Алпауыттардың айқасы
Алпауыттардың айқасы
496
оқылды

Біз бәсекеге құрылған қоғамда өмір сүреміз. Кеңістік түрлі рейтинг, статистика, цифр мен технологияға толы. Pepsi мен Coca-Сola, Nike пен Adidas, BMW мен Mersedes, Google мен Apple, iPhone мен Samsung арасында бітпейтін өзара бәсекелестік бар. Соңғы кезде телефон текетіресіне Huawei қосылды. Үштіктің жыл сайынғы статистикасы бас айналдырады.

Бұлар да бәйге аттары секілді. Бірде бағы шауып, бірде бабы келмей жатады. Бір күнтезбелік жылда рей­тинг, статистика, цифр сан рет өзге­реді. Арасында оқ бойы оза шауып тұрғандары бар. Десе де, халық оларды салыстырудан шаршамайды.

Бүгінде смартфондар арасындағы бәйге iPhone, Samsung және Huawei арасында өтеді. Huawei-ге дейін Apple мен Samsung 1-2 орынды бөлісіп кел­ген. 2018 жылғы әлемдік сатылым көр­­сеткіші бойынша Huawei Apple ком­паниясының 2 орынын иемден­ген. Сөйтіп, 2019 жылдың аяғына қарай Samsung-тың орнын басқысы келеді.

 

Samsung

Samsung – тәжірибе жасауға бейім смартфон. Жанкүйерлеріне жыл сайын тосынсый жасаудан жалық­пай­ды. Samsung-тың сапасына күмәнмен қарайтындар көп болғанымен, нарық­тағы 1-орынды ешкімге бермей келеді.

Samsung – жан-жақты жұмыс іс­тейтін компания. 400 мың теңгеге де, 40 мың теңге де смартфон сатып ала аласыз. Apple жылына бір ғана смарт­фонға таныстырылым жасаса, Samsung ай сайын құлаққағыс жасайды. Мысалы, қаңтар айында А сериялы смартфон таныстырылса, наурызда S8, S8+ флагманы ұсынылады. Мамыр мен маусымда J сериясының девайсына мән берілсе, тамызда
Galaxy Note 8-дің топ-таныстырылы­мы өтеді. Компания осындай амалмен нарықтағы атын өшірмейді.

Android жүйесіне мін тағатындар көп. iOS жүйесімен жиі салыстырады. Бірақ iOS пен Android-тың жаңару жүйесінде айырмашылық бар. Sam­sung-тың қосымша құрылғыларын табу да оңай. Қуаттау құрылғысы да жақсы жұмыс істейді. Бірақ зерт­теу­шілер әлі күнге таңданысын жасыр­майды. Бір сұрақ: жұрт неге iPhone-ды жақсы көріп, нарықта Samsung-ті сатып алады?

 

Мейнстрим

Apple – әлемдік бренд. Компания 2007 жылы iPhone смартфонын шы­ғарып, дүниежүзі таңданыс білдірді. iPhone жанкүйерлері жаңа модель шыға салысымен, ескісін ауыстыруға дайын. Құны да құлынды биенің құнынан кем емес. Біз неліктен iPhone-ды жақсы көреміз?

Ыңғайлы әрі функционал. iPhone-ның бастапқы нұсқасында қоңырау шалудың өзі қиындық тудыратын. Кейіннен компания қатесін түзеді. Кейбір зерттеулер қазір функционал­дық жағынан iPhone-нан артығы жоғын көрсетеді.

Техно жетістік. Apple смартфоны бірегейлігімен ерекше. Инженерлер iPhone-ның жаңа түрін жасағанда, ес­кісіне әлдебір элементтерді қосумен шек­теледі. Дизайндағы тістелген ал­ма­ның өзі брендтің әлемдік сатылы­мы­на ықпал етеді. iOS операциялық жүйе­сі смартфон тұтынушыларының көңі­лінен шығады. Тек осы жүйеге бо­ла iPhone ұстайтын адамдар бар. Соны­мен, iPhone-дағы кемшілік қандай?

Ассортимент. Apple жыл сайын iPhone-ның жаңа түрін шығарады. Ескі түрі қолданысқа жарамай қалуы мүмкін. Мысалы, iPhone 5 кейбір кате­гориялар бойынша сатылымнан алынды. Жаңасының ішінен таңдауды 8,8 Plus, Х және Х Max-тің арасында жасайсыз. Бағасы да арзан емес.

