Біз бәсекеге құрылған қоғамда өмір сүреміз. Кеңістік түрлі рейтинг, статистика, цифр мен технологияға толы. Pepsi мен Coca-Сola, Nike пен Adidas, BMW мен Mersedes, Google мен Apple, iPhone мен Samsung арасында бітпейтін өзара бәсекелестік бар. Соңғы кезде телефон текетіресіне Huawei қосылды. Үштіктің жыл сайынғы статистикасы бас айналдырады.
Бұлар да бәйге аттары секілді. Бірде бағы шауып, бірде бабы келмей жатады. Бір күнтезбелік жылда рейтинг, статистика, цифр сан рет өзгереді. Арасында оқ бойы оза шауып тұрғандары бар. Десе де, халық оларды салыстырудан шаршамайды.
Бүгінде смартфондар арасындағы бәйге iPhone, Samsung және Huawei арасында өтеді. Huawei-ге дейін Apple мен Samsung 1-2 орынды бөлісіп келген. 2018 жылғы әлемдік сатылым көрсеткіші бойынша Huawei Apple компаниясының 2 орынын иемденген. Сөйтіп, 2019 жылдың аяғына қарай Samsung-тың орнын басқысы келеді.
Samsung
Samsung – тәжірибе жасауға бейім смартфон. Жанкүйерлеріне жыл сайын тосынсый жасаудан жалықпайды. Samsung-тың сапасына күмәнмен қарайтындар көп болғанымен, нарықтағы 1-орынды ешкімге бермей келеді.
Samsung – жан-жақты жұмыс істейтін компания. 400 мың теңгеге де, 40 мың теңге де смартфон сатып ала аласыз. Apple жылына бір ғана смартфонға таныстырылым жасаса, Samsung ай сайын құлаққағыс жасайды. Мысалы, қаңтар айында А сериялы смартфон таныстырылса, наурызда S8, S8+ флагманы ұсынылады. Мамыр мен маусымда J сериясының девайсына мән берілсе, тамызда
Galaxy Note 8-дің топ-таныстырылымы өтеді. Компания осындай амалмен нарықтағы атын өшірмейді.
Android жүйесіне мін тағатындар көп. iOS жүйесімен жиі салыстырады. Бірақ iOS пен Android-тың жаңару жүйесінде айырмашылық бар. Samsung-тың қосымша құрылғыларын табу да оңай. Қуаттау құрылғысы да жақсы жұмыс істейді. Бірақ зерттеушілер әлі күнге таңданысын жасырмайды. Бір сұрақ: жұрт неге iPhone-ды жақсы көріп, нарықта Samsung-ті сатып алады?
Мейнстрим
Apple – әлемдік бренд. Компания 2007 жылы iPhone смартфонын шығарып, дүниежүзі таңданыс білдірді. iPhone жанкүйерлері жаңа модель шыға салысымен, ескісін ауыстыруға дайын. Құны да құлынды биенің құнынан кем емес. Біз неліктен iPhone-ды жақсы көреміз?
Ыңғайлы әрі функционал. iPhone-ның бастапқы нұсқасында қоңырау шалудың өзі қиындық тудыратын. Кейіннен компания қатесін түзеді. Кейбір зерттеулер қазір функционалдық жағынан iPhone-нан артығы жоғын көрсетеді.
Техно жетістік. Apple смартфоны бірегейлігімен ерекше. Инженерлер iPhone-ның жаңа түрін жасағанда, ескісіне әлдебір элементтерді қосумен шектеледі. Дизайндағы тістелген алманың өзі брендтің әлемдік сатылымына ықпал етеді. iOS операциялық жүйесі смартфон тұтынушыларының көңілінен шығады. Тек осы жүйеге бола iPhone ұстайтын адамдар бар. Сонымен, iPhone-дағы кемшілік қандай?
Ассортимент. Apple жыл сайын iPhone-ның жаңа түрін шығарады. Ескі түрі қолданысқа жарамай қалуы мүмкін. Мысалы, iPhone 5 кейбір категориялар бойынша сатылымнан алынды. Жаңасының ішінен таңдауды 8,8 Plus, Х және Х Max-тің арасында жасайсыз. Бағасы да арзан емес.
