Руханият көшіндегі ұлы табыс
Руханият көшіндегі ұлы табыс
348
оқылды

Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», деп бекер айтпаған ғой. Одан қалды туған ел – тұғырың, жерұйығың. Елдігіміз сонау Түрік Қағанатынан бастау алған кезең аралығында мың өліп, мың тіріліп сан ғасыр бодан­дық­тың қамытын киген қазақ­тың ұлы даласында да мұндай көне қала қазынасынан кенде емес екенбіз.

Бір шеті Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, екіншісі Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріс­кейін ала көсіліп жатқан осынау шексіз де шетсіз Ұлы далада өс­келең ұрпақ үшін ұлықтар ұла­ғатты жәдігерлер жетіп артылатынын зор мақтанышпен айтуға болады.

Елбасымыздың «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы қа­зақтың кең-байтақ даласын ме­кен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсететін, еліміздің болашаққа бой сер­мейтін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін артты­рып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын тың бастама ретінде қабылданды. Тақым қысар, айыл тартар сәттің туғандығын көрсетті.

Міне, осындай ізгі баста­малар Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көз­қа­рас­пен қарауға мүмкіндік берді.

Соның арқасында нәтижелі зерттеу, зерделеу жұмыстары­ның арқасында көне өңірлер қатарына тағы бір өлке қосыл­ды. Ол – қазақтың дарқан дала­сы­ның құйқалы өңірі, қой­науы қаз­ба байлыққа толы, Менделеев таблицасының бар­лық элементін қамтыған киелі топырақ, қасиетті мекен Маң­ғыстау. Еліміздің даңқын әлемге әйгілеп отырған қазыналы ай­мақ. Мұнай мен газ өндіруден толағай табысқа жетіп қана қой­май төскейі мыңғырған мал­ды, халқымыздың рухани бай­лығын әспеттейтін архитек­туралық тарихи-мәдени, әдеби мұралармен қамтылған Маң­ғыс­тау жайлы көптеген құнды ғылыми еңбек жарық көрді.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Маңғыстау – ерте дәуір­ден тоғыз жолдың торабы саналған. X-XII ғасырларда Еуропаның көптеген сауда порты мен қаласын қамтыған Индия – Орта Азия – Еуропа сауда жолының бірі осы түбек арқылы өткенін де білеміз. Шаһардың жағырапиялық қолайлы орна­ласуы – оның экономикалық-әлеуметтік сая­си өміріне елеулі дәрежеде ық­пал етіп, дамыған ірі орталық­тың біріне айнал­дырды.

Керек десеңіз, Маңғыстау жөнінде мәліметтерді ежелгі дүние ғұламалары Геродот, Страбон, эль-Истрахи, Максиди, әл-Фадлан, Ибн-Фадлалах, Ибн-Батута, Махмуд Қашқари, Абулғазы Баһадүр бабалардың да жазбаларынан таба аламыз. Одан қалды осы топыраққа келіп ат ізін салған Г.Карелин, Э.Эверсман, Н.Андрусов сынды т.б. толып жатқан ғалым мен саяхатшы өңірдің ертедегі ескерткіштері туралы толғақта пікірлер айтып, лайықты бағасын бергенінен хабардармыз. Оңтайлы сәтті пайдаланып қазақ даласындағы 6000 жылғы ең көне адамның да осы Маңғыстау топырағынан табылғанын айта кеткен жөн болар. Демек, Маңғыстау ше­жіресі тарих қатпарының тым тереңінде жатыр деп айтуға толық негіз бар. 950-960 жылдар ара­лығында жазылған мұсыл­ман авторы Муқаддаси (Мак­диси) шығармасында хазар­лардың Джурджан жағындағы шекарасы ретінде «Бинкишлах» деген қала екенін айтады. Парсы ғалымы 1029 жылы Әл-Бирунидің «Масудтық тізі­мінде» Маңғыстау жөнінде «Ян-х-шлаг тауы» және «Ян-х-шлаг ай­лағы» (Маңғышлақ/Маң­ғыс­тау) деген топонимдер бар деген дәлелді алға тартады. Ал 1065 жылы селжұқ сұлтаны Алп-Арсланның жорығы туралы Сабит ибн әл-Джуази «Алп-Арслан Маңғышлақ қа­малына жасырынған Киф­шат­ты бағын­дырды» десе 1070 жы­лы Махмұд Қашқари­дың «Түрік сөздігінде» «Маңғышлақ — оғыздар елін­дегі бір жердің аты» деп жазба қалдырған. Яғни, «Маңғышлақ» атауының X ғасырдың орта­сынан-ақ белгілі болғандығы туралы ой түйіндей келе осы атаумен ХХ ғасырдың басына дейін аталып, бізге «Маңғыстау» күйінде жеткен.

– Әуелі тәңірі жерге береді

Жерге берсе елге береді,

Елге берсе ерге береді, – деген ғой. Расында, қарт Кас­пийден ежелгі Үстіртке дейінгі 167 мың шаршы шақырым арақашықтықты қамтыған бай өлке қазақ елінің құт-берекесін, ырысы мен ырыздығын арт­тырумен келеді. Шынтуайтына келгенде, Каспий теңізінің арқасында осындай үлкен су бассейнін қоса еміп жатқан Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Иран секілді алып бес мемлекет басы бірігіп, төс қағыстырып ынтымағы жарас­қан, берекесі келіскен ірі дос­тастық елдерге айналды. Жалпы, Каспий теңізі сонау Геродот пен Страбон заманынан Гиркан, Хвалынь, Каспий, Атырау, Абескун деген 40-қа жуық атау қалыптастырды.

2018 жылдың тамыз айында бес ел басшылары бірігіп, Каспий теңізінің мәртебесін анықтап, оны дұрыс пайда­ланудың оңтайлы жолдарын қарастырған Ақтау қаласында саммит өткізіп «Каспий конс­титуциясы» деп аталған құжат қабылдап, ортақ мәмілеге қол жеткізген еді. Бұл қадам бір­неше жыл бедерінде шешімін таппай келе жатқан келелі мәселенің түйінін шешіп, бауыр­лас елдер­дің ауызбірші­лігін жарастыра­тын айтулы құжат болды.

«...Маңғыстау тұрғында­рына көп адам өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған. Осы бір қасиетті жерде көптеген әйгілі адам мен әулие жаны тыныш­тық тапқан. Лайым олардың рухы сіздерді қоршап-қорғап жүрсін, сіздерді қолдап жүрсін, бақытты өмір жолына бағдар берсін...» деп Н.Назарбаев тол­ғағандай еліміздің тарихында мыңжылдықтар легінде көне атаулар қатарында Маңғыстау атауының мың жылдығы анық­талғаны елеулі оқиғаның бірі болды. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен кешенді ғылыми зерттеулер, халықаралық дең­гейдегі экспедициялар жоспар­лы түрде іске асқаны алаш жұр­тының көңіліне қанағат сезі­мін ұялатқанын жасыра алмаймыз.