Жоғары баға. Негізінен, компания арзан өнім жасамайды. Тіпті Apple кабелінің құнына Android смартфон­да­рын сатып алуға болады. Мысалы, iPhone Xs Max DS құны – 589 900 тг. Егер арзан iPhone сатып алғыңыз келсе, таппайсыз. Өйткені компа­ния­да бюджеттік смартфон жоқ. Бұл – iPhone-ның өзге қарсыластарына қарағанда кемшін тұсы.

Аксессуарлар. iPhone қуаттағышы­ның орташа істеу мерзімі – 1,5-2 жыл. Күтіп ұстай алмасаңыз, жарты жылда бұзылып қалуы мүмкін. Құлаққап та дәл сондай. Бюджеттік нұсқасын сатып алу тиімсіз. Түпнұсқасының бағасы қымбат.

Дегенмен iPhone ұстау – мейнс­трим. Кәрі де, жас та құмар. Түрлі кемшілік пен баға құнына қарап бас тарта қоймайды. Содан болар Apple компаниясына смартфоннан түсетін пайда көп.

 

Huawei

10 жыл бұрын «қытайлық смарт­фон» дегенге күмәнмен қарайтынбыз. Смартфондардың меншік иесі басқа ел болғанымен, жинақтап шығарушы – Қытай. Қазір көп нәрсе өзгерді. Қытай ірі технологиялық державаға айналды. Тек тауар айналымы ғана емес, смартфон өндірісін де дөңгелетіп отыр. Түрлі болжамдарға сүйенсек, бірнеше жылдан кейін Xiaomi мен Huawei Apple смартфонын алмас­ты­рады-мыс. Қазіргі нарықты байқасақ, Samsung пен Apple-ге Huawei-ден сескенетіндей жағдай туып тұр.

Қытайлық мамандар жоғарыдағы Apple смартфоны кемшіліктерін талдай отырып, Xiaomi мен Huawei-ді ойлап тапқан. Бүгінде Алма кор­пора­циясының қауіпті қарсыласына айналды. Қолжетімді бағаның арқа­сында тұтынушылар арасында сұра­ныс артты. Huawei орташа есеппен жылына 100 млн смартфон сатса, Xiaomi 2017 жылы Huawei көрсеткішін бағындырды.

Орта Азия елдерінде Xiaomi мен Huawei жанкүйерлері жетерлік. Таяу Шығыс смартфонға сенім білдірген­дер­­дің қатарынан. Қазақстан нарығын­да да қытайлық смартфондар өтімді.

Технологиялық жетістіктеріне кел­сек, Huawei P20 теңдесі жоқ ка­мерамен жабдықталған. Xiaomi Mi – керамикадан жасалған бірегей кор­пуста жұқа жақтаулары бар бірінші аппарат.

Дегенмен Huawei Оңтүстік Азия, Үндістан және Солтүстік Америка нарығында әлі де әлсіз. Бұл жылдық тауар айналымына әсер етеді.

 

Вашингтон VS Пекин

Bloomberg-тің хабарлауынша, Huawei компаниясының тұтыну бойынша директоры Ричард Йу 2019 жылдың төртінші тоқсанына дейін Samsung көрсеткішін бағындыруға бұйырған. Компания нарықтың 20 пайызын жаулап алуға ниетті. Counterpoint Research дерегі бойынша, бүгінде Huawei 15 пайызды еңсерді. Samsung 20 пайыздық көрсеткішке оңайлықпен жеткен жоқ. Әрі бірнеше жыл қатарынан тізгінді жібермей отыр. Huawei барын салып жатыр. Қытайлық компанияның қауқары жететін сыңайлы. Өйткені 2016 жылы Йу компанияға «Apple-дің 2-орнын аламыз» деп талап қойған. Нәтижесіне таңғалмасқа болмас.

Дегенмен қарсыласты бағаламауға болмайды. Көрсеткішті көбейтемін деп жүргенде Америка басшылығы Huawei-ге Android жүйесін пайдала­нуға тыйым салды. The Wall Street Journal жазбасында, Америка қытай­лық смартфонға Android жүйесін ғана емес, біршама бағдарламаны қол­дануға болмайды. Мұның бұрыннан сатылымда жүрген Huawei маркала­рына қатысы жоқ. Бұл – компанияның жаңа өніміне қойылған тосқауыл. Компания басшылығы Америка сотына жүгінді. Даудың басы Huawei Apple-дің технологиялық стратегия­сын үйренбекке тыңшы жіберді де­геннен басталған. Huawei болса, нақты айғақты талап етіп отыр. Қос тарап арасындағы дау сатылымға әсер етпей қоймайды. Тосын жайттан кейін Huawei смартфондары төмен бағамен сатылады деп күтілген. Алайда Huawei депрессияға түсуден бас тартқан сыңайлы.