Жоғары баға. Негізінен, компания арзан өнім жасамайды. Тіпті Apple кабелінің құнына Android смартфондарын сатып алуға болады. Мысалы, iPhone Xs Max DS құны – 589 900 тг. Егер арзан iPhone сатып алғыңыз келсе, таппайсыз. Өйткені компанияда бюджеттік смартфон жоқ. Бұл – iPhone-ның өзге қарсыластарына қарағанда кемшін тұсы.
Аксессуарлар. iPhone қуаттағышының орташа істеу мерзімі – 1,5-2 жыл. Күтіп ұстай алмасаңыз, жарты жылда бұзылып қалуы мүмкін. Құлаққап та дәл сондай. Бюджеттік нұсқасын сатып алу тиімсіз. Түпнұсқасының бағасы қымбат.
Дегенмен iPhone ұстау – мейнстрим. Кәрі де, жас та құмар. Түрлі кемшілік пен баға құнына қарап бас тарта қоймайды. Содан болар Apple компаниясына смартфоннан түсетін пайда көп.
Huawei
10 жыл бұрын «қытайлық смартфон» дегенге күмәнмен қарайтынбыз. Смартфондардың меншік иесі басқа ел болғанымен, жинақтап шығарушы – Қытай. Қазір көп нәрсе өзгерді. Қытай ірі технологиялық державаға айналды. Тек тауар айналымы ғана емес, смартфон өндірісін де дөңгелетіп отыр. Түрлі болжамдарға сүйенсек, бірнеше жылдан кейін Xiaomi мен Huawei Apple смартфонын алмастырады-мыс. Қазіргі нарықты байқасақ, Samsung пен Apple-ге Huawei-ден сескенетіндей жағдай туып тұр.
Қытайлық мамандар жоғарыдағы Apple смартфоны кемшіліктерін талдай отырып, Xiaomi мен Huawei-ді ойлап тапқан. Бүгінде Алма корпорациясының қауіпті қарсыласына айналды. Қолжетімді бағаның арқасында тұтынушылар арасында сұраныс артты. Huawei орташа есеппен жылына 100 млн смартфон сатса, Xiaomi 2017 жылы Huawei көрсеткішін бағындырды.
Орта Азия елдерінде Xiaomi мен Huawei жанкүйерлері жетерлік. Таяу Шығыс смартфонға сенім білдіргендердің қатарынан. Қазақстан нарығында да қытайлық смартфондар өтімді.
Технологиялық жетістіктеріне келсек, Huawei P20 теңдесі жоқ камерамен жабдықталған. Xiaomi Mi – керамикадан жасалған бірегей корпуста жұқа жақтаулары бар бірінші аппарат.
Дегенмен Huawei Оңтүстік Азия, Үндістан және Солтүстік Америка нарығында әлі де әлсіз. Бұл жылдық тауар айналымына әсер етеді.
Вашингтон VS Пекин
Bloomberg-тің хабарлауынша, Huawei компаниясының тұтыну бойынша директоры Ричард Йу 2019 жылдың төртінші тоқсанына дейін Samsung көрсеткішін бағындыруға бұйырған. Компания нарықтың 20 пайызын жаулап алуға ниетті. Counterpoint Research дерегі бойынша, бүгінде Huawei 15 пайызды еңсерді. Samsung 20 пайыздық көрсеткішке оңайлықпен жеткен жоқ. Әрі бірнеше жыл қатарынан тізгінді жібермей отыр. Huawei барын салып жатыр. Қытайлық компанияның қауқары жететін сыңайлы. Өйткені 2016 жылы Йу компанияға «Apple-дің 2-орнын аламыз» деп талап қойған. Нәтижесіне таңғалмасқа болмас.
Дегенмен қарсыласты бағаламауға болмайды. Көрсеткішті көбейтемін деп жүргенде Америка басшылығы Huawei-ге Android жүйесін пайдалануға тыйым салды. The Wall Street Journal жазбасында, Америка қытайлық смартфонға Android жүйесін ғана емес, біршама бағдарламаны қолдануға болмайды. Мұның бұрыннан сатылымда жүрген Huawei маркаларына қатысы жоқ. Бұл – компанияның жаңа өніміне қойылған тосқауыл. Компания басшылығы Америка сотына жүгінді. Даудың басы Huawei Apple-дің технологиялық стратегиясын үйренбекке тыңшы жіберді дегеннен басталған. Huawei болса, нақты айғақты талап етіп отыр. Қос тарап арасындағы дау сатылымға әсер етпей қоймайды. Тосын жайттан кейін Huawei смартфондары төмен бағамен сатылады деп күтілген. Алайда Huawei депрессияға түсуден бас тартқан сыңайлы.
