңкелі экономикамен күрес – басты міндет
Сәуле Парманова,  Әуезов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: Көлеңкелі  экономикамен күрес –  басты міндет
344
оқылды

– Сәуле ханым, тері бұйым­да­рын таңбалау дегеніміз не? Ол қалай жүзеге асады?

– Біз тері бұйымдарын таңбалау алгоритмдерін кәсіп­керлерге көрсетіп, түсіндіреміз. Қазақстан шекарасынан бізге қарай өткен әрбір тон міндетті түрде таңбалануы керек. Ол тауарларды бақылау үшін ілінеді. Ресейден келген тауарларға қызыл түсті таңба қойылса, өзіміздің өнімдер жасыл түспен таңбаланады. Таңба киімнің астарындағы тігіске жабысты­рылады не болмаса киімді ілетін ілгішіне ілінеді.

– Қандай аң терілерінен жасалған киімдерге таңба жапсы­ры­лады?

– Тауардың жеті түрі болады – қара күзен, кәмшәт, ақ түлкі немесе түлкі, қоян немесе үй қояны, жанат, қой терісінен тігілген киімдер бар. Бұлардың барлығы – 4 303 СЭҚ ТН тобына жататын тері бұйымдары. Осы тауарлардың тізіміне қолғаптар мен бас киімдер жатпайды. Яғни, аталған аң терілерінен қолғап, бас киім, әртүрлі жағалар ғана тігілген болса, таңбалау мін­деттелмейді.

– Сонда мұндай процестің мақсаты не?

– Қазір шет мемлекеттерден, Қытайдан түрлі тері бұйымдары келіп жатыр. Оның кейбіреуі өлі аңдардың терісінен жасалады. Ал оларды іріктеп, сұрыптап таңбалау арқылы тауардың сапасын айыруға мүмкіндік туады. Мәселен, сіз дүкеннен бірнеше мың доллар тұратын қымбат тон сатып алдыңыз делік. Бірақ үйге барып қараған кезде оның шын мәнінде сапасы төмен, арзанқол киім екенін байқайсыз. Алайда ақшаңызды төлеп қойғандықтан, саудагермен қайта дауласу қиынға түседі. Дәлелдеу оңай емес. Ал ілінетін таңбада қандай аңның терісінен жасалған, сапасы қандай, қай жерде өндірілген бәрі көрсетіліп тұрады. Осы деректерді көру үшін телефонда арнайы қосымша бар. Соның камерасымен штрихкодты түсірер болсаңыз, киім туралы барлық мәліметті жарқ еткізіп шығарып береді.

– Мұндай өнімдерді бақылау­дағы мемлекеттік кірістер басқар­ма­сының рөлі қандай болып отыр?

– Қазір ешқандай тексерусіз шет елдерден түрлі өнімдер өтіп кетіп жатыр. Мұны әдетте көлеңкелі экономика деп сипат­таймыз. Осы ереже аясында таңбасы жоқ тондарды шекара­дан өткізбеу керек. Таңбасыз өтіп кеткен күнде де екі күн ішінде кәсіпкер есеп беріп, жоғары жаққа өтінім жіберуі керек. Қазір бұл мәселемен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы айна­лысады. Кәсіпкерлер бақылау таңбасын алу үшін алдымен GS1 қауымдастығына тіркелуі қажет, өйткені тіркеусіз GTIN нөмірін алу мүмкін емес. Кәсіпкер арнайы құпия сөзін білгеннен кейін «Атамекен» сайтындағы жеке кабинетіне кіріп бұйым­дарының барлығын тіркеп шығады. Әр жеке кәсіпкердің таңбалау сайтында жеке кабинеті болады, онда барлық таңбаланған тауарларға есеп жүргізіледі. Кәсіпкерлер бұл тауарларға қатысты әрбір әрекеті сайт арқылы таңбалау жүйесінде (АЖ таңбалауында) ашық болатынын ескеруі тиіс. Ал бір тонға бақылау (сәйкестендіру) белгісін жасау (310 теңге) және дербестендіру (90 теңге) барлығы 400 теңге болады. Содан кейін емін-еркін сата берсе болады. Әрбір сатылған тауарды жеке кәсіпкер электронды тізімнен шығарып отыруы қажет. Тиісінше, әрбір сатылған тонның есебінен 3 пайыз (Оңайлатылған деклара­ция негiзiндегi арнаулы салық режимi) салығы мемлекеттік бюджет қазынасына түседі. Яғни, бұл бастаманың мақсаты – көлеңкелі экономиканың жолын кесу.

– Әуезов ауданы аймағындағы кәсіпкерлермен қалай жұмыс істеп жатыр?

– Біздің аудан бойынша 13 кәсіпкер тіркелген. Оның біреуі шетелден 30 тон алып келгенімен, оның бірде-біреуін тіркемеген күйінде сатпақшы болған. Біз соны анықтап, әрбір тонға таңба алдырып, тіркеттік. Grand Park сауда үйінде, Тигрохауд жабық базар ішінде тон бұйымдарын сатумен айналысатын кәсіп­керлеріміз бар. Әрқайсына барып түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Ешбірі қарсы келген емес. Барлығы бұл мемле­кеттік саясатқа түсі­ністікпен қарап, ереже аясында жұмыс істеп жатыр. Қазір біздің аудан­дағы сауда нүктелерінің бар­лығында дерлік сатуға шығарыл­ған тондарда таңба ілулі тұр. Бұл әрине, тиісті түсіндіру жұмыстарының нәтижесі. Кей кездері өзіміз, кейде «Нұр Отан» мамандарымен бірге көрнекті бақылау шараларын өткізіп тұрамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!