Руханият көшіндегі ұлы табыс
Руханият көшіндегі ұлы табыс
586
оқылды

«Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» демекші, мына дөңгеленген төрткүл атыраптың жұмбақ, тылсым сырларын зерделей қалсаң, білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз көрініп, шынайы таңданушы едік. Әсіресе, көне дәуірдің күмбіріндей болып 3 мың жылдық ғұмырымен әлем картасында мәңгі қала атанған Рим, одан кейін 2700 жыл жасаған Ани, Двин, Эрибуни атауын иемденген Арменияның астанасы Ереван, шығыс мәдениетінің орталығына айналған Самарқанд т.б. толып жатқан шаһардың тарихы ешкімді бейжай қалдырмайтын әрі қызығушылық тудыратын. Бүгінде осынау көне қалалар адамзаттың бойтұмарына айналды десек те болады.

Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», деп бекер айтпаған ғой. Одан қалды туған ел – тұғырың, жерұйығың. Елдігіміз сонау Түрік Қағанатынан бастау алған кезең аралығында мың өліп, мың тіріліп сан ғасыр бодан­дық­тың қамытын киген қазақ­тың ұлы даласында да мұндай көне қала қазынасынан кенде емес екенбіз.

Бір шеті Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, екіншісі Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріс­кейін ала көсіліп жатқан осынау шексіз де шетсіз Ұлы далада өс­келең ұрпақ үшін ұлықтар ұла­ғатты жәдігерлер жетіп артылатынын зор мақтанышпен айтуға болады.

Елбасымыздың «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы қа­зақтың кең-байтақ даласын ме­кен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсететін, еліміздің болашаққа бой сер­мейтін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін артты­рып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын тың бастама ретінде қабылданды. Тақым қысар, айыл тартар сәттің туғандығын көрсетті.

Міне, осындай ізгі баста­малар Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көз­қа­рас­пен қарауға мүмкіндік берді.

Соның арқасында нәтижелі зерттеу, зерделеу жұмыстары­ның арқасында көне өңірлер қатарына тағы бір өлке қосыл­ды. Ол – қазақтың дарқан дала­сы­ның құйқалы өңірі, қой­науы қаз­ба байлыққа толы, Менделеев таблицасының бар­лық элементін қамтыған киелі топырақ, қасиетті мекен Маң­ғыстау. Еліміздің даңқын әлемге әйгілеп отырған қазыналы ай­мақ. Мұнай мен газ өндіруден толағай табысқа жетіп қана қой­май төскейі мыңғырған мал­ды, халқымыздың рухани бай­лығын әспеттейтін архитек­туралық тарихи-мәдени, әдеби мұралармен қамтылған Маң­ғыс­тау жайлы көптеген құнды ғылыми еңбек жарық көрді.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Маңғыстау – ерте дәуір­ден тоғыз жолдың торабы саналған. X-XII ғасырларда Еуропаның көптеген сауда порты мен қаласын қамтыған Индия – Орта Азия – Еуропа сауда жолының бірі осы түбек арқылы өткенін де білеміз. Шаһардың жағырапиялық қолайлы орна­ласуы – оның экономикалық-әлеуметтік сая­си өміріне елеулі дәрежеде ық­пал етіп, дамыған ірі орталық­тың біріне айнал­дырды.

Керек десеңіз, Маңғыстау жөнінде мәліметтерді ежелгі дүние ғұламалары Геродот, Страбон, эль-Истрахи, Максиди, әл-Фадлан, Ибн-Фадлалах, Ибн-Батута, Махмуд Қашқари, Абулғазы Баһадүр бабалардың да жазбаларынан таба аламыз. Одан қалды осы топыраққа келіп ат ізін салған Г.Карелин, Э.Эверсман, Н.Андрусов сынды т.б. толып жатқан ғалым мен саяхатшы өңірдің ертедегі ескерткіштері туралы толғақта пікірлер айтып, лайықты бағасын бергенінен хабардармыз. Оңтайлы сәтті пайдаланып қазақ даласындағы 6000 жылғы ең көне адамның да осы Маңғыстау топырағынан табылғанын айта кеткен жөн болар. Демек, Маңғыстау ше­жіресі тарих қатпарының тым тереңінде жатыр деп айтуға толық негіз бар. 950-960 жылдар ара­лығында жазылған мұсыл­ман авторы Муқаддаси (Мак­диси) шығармасында хазар­лардың Джурджан жағындағы шекарасы ретінде «Бинкишлах» деген қала екенін айтады. Парсы ғалымы 1029 жылы Әл-Бирунидің «Масудтық тізі­мінде» Маңғыстау жөнінде «Ян-х-шлаг тауы» және «Ян-х-шлаг ай­лағы» (Маңғышлақ/Маң­ғыс­тау) деген топонимдер бар деген дәлелді алға тартады. Ал 1065 жылы селжұқ сұлтаны Алп-Арсланның жорығы туралы Сабит ибн әл-Джуази «Алп-Арслан Маңғышлақ қа­малына жасырынған Киф­шат­ты бағын­дырды» десе 1070 жы­лы Махмұд Қашқари­дың «Түрік сөздігінде» «Маңғышлақ — оғыздар елін­дегі бір жердің аты» деп жазба қалдырған. Яғни, «Маңғышлақ» атауының X ғасырдың орта­сынан-ақ белгілі болғандығы туралы ой түйіндей келе осы атаумен ХХ ғасырдың басына дейін аталып, бізге «Маңғыстау» күйінде жеткен.

