Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдегенде, Елбасының тарихи шешіміне қазақстандықтар қимастық танытқанымен, қолдау көрсетіп, сын сәтте ауызбіршілік танытты. Көпшіліктің көкейінде «Енді қалай болар екен?» деген сұрақ тұрғаны анық. Қазақстанда билік транзиті заң шеңберінде, демократиялық үрдістерге сай бейбіт жағдайда өтті. Халқымыз сабырлы қалпын сақтап, биліктің ауысуын қалыпты қабылдады. Елінің қамын, бейбітшіліктің бұзылмауын ойлаған дана шешімі үшін, оған деген туған халқының сүйіспеншілігі де арта түсті. Әлем саясаткерлері Елбасының парасаттылығымен көрегендігін мойындады.
Кеңес өкіметі тарқаған жылдардағы қиын-қыстау шақтан елді алып шыққандығы, мемлекет шекарасының шегенделуі және әсем қала елорданың кірпішін қалап, әлем таныған Астанаға айналдыруы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының салынуы т.т. Аталған тарихи жұмыстар мен ерен еңбегінің құрметін өз көзімен неге көрмеске?
Осыған орай, еліміздің ірі қалаларында орталық көшелер мен даңғылдарға, алаңдарға Тұңғыш Президенттің есімі берілді. Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облысының өркендеуі де, Арал мәселесі де Елбасы Н.Назарбаевтың ерекше назарында болып, орасан зор жұмыстар атқарылды. Елбасының сөзімен айтсақ «Сыр – Алаштың анасы». Облыстың өркендеуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы қызметі қандай құрметке де лайық.
Егемен елдің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Тәуелсіз елімізге жасаған өлшеусіз еңбегін ұрпақ есінде, тарихта мәңгі қалдыру мақсатында Қызылорда облысы Жаңақорған кентінің төріндегі Тәуелсіздік даңғылын Нұр-Сұлтан даңғылы деп қайта атау жөнінде кент ардагерлері атынан ұсыныс білдіреміз. Себебі, Нұр-Сұлтан мен Тәуелсіздік – егіз, ажырамас ұғым.
Кенттегі Нұр-Сұлтан даңғылы өсіп келе жатқан жастардың көкірегінде патриоттық рух, Отанға деген сүйіспеншілік туғызары сөзсіз. Рухани жаңғыру дегеніміз осы болса керек. Орталықтағы тәуелсіздік жылдары салынған алаңды «Тәуелсіздік алаңы» деп атауға ұсыныс енгізген жөн деп санаймын. Ұсынысымызды көпшілік қолдайтынына сенемін.
Ұсынысымыз, 2018 жылдың 9 тамызындағы Облыстық ономастика комиссиясы отырсының қорытындысы (№3, 14 комиссия мүшесі қол қойған) бойынша жасалып отыр. №3 хаттаманың 5-тармағында облыстық ономастика комиссиясы Жаңақорған ауданы әкімдігіне Жаңақорған кентіндегі атауы жоқ көшеге (санаторияға барар жол деп көрсетілген) Астана атауын беру ұсынылады деп көрсеткен. Сондықтан облыстық ономастика комиссиясы қорытындысын, халықтың пікірін ескере отырып ұсыныс қабылданады деген пікірдемін.
Мырзажан ЖАКИПОВ,
Ардагер ұстаз,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы