ПРЕЗИДЕНТТІҢ ШЫНАЙЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫ
2001 жылдың шілдесінде әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов зайыбы Қазақстанның халық артисі Қорлан Қалиламбековамен Қостанайдағы «Сосновый бор» санаторийіне демалуға келді. Сонда Марфуға екеуіміз барып, таныстық. Марфуғаның Әзірбайжан ағадан алған сұхбаты «Қостанай таңы» газетінің сол жылғы 24 шілдедегі санында жарияланды.
Ағамыз сол сұхбатта «Аяулы жарым Ғазиза Жұбанова ауырып жатқанда Н.Назарбаев келіп: «Қандай көмек қажет?» деп сұрады. Қатты қиналып жатқан Ғазизаға өкпеге ауа жеткізетін Қазақстанда жоқ бір аппарат керек еді. Ол тек шетелде бар екен, бағасы өте қымбат. Нұрекең соны алғызды. Ажал мен өмір айқасып жатқанда әлсіреген адамның тамағына тамшы су әкеліп тамызғанмен бірдей ғой бұл. Менің Ғазизам да соңғы сағаттары мен минуттарында қатты риза болып жатты. Сөйтсек, ол Ресей президенті Борис Ельциннің аппараты екен деп еске алған еді.
Әзірбайжан Мәмбетов Алматыда жұмыссыз қалғанда Президент Астанаға шақырып, жұмысқа орналастырған. Оған Халық қаһарманы атағын беріп, рухын көтерді. Әйгілі композитор Ахмет Жұбанов пен қызы Ғазизаның музейін аман сақтап қалған. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы және басқа да жасаған жақсылықтарына Әзірбайжан аға өле-өлгенше риза болып кетті.
Асылын қадірлей білген Елбасының игі істері біздегі министрлерге, әкімдер мен бастықтарға, басқа лауазым иелеріне үлгі болса екен деймін. Талантты, дарынды дұрыс тани біліп, оларға тірі кезінде құрмет көрсете білейік!
ҰМЫТЫЛМАС ЕКІ КҮН
Өмірімде көптеген жампоз-жайсаңдармен танысып, әңгімелесіп, араласып, асылдардың ғибратты ғұмырларынан үлгі алып, солардың ізгі қасиеттерін бойыма сіңіруге ұмтылдым. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов мен үшін сондай жандардың бірегейі, ерекше тұлға.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің атына ес білгеннен бері қанықпын. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен-ақ жазушының «Қан мен тер» триологиясы бүкіл елдің назарын аударғанын байқап едім. Кең көріністі, терең мағыналы, шоқтығы биік аталған еңбегі арқылы Әбдіжәміл ағамыздың атағы аспандап, мерейі көтерілді. Сол арқылы қазақтың да аты шықты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы іспеттес ұлтымыздың абыройын әлемге асқақтатқан кесек, ірі туынды десек, қателеспейміз. Халқымызға ұнағаны соншалық, тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе жерінде «Қан мен тер» триологиясының кейіпкерлеріне ескерткіш қойылуы – соның жарқын нышаны.
Даңқы бұрынғы Одаққа, шет елдерге жайылған Әбдіжәміл Нұрпейісов 2001 жылдың 3 қазанында Қостанай жеріне келді. Әуежай басында облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов бастаған топпен қарсы алып, екі күн бойы бірге жүрдік. Сол екі күн жадымда өшпестей болып жазылып қалды. Қаланың көрікті жерлерін тамашалап, Ыбырай Алтынсарин музейін көріп, Бейімбет Майлин мен Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіштеріне тағзым еттік. «Осындай асылдарымызды бағалай білуіміз керек. Бұл – елдігіміздің белгісі» деген жазушы тебіреніп.
Қонақүйде жанында болып, түн ортасынан асқанша, келесі күні таңертең шай үстінде, әуежайға барғанша Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қызықты, тағылымды әңгімесін ұйып тыңдап, көкірегіме күн нұры құйылғандай болды. Қолтаңба жазып, «Соңғы парыз» кітабын ұсынды. Қазақтың беткеұстар асылы сол жылы 77 жаста еді. Қазір әдебиетіміздің абызы атанып, қартайса да қолынан қаламын түсірмей, қайраткерлік танытуда. Өмірбақи қажымай, талмай жазып келеді. Әбдіжәміл ағамыз зейнетінен бейнеті көп жазушылықты тастамай, ұлтымыздың намысын жоғары көтеріп, әдебиетке адалдығын көрсетуде. Оның әдебиет саласындағы еңбексүйгіштігі кімге болса да үлгі. Бәріміз соны үйренуіміз керек. Егер қазақ тілінің телегей-теңіз байлығынан нәр алғыңыз келсе, оның тұнық айдынында шомылғыңыз келсе, сізге Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларын оқыңыз деп кеңес беремін.
ҚҰНАНБАЙ – ДАРА ТҰЛҒА
Жазушы Рамазан Тоқтаров «Ертіс мұхитқа құяды», «Тұлпардың сыны», «Ғасыр наны» т.б. кітаптары арқылы оқырманға кеңінен таныс. 2000 жылдың 29 маусымында Мәскеуде операция жасап, Қостанайдағы журналист қызы Бақытқа келіп, «Қостанай таңы» газетінің редакциясына кірген еді. Сол кезде қызымыз Сандуғаш университет бітіріп, диплом алып, той жасау қамына кіріскенбіз. Сол тойда Рамазан аға зайыбымен бірге болып, игі тілегін білдіріп еді.
Рамазан Тоқтаров алдында «Абайдың жұмбағы» романын жазған. Аталған қалың кітабын қолтаңбамен маған сыйлады. Бала Абай, дана Абай жайлы, әкесі Құнанбайдың мүлдем басқа адам, яғни жақсы адам болғаны туралы оқып, үлкен жаңалық ашқандай болдым. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында ұлы ақынды әлемге таныту үшін және социализм заманының талаптарына байланысты әкесі Құнанбайды жағымсыз кейіпкер ретінде көрсетуге мәжбүр болды. Бізге ұстаздарымыз да, ғалымдар да осылай деді. Шын мәнінде, Құнанбайдың озық ойлы, елінің тәуелсіздігін аңсаған, халқына жаны ашыған адам болғанын сол кездің өзінде үлкендер айтатын. Кенесарының Ұлт-азаттық көтеріліс жылдарында оның әскеріне жасырын аттар, азық-түлік, қаржылай көмек көрсеткені жайлы да әңгіме шертіледі. «Әкеге қарап ұл өсер» деп халқымыз айтқандай, Абайдың данышпан, философ, ойшыл болуына да әкесі Құнанбайдың өнегелі, ақылды тәрбиесі әсер етті деп санаймын.
Рамазан Тоқтаровтың осы шығармасы дәл өмірден өтер алдында Мемлекеттік сыйлық алды. Ағаға ақтық демі бітер кезде, 2000 жылдың 13 желтоқсанында мұны жеткізіпті. Ол көз жұмар алдында бас еңбегінің әділ бағаланғанын біліп кетті. Құнанбайды басқа қырынан ашып, оның жарқын, дара тұлға екенін елге танытқан, Абайдың өсіп-өрлеу кезеңін, қайраткерлік бейнесін шебер сомдаған жазушы талантының алдында тағзым жасағым келеді.