Елімізде өмірлік мақсатын жүзеге асыруды армандаған жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Ең бастысы, кәсібі арқылы өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізетіндей іс атқарып, қайтарымсыз берілген гранттың өтеуін адал өтеп, өзгелердің де мемлекет қолдауын ұтымды пайдалануына үлгі болса болғаны. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлік салада жетістікке жетуді мақсат еткендер үшін мол мүмкіндік.
Мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды нәсібіне айналдырған жандардың қатарының көрсеткіші Атырау өңірінде де артып келеді.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының халықпен етене тығыз жұмыс істеуінің нәтижесінде, кәсібін ашуға ниетті жандар қатарында Мақат ауданының тұрғыны Жақсылық Жұмағалиев та бар. Екі мамандықтың, атап айтқанда, денешынықтыру және психология мамандықтары бойынша білімі бар Жақсылық Амангелдіұлы Мақат аудандық емханасында жұмыс істейді. Атырау облысындағы қимыл-тірек аппараты зақымданған, зейін тапшылығы синдромы, Даун синдромы секілді түрлі ақауы бар балаларға арналған оңалту орталығы, сондай-ақ ересектерге арналған инсульттан кейін оңалту бағдарламасымен жұмыс істейтін «Болашақ К» қоғамдық қорында екі жылдан аса емдік денешынықтыру нұсқаушысы болып қызмет еткен Жақсылық Жұмағалиев өз алдына кәсіп ашуды мақсат еткен.
– Психолог және денешынықтыру деген екі мамандығым бар. Бұл мамандықтар қазір сұранысқа ие, бастысы, мамандығыңды қоғамға пайдалы ететіндей жолдарды іздеу керек. Елімізде кәсіпкерлік саласына беріліп отырған мемлекеттік қолдаудан хабардар болып, кәсібімді ашуға ниет еттім. «Болашақ К» ҚҚ жанындағы оңалту орталығынан көп тәжірибе жинақтадым. Алыс-жақын шет елдер мен ТМД елдерінің оңалту саласы бойынша тәжірибелі мамандардан дәріс алдым. Ауданымызда емделуге мұқтаж жанның көптігіне байланысты «Ем болсын» жеке кәсібін ашып, емханадағы жұмыстан тыс уақытымда, қимыл-тірек аппараты зақымданған, инсульттан кейін оңалтуды қажет ететін жандарға көмектесуді мақсат еттім. Дегенмен әр істің басында жеткілікті қаражат болмауы қолбайлау болып тұрады. Ниетім болғанымен де қажетті құрал-жабдықты сатып алуға қаражатым болмай, кәсіп ашуға ниетті жандарға арналған бағдарламаға қатысуға бел будым. Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанынан «Бизнес кеңесші» курсына барып, қайтарымсыз грант алуға қол жеткіздім. Курсты оқу кезінде кәсіпкерлікке баулу, істі сауатты жүргізу, құжаттарды заң шеңберінде дайындау секілді әр адам білуі тиіс көптеген дүниелерді үйрендім. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының маркетолог-кеңесшісі тегін бизнес-жоспар жасақтап берді. Соның нәтижесінде, адамдарды сауықтыратын құрал-жабдықты алып, қазір адамдарды емдеп жүрмін, – дейді кәсіпкерлік саласына берілген қолдауды нәсібіне айналдырған Жақсылық Амангелдіұлы.
Оның айтуынша, Мақат ауданында сырқаттанып қалушы көп. Әсіресе, инсультқа шалдығып, қимылсыз төсекке танылғандарға итальялық аппараттың көмегі бар. «Мүгедек болдым, енді ешкімге керек емеспін» деп өмірден баз кешкендей күйдегі адамдар, емдеу курстарынан соң, өмірге деген құлшынысы, еңбек етіп табыс табуға ниеті артып жатыр. Мен де науқасты емдеу кезінде психологиялық білімімді қолданып, жігерлендіретін сөздер айтып, үміттендіріп, жақсылыққа сендіріп, сауығып кетуіне жан-жақты ықпал етудемін» дейді аз қамтылған, жағдайы жоқ жандарды аз ғана ақшамен емдеуді қолға алған Ж.Жұмағалиев.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының «Кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау» төртінші бағытының операторы – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Бағдарлама шеңберінде «Бизнес мектеп» жобасы жүзеге асырылады. Міне, осы бағдарлама арқылы қаражатқа ие болу, мақсаты айқын көп адамға көмек болып отыр.
– «Бизнес мектептің» мақсаты – кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы оқулар екікүндік қысқамерзімді «Бизнес кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курсты оқытудың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға келген азамат кәсіпкерліктің, кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қандай психологиялық дайындығы болу керек, қандай ұғымдарды білу керек, қай бағытта жылжу керек деген сияқты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін білуі тиіс. Оны білмесе, ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс жасарын білмей, тоқырауға ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйымдастырылады. «Бизнес кеңесші» курсына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Шектеу қойылмаған. Осы курсты аяқтаған азаматтарға сертификат беріледі. Сертификат бизнес ашам деген адамдарға жеңіл несие алуға мүмкіндік береді, – дейді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.
Айтарлығы «Бизнес кеңесші» курсын онлайн және оффлайн түрінде оқуға мүмкіндік бар. Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша 327 адам оффлайн және 77 адам онлайн түрінде осы курсты оқып шыққан.
Сайып келгенде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мақсаты айқын жандарды кәсіпке ынталандырып қана қоймай, оның кәсіп иесінің өзіне де қоғамға да орасан зор пайдасы болуын көздеген мақсаттарына жету жолында жұмысты жүйелі жолға қоя алып отыр. Ал оның тиімділігін білген азаматтар ел экономикасы мен әлеуеті үшін жұмыс істеп ілгерілетіп әкетсе, елімізде өз кәсібінің риыздығын көргендер қатары толығары сөзсіз.
Атырау облысы