Жаңа операциялық жүйе жайында толық мәлімет жоқ. Қытайдың ұлттық газеті Global Times-те компанияның Android-ты алмастыру жоспары бірте-бірте іске асатыны жазылған. Жаңа жүйе HongMeng Os деп аталады. Жүйе жасауды компания 2012 жылы бас­таған екен. Болашақта әмбебап жүйені планшет, компьютер, смарт­фонда пайдаланады. Сондай-ақ жүйе Linux базасына тіркеледі.

Вашингтон мен Пекин арасындағы «суық» соғыс қашан аяқталатыны белгісіз. Global Times, Reference News газеті Қытайдың қол қусырып қарап отырмайтынын жарыса жазып жатыр. Экономикасы дәуірлеп тұрған мем­лекеттің ешкімге тәуелді болмайты­нын ескерткісі келетін сияқты. Қы­тайдың халықаралық радиосы АҚШ санкцияны біржақты етпесе, Қытай­дың да тауар айналымына өзгеріс енгізетінін хабарлады. Дегенмен екі жақ та дамудың жаңа бағытына көш­кен. Huawei 5G интернет мүмкіндігін сынауды бастап кетті. 21 мамыр күні Лондонда Honor 20 маркалы смарт­фонның флагманын таныстырды.


Текетірес

2018 жылдың екінші тоқсанында Huawei Apple-ді 3-орынға ысырды. 54,2 млн дана смартфон сатты. Apple көрсеткіші – 41.3 млн дана.

Смартфон сатылымы бойынша 71,5 млн данамен Samsung – көш басында. Оңтүстік кореялық фирма 2017 жылғы көрсеткіштен 10,4 пайызға төмендеді. Нарықтағы үлесі 22,9 пайыздан 20,9 пайызға қысқарды.

IDC мәліметі бойынша Huawei жылдық көрсеткішін 40,9 пайызға арттырды. Нарықтағы үлесі 15,8 пайыз­ды құрайды.

Соңғы мәлімет бойынша Apple қазан-желтоқсан айында 71,7 млн дана iPhone сата алды. Бірақ Strategy Analytics есебінде 65,9 млн деп көрсетілген: 22 млн дана iPhone XR, 14 млн дана iPhone Xmax және 9 млн дана XS.

Samsung компаниясы 70,3 млн дана смартфон сатқан. Осы көрсет­кішпен Canalys рейтингінде екінші орынға жайғасты.

Huawei барлығы 60,5 млн дана дана смартфон сатты. Өткен жылмен салыстырғанда, сату көрсеткішін 47 пайызға арттырды.

Қазіргі бәсекелестер: Huawei P30 Pro, Galaxy S10, iPhone XS Max. Нәтижесін 2019 жылдың төртінші тоқсанында білеміз. Смартфондардың нарықтағы аяқ алысы жаман емес. Әрбірінің өзінше артықшылығы бар. Дизайн, камера, мүмкіндік көрсеткіші бойынша ерекшеленеді.


ТҮЙІН

2016 жылы TitleMax жүргізген зерттеуге жүгінсек, әр секунд сайын Apple-ға 1,444 мың доллар түседі. Бір сағаттың ішінде 5,2 млн доллар, бір күнде 45,7 млрд доллар жиналады. Осындай көрсеткіші бар компания смартфондар шеруіндегі орнын ешкімге бергісі келмейді. Sumsung-тың да дес бергісі жоқ. Санкцияға қарамастан Huawei де «тыныс алуын» жалғастырады. Смартфон өндіру­шілерінің арасында «әлемдік үстемдік үшін күрес» жалғаса береді. 1-орын үшін тақ таласының жыл сайынғы нүктесін статистика қояды. Ал жа­һандық технологияның дамуы адамзат баласына керек. IT индустрияның аяқ алысын бақылауда ұстаған жөн. Ал қазақ баласы технологиядан қашан бәсекеге түсер екен?!.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