Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», деп бекер айтпаған ғой. Одан қалды туған ел – тұғырың, жерұйығың. Елдігіміз сонау Түрік Қағанатынан бастау алған кезең аралығында мың өліп, мың тіріліп сан ғасыр бодандықтың қамытын киген қазақтың ұлы даласында да мұндай көне қала қазынасынан кенде емес екенбіз.
Бір шеті Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, екіншісі Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала көсіліп жатқан осынау шексіз де шетсіз Ұлы далада өскелең ұрпақ үшін ұлықтар ұлағатты жәдігерлер жетіп артылатынын зор мақтанышпен айтуға болады.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақтың кең-байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсететін, еліміздің болашаққа бой сермейтін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаңғыртуға жаңаша жол ашатын тың бастама ретінде қабылданды. Тақым қысар, айыл тартар сәттің туғандығын көрсетті.
Міне, осындай ізгі бастамалар Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
Соның арқасында нәтижелі зерттеу, зерделеу жұмыстарының арқасында көне өңірлер қатарына тағы бір өлке қосылды. Ол – қазақтың дарқан даласының құйқалы өңірі, қойнауы қазба байлыққа толы, Менделеев таблицасының барлық элементін қамтыған киелі топырақ, қасиетті мекен Маңғыстау. Еліміздің даңқын әлемге әйгілеп отырған қазыналы аймақ. Мұнай мен газ өндіруден толағай табысқа жетіп қана қоймай төскейі мыңғырған малды, халқымыздың рухани байлығын әспеттейтін архитектуралық тарихи-мәдени, әдеби мұралармен қамтылған Маңғыстау жайлы көптеген құнды ғылыми еңбек жарық көрді.
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Маңғыстау – ерте дәуірден тоғыз жолдың торабы саналған. X-XII ғасырларда Еуропаның көптеген сауда порты мен қаласын қамтыған Индия – Орта Азия – Еуропа сауда жолының бірі осы түбек арқылы өткенін де білеміз. Шаһардың жағырапиялық қолайлы орналасуы – оның экономикалық-әлеуметтік саяси өміріне елеулі дәрежеде ықпал етіп, дамыған ірі орталықтың біріне айналдырды.
Керек десеңіз, Маңғыстау жөнінде мәліметтерді ежелгі дүние ғұламалары Геродот, Страбон, эль-Истрахи, Максиди, әл-Фадлан, Ибн-Фадлалах, Ибн-Батута, Махмуд Қашқари, Абулғазы Баһадүр бабалардың да жазбаларынан таба аламыз. Одан қалды осы топыраққа келіп ат ізін салған Г.Карелин, Э.Эверсман, Н.Андрусов сынды т.б. толып жатқан ғалым мен саяхатшы өңірдің ертедегі ескерткіштері туралы толғақта пікірлер айтып, лайықты бағасын бергенінен хабардармыз. Оңтайлы сәтті пайдаланып қазақ даласындағы 6000 жылғы ең көне адамның да осы Маңғыстау топырағынан табылғанын айта кеткен жөн болар. Демек, Маңғыстау шежіресі тарих қатпарының тым тереңінде жатыр деп айтуға толық негіз бар. 950-960 жылдар аралығында жазылған мұсылман авторы Муқаддаси (Макдиси) шығармасында хазарлардың Джурджан жағындағы шекарасы ретінде «Бинкишлах» деген қала екенін айтады. Парсы ғалымы 1029 жылы Әл-Бирунидің «Масудтық тізімінде» Маңғыстау жөнінде «Ян-х-шлаг тауы» және «Ян-х-шлаг айлағы» (Маңғышлақ/Маңғыстау) деген топонимдер бар деген дәлелді алға тартады. Ал 1065 жылы селжұқ сұлтаны Алп-Арсланның жорығы туралы Сабит ибн әл-Джуази «Алп-Арслан Маңғышлақ қамалына жасырынған Кифшатты бағындырды» десе 1070 жылы Махмұд Қашқаридың «Түрік сөздігінде» «Маңғышлақ — оғыздар еліндегі бір жердің аты» деп жазба қалдырған. Яғни, «Маңғышлақ» атауының X ғасырдың ортасынан-ақ белгілі болғандығы туралы ой түйіндей келе осы атаумен ХХ ғасырдың басына дейін аталып, бізге «Маңғыстау» күйінде жеткен.
– Әуелі тәңірі жерге береді
Жерге берсе елге береді,
Елге берсе ерге береді, – деген ғой. Расында, қарт Каспийден ежелгі Үстіртке дейінгі 167 мың шаршы шақырым арақашықтықты қамтыған бай өлке қазақ елінің құт-берекесін, ырысы мен ырыздығын арттырумен келеді. Шынтуайтына келгенде, Каспий теңізінің арқасында осындай үлкен су бассейнін қоса еміп жатқан Қазақстан, Ресей, Түркия, Әзірбайжан, Иран секілді алып бес мемлекет басы бірігіп, төс қағыстырып ынтымағы жарасқан, берекесі келіскен ірі достастық елдерге айналды. Жалпы, Каспий теңізі сонау Геродот пен Страбон заманынан Гиркан, Хвалынь, Каспий, Атырау, Абескун деген 40-қа жуық атау қалыптастырды.
2018 жылдың тамыз айында бес ел басшылары бірігіп, Каспий теңізінің мәртебесін анықтап, оны дұрыс пайдаланудың оңтайлы жолдарын қарастырған Ақтау қаласында саммит өткізіп «Каспий конституциясы» деп аталған құжат қабылдап, ортақ мәмілеге қол жеткізген еді. Бұл қадам бірнеше жыл бедерінде шешімін таппай келе жатқан келелі мәселенің түйінін шешіп, бауырлас елдердің ауызбіршілігін жарастыратын айтулы құжат болды.
«...Маңғыстау тұрғындарына көп адам өмірінде тым құрығанда бір рет болып көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған. Осы бір қасиетті жерде көптеген әйгілі адам мен әулие жаны тыныштық тапқан. Лайым олардың рухы сіздерді қоршап-қорғап жүрсін, сіздерді қолдап жүрсін, бақытты өмір жолына бағдар берсін...» деп Н.Назарбаев толғағандай еліміздің тарихында мыңжылдықтар легінде көне атаулