Тәуелсіздік сарайында «Сиқырлы бояулар әлемі» атты жас қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті.
Шараның өткізілуіне мұрындық болған – «Есіл» балалар көркемөнер мектебінің шәкірттері. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы ұстанған ұстаздар мен Тәуелсіздік сарайының ұжымы кішкентай таланттарды қолдау мақсатында осы шараны ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамы мен патриоттық тәрбиесін қалыптастыру.
Көрмеге 5-16 жас аралығындағы өнерпаздардың көздің жауын алатын 120-дан астам туындысы ұсынылған. Олардың барлығы бейнелеу өнерінің түрлі жанрын қамтып жасалған. Жас суретшілер түрлі техниканы пайдаланып, қағаз бетіне әсем көріністі ерекше талғаммен, асқан шеберлікпен өрнектеген. Атап өтсек, мұнда кескіндеме, графика, мүсіндеменің түр-түрі қаз-қатар тізіліп тұр. Жеткіншектердің талабы мен өнері қуантады. Көрмедегі әр туындының һас шеберлікпен орындалғаны сөзсіз. Оның дәлелі – көрмеге келген қауымның ыстық ықыласы. Шараны тамашалауға келген кеш қонақтары таңданысын жасыра алмай, әр туындыны жоғары бағалап өтті.
– Көрмеде ұсынылған әр туынды – айрықша. Көрмеден ерекше әсер алдым. Себебі, әр жеткіншек туындысын өте жоғары деңгейде орындаған. Бояулар ашық, түстер композициясы үйлесімді. Бүлдіршіндерге айтарым, осы беттен қайтпай, көп еңбектеніңдер. Өнер жолында нәтиже еңбекпен келеді. Болашақта туындыларыңды әлемдік деңгейдегі көрмеден көрейік, – деді Суретшілер одағының мүшесі Еркінбек Есімов.
Көрмеде ұсынылған әр картинаның өзіндік мағынасы бар. Бірі Отанға деген махаббатты бейнелесе, екіншісі қоршаған ортаның ғажап көрінісін суреттеген. Әр өнерпаздың ерекше қолтаңбасы бар. Десе де, оларды біріктірген ортақ дүние бар. Ол – өнер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткізілген көрме – ата-ана, ұстаздар және жас шеберлердің ортақ жемісі. Себебі, бұл бір күнгі еңбектің көрінісі емес. Осындай көрме өнерпазға мотивация мен толассыз шабыт сыйлайтыны сөзсіз.
Иә, шынымен де, жас өнерпаздың көзінен «менің қолымнан келедіні», ата-анадан зор мақтанышты аңғармау мүмкін емес. Бүгінгі картина авторларының ішінде Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев сынды қазақ сурет өнерінің алып тұлғаларының ізбасарлары шығады деген сенімдеміз.
Iнжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