– Әуелі тәңірі жерге береді

Жерге берсе елге береді,

Елге берсе ерге береді, – деген ғой. Расында, қарт Кас­пийден ежелгі Үстіртке дейінгі 167 мың шаршы шақырым арақашықтықты қамтыған бай өлке қазақ елінің құт-берекесін, ырысы мен ырыздығын арт­тырумен келеді. Шынтуайтына келгенде, Каспий теңізінің арқасында осындай үлкен су бассейнін қоса еміп жатқан Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Иран секілді алып бес мемлекет басы бірігіп, төс қағыстырып ынтымағы жарас­қан, берекесі келіскен ірі дос­тастық елдерге айналды. Жалпы, Каспий теңізі сонау Геродот пен Страбон заманынан Гиркан, Хвалынь, Каспий, Атырау, Абескун деген 40-қа жуық атау қалыптастырды.

2018 жылдың тамыз айында бес ел басшылары бірігіп, Каспий теңізінің мәртебесін анықтап, оны дұрыс пайда­ланудың оңтайлы жолдарын қарастырған Ақтау қаласында саммит өткізіп «Каспий конс­титуциясы» деп аталған құжат қабылдап, ортақ мәмілеге қол жеткізген еді. Бұл қадам бір­неше жыл бедерінде шешімін таппай келе жатқан келелі мәселенің түйінін шешіп, бауыр­лас елдер­дің ауызбірші­лігін жарастыра­тын айтулы құжат болды.

«...Маңғыстау тұрғында­рына көп адам өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған. Осы бір қасиетті жерде көптеген әйгілі адам мен әулие жаны тыныш­тық тапқан. Лайым олардың рухы сіздерді қоршап-қорғап жүрсін, сіздерді қолдап жүрсін, бақытты өмір жолына бағдар берсін...» деп Н.Назарбаев тол­ғағандай еліміздің тарихында мыңжылдықтар легінде көне атаулар қатарында Маңғыстау атауының мың жылдығы анық­талғаны елеулі оқиғаның бірі болды. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен кешенді ғылыми зерттеулер, халықаралық дең­гейдегі экспедициялар жоспар­лы түрде іске асқаны алаш жұр­тының көңіліне қанағат сезі­мін ұялатқанын жасыра алмаймыз.

Оның сыртында тарихи-археологиялық ескерт­кіштерімізге қызығушылық танытқан дүниежүзілік National Geographic және фран­циялық Pernel Media компания­ларымен деректі фильмдер түсіруді қолға алмақшы. Қызылқала қалашығының ЮНЕСКО-ның әлемдік мұ­ралар тізіміне енгізу жұмыс­тарын жалғастыруда жоспарда бар көрінеді. 


«Жақсыны көрмек үшін» демекші, жағымды жаңалық жерде жатқан ба? Жақында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов еліміздің та­рихында мыңжылдық мәрте­бесін иемденген Маңғыстау туралы мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған шарада сүйіншілеп өтті. Бұл ізгілікті қадам Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жат­қан «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ла­ма­лары аясында жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маң­ғыстаудың тарихын жүйелеуге қатысты ғалымдарға арнайы тапсырмалар берілгенін мә­лімдей келе, аймақ басшысы баяндамасында: «Маңғыстау жерін қола (4-3 мың жыл бұ­рын) және темір (2,5-2 мың жыл бұрын) дәуірінен бастап, көне грек және парсы жазбала­рындағы дай-даха, массагет, сармат тайпалары мекен етсе, антикалық кезеңде (б.з.д. 2-б.з. 4 ғғ.) халықтардың Ұлы көшінің негізгі қозғаушылары болған алан, ғұн тайпалары қоныс тепті. 2000 жыл бұрын мекен еткен алан, ғұн тайпала­рынан бізге жеткен қазіргі таңдағы әлемдік сенсация деп «Алтынқазған» жерлеу орыны мен «Қарақабақ» қалашығын айтуға болады. Осы кезеңнен бастап кейінгі орта ғасырға дейін Маңғыстау жері Ұлы Жі­бек жолының солтүстік тарма­ғында ірі транзиттік ор­талыққа айналып, Қызылқала, Кетікқала қалалары мен Үстірт бойында керуен-сарайлар бой көтерді. Дәл осы уақыттан күні бүгінге дейін өлкемізде түр­кітілдес оғыз, хазар, қыпшақ, ноғай, түркімен, қазақ тайпала­ры кезең-кезеңімен мекен еткен. Мұның барлығы бір жыл алты ай ішінде 7 елдің 70-ке жуық ғ­а­лымдарының кешенді жұмы­сының нәтижесінде нақ­ты­ланды» деп ой қорытын­дылады.

Маңғыстау мұраларын зерттеуге жұмылдырылған халықаралық экспедицияның ғалымдары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында 5 жерасты мешіті, 20 шыңырау-құдық, 20 таңбалы тас тапқан. Бұл дегеніміз – қан­шалықты маңдай тер төгіліп, қыруар еңбектің зая кетпей нәтижелі болғанын айқындай түссе керек. Экспедиция құра­мында болған ғалымдардың еңбектері Франция, Ұлыбри­тания, Түркия, Әзірбайжан, Ресей басылымдарында жарық көрген екен.

Алдағы уақытта Маңғыстау атауының 1000 жылдығына орай «Тарих толқыны: Маң­ғыстаудың мың жылдығы» халықаралық ғылыми кон­ференциясын ұйымдастырып, Ұлы Жібек жолындағы Ал­тынқазған, Қарақабақ, Қызыл­қала, Кетікқала қалашықтарына кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, жерасты мешіттері мен таңбалы таста­рын ғылыми зерттеу, оларды қорғауға алу шараларын қабыл­данбақ. Оның сыртында тарихи-археологиялық ескерт­кіш­терімізге қызығушылық та­нытқан дүниежүзілік National Geographic және фран­циялық Pernel Media компания­ларымен деректі фильмдер түсіруді қолға алмақшы. Қызылқала қалашы­ғының ЮНЕСКО-ның әлемдік мұ­ралар тізіміне енгізу жұмыс­тарын жалғастыруда жоспарда бар көрінеді.

Әрине, ғылыми зерттеу жұмыстары осымен шектеліп қалмасы анық. Зерттелген әлі де зерттеліп келе жатқан Маң­ғыстаудың тамыры тереңге кеткен тарихын жүйелеу жұ­мыс­тары жалғасы беретіні сөз­сіз. Бұл мәселе жөнінде кон­ференциялар, дөңгелек үс­телдер өткізіліп, жаңа зерттеу жұмыстары бағыт алып, өлке­дегі тарихи ескерткіштер тү­ген­деліп, оларды туризм, жастар тәрбиесінде кеңінен қолдану көрініс таппақ. Маңғыстау атауының 1000 жылдығы сөз жоқ халқымыздың тарихына жаңаша екпін, жаңаша көзқарас қалыптастыратын шара болмақ. Осындай келелі мәселелер қолға алынғаннан бері көне Тараздың 2000, Түркістанның 1500, Алматының 1000 жыл­дықтарын атап өту ежелгі бай тарихымыздан хабар беріп, ұлы мемлекеттің жұрнағы екенімізді айқындайды. Қазақ елі – қарыштап дамып келе жатқан еркін, азат ел. Оның Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан атты қалаларында 1 миллионнан астам халық тұрады. Болашақта ірі мегаполистер көбейіп, дамыған елдермен тең дәрежеде иық тірестіре алатынымызға сенімдіміз.

Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский: «Әр ұлт өзін ұлы санамай, әлемдік өрке­ниетке еш нәрсе қоса алмайды» деген екен. Ендеше, Маңғыстау атауы 1000 жылдығы жәдігерлер санатына енуі руханият үшін аса маңызды болмақ. Мұның астарында қаншама зерт­теушілер мен өлкетанушы­лар­дың өлшеусіз еңбегі жатыр. «Маңғыстау мыңжылдығы» – біздің руханият көшіндегі мұрамыз іспетті. Бұл жаңалық тағылымды тарихымыз бен мыңжылдық болашағымызды сабақтастыра білген, туған жерімізді көркейтуге құлаш ұрған қуатты халық екенімізді тағы бір мәрте дәлелдей түс­кендігіміздің белгісі.


Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
профессор