Жаңа операциялық жүйе жайында толық мәлімет жоқ. Қытайдың ұлттық газеті Global Times-те компанияның Android-ты алмастыру жоспары бірте-бірте іске асатыны жазылған. Жаңа жүйе HongMeng Os деп аталады. Жүйе жасауды компания 2012 жылы бастаған екен. Болашақта әмбебап жүйені планшет, компьютер, смартфонда пайдаланады. Сондай-ақ жүйе Linux базасына тіркеледі.
Вашингтон мен Пекин арасындағы «суық» соғыс қашан аяқталатыны белгісіз. Global Times, Reference News газеті Қытайдың қол қусырып қарап отырмайтынын жарыса жазып жатыр. Экономикасы дәуірлеп тұрған мемлекеттің ешкімге тәуелді болмайтынын ескерткісі келетін сияқты. Қытайдың халықаралық радиосы АҚШ санкцияны біржақты етпесе, Қытайдың да тауар айналымына өзгеріс енгізетінін хабарлады. Дегенмен екі жақ та дамудың жаңа бағытына көшкен. Huawei 5G интернет мүмкіндігін сынауды бастап кетті. 21 мамыр күні Лондонда Honor 20 маркалы смартфонның флагманын таныстырды.
Текетірес
2018 жылдың екінші тоқсанында Huawei Apple-ді 3-орынға ысырды. 54,2 млн дана смартфон сатты. Apple көрсеткіші – 41.3 млн дана.
Смартфон сатылымы бойынша 71,5 млн данамен Samsung – көш басында. Оңтүстік кореялық фирма 2017 жылғы көрсеткіштен 10,4 пайызға төмендеді. Нарықтағы үлесі 22,9 пайыздан 20,9 пайызға қысқарды.
IDC мәліметі бойынша Huawei жылдық көрсеткішін 40,9 пайызға арттырды. Нарықтағы үлесі 15,8 пайызды құрайды.
Соңғы мәлімет бойынша Apple қазан-желтоқсан айында 71,7 млн дана iPhone сата алды. Бірақ Strategy Analytics есебінде 65,9 млн деп көрсетілген: 22 млн дана iPhone XR, 14 млн дана iPhone Xmax және 9 млн дана XS.
Samsung компаниясы 70,3 млн дана смартфон сатқан. Осы көрсеткішпен Canalys рейтингінде екінші орынға жайғасты.
Huawei барлығы 60,5 млн дана дана смартфон сатты. Өткен жылмен салыстырғанда, сату көрсеткішін 47 пайызға арттырды.
Қазіргі бәсекелестер: Huawei P30 Pro, Galaxy S10, iPhone XS Max. Нәтижесін 2019 жылдың төртінші тоқсанында білеміз. Смартфондардың нарықтағы аяқ алысы жаман емес. Әрбірінің өзінше артықшылығы бар. Дизайн, камера, мүмкіндік көрсеткіші бойынша ерекшеленеді.
ТҮЙІН
2016 жылы TitleMax жүргізген зерттеуге жүгінсек, әр секунд сайын Apple-ға 1,444 мың доллар түседі. Бір сағаттың ішінде 5,2 млн доллар, бір күнде 45,7 млрд доллар жиналады. Осындай көрсеткіші бар компания смартфондар шеруіндегі орнын ешкімге бергісі келмейді. Sumsung-тың да дес бергісі жоқ. Санкцияға қарамастан Huawei де «тыныс алуын» жалғастырады. Смартфон өндірушілерінің арасында «әлемдік үстемдік үшін күрес» жалғаса береді. 1-орын үшін тақ таласының жыл сайынғы нүктесін статистика қояды. Ал жаһандық технологияның дамуы адамзат баласына керек. IT индустрияның аяқ алысын бақылауда ұстаған жөн. Ал қазақ баласы технологиядан қашан бәсекеге түсер екен?!.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