Қарағандыда Балалар мен жеткіншектер сарайының құрылысы басталды. Оқушылар сарайында 4 000-нан астам бала робототехника, бағдарламалау, авиамоделдеу, гидропоника, аэропоника сияқты 50-ден астам техникалық бағыттағы үйірмелерге қатысатын болады.
Балалар мерекесінде жаңадан салынатын Балалар мен жеткіншектер сарайының іргетасына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Жастар болашақ ұрпаққа аманаттаған хат жазды, оны 2050 жылы бірақ ашады. Кішкентай қарағандылықтарға осындай сыйлық жасау туралы тапсырманы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жазда Қарағандыға келген кезде берген болатын.
– Балаларды қорғау күні оларға сыйлық тарту дәстүрге айналған. Елбасының тапсырмасы бойынша қарағандылық балаларға кең, қазіргі заманғы Оқушылар сарайын сыйлаймыз. Бұрынғы сарай осыдан 80 жыл бұрын салынған болатын. Өкінішке орай, ол барлық талапқа жауап бермейді және оған көп адам сыймайды, – деді Ерлан Қошанов.
Балалар мен жеткіншектер сарайының жаңа ғимараты Оңтүстік-Шығыста, Достық үйінің артында салынады. Бұл заманауи үш қабатты ғимараттың көлемі шамамен 10 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың сырты энергия үнемдейтін материалдармен қапталады.
– Мұнда барлық сабақ тегін өткізіледі. Оған 4 000-нан астам бала қатыса алады. Робототехника, бағдарламалау және авиамоделдеу сияқты 50-ден астам техникалық бағыттағы үйірмелерді ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар балаларға заманауи технологияларды – гидропоника мен аэропониканы пайдалануды үйрететін боламыз. Бұл өзекті және қазір балаларға өте қызықты дәрістер. Гуманитарлық және шығармашылық бағытты қалайтындар үшін мұнда үйірмелер, шеберханалар, хореографиялық залдар, коуоркингтер жұмыс істейді, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова.
Жаңа Оқушылар сарайының құрылысы 2020 жылдың қараша айында аяқталады. Қарағандылық оқушылардың қолөнер бұйымдары мен өнертабыстарының көрмесі өтті. Көрмеде авиамоделдеу үйірмесінің қатысушылары жасаған ұшақтар көрсетілді.
Бұл күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында 14 жасқа дейінгі балалар «Ромашка», «Шолу дөңгелегі», «Тосын сый» аттракциондары және балалар теміржолын билетсіз тепті. Сондай-ақ мереке құрметіне орай саябақта балалар шығармашылығы орталықтарының фестивалі өтті. Каскад алаңында шаш бұрымын өру, хна, аквагрим салу, фотосурет және сәндік-қолданбалы өнер, менталдық арифметика, мектепке дейінгі даму және оригами бойынша бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылды.
Балаларды қорғау күні аясында Қарағандыда 86 көпбалалы отбасы қоныстойын тойлады. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров пәтер кілттерін табыс етті. Бұл пәтерлер Қарағандының Оңтүстік-Шығысында Байкен Әшімов атындағы жаңа шағынауданындағы үйлерде орналасқан. Болашақта мұнда қаланың әкімшілік-іскерлік және мәдени орталығы салынады. Жаңа шағынауданда әлеуметтік және спорт нысандарының, гүлзарлардың, концерт залының, балалар мен жасөспірімдер сарайының және тағы басқа да көптеген нысанның құрылысы жоспарланған.
«Қазір облыс орталығында 1 500-ден астам көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. 500-ге жуығы жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз етілген. Көпбалалы ата-аналарға балабақшада 50% жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар олардың балалары спорттық секциялар мен үйірмелерде тегін айналыса алады. Ал жазда «Салют» лагерінде демалуға мүмкіндік жасалған» деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.
– 15 жыл кезекте тұрдым. 5 балам бар. Айлардың сұлтаны – Рамазан айында баспаналы болдым. Өте қуаныштымын, бақыттымын. Мен сенген жоқпын. Таңертең әкімшілікте жиналыс деп кеттім, үйдегілер білмейді, – дейді көпбалалы ана Мейрамхан Әлиева.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде. 1 мамыр мерекесі қарсаңында да Қарағанды қаласында 10 көпбалалы отбасы пәтер кілтіне ие болған еді. Қарағандыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 494 отбасы кезекте тұр.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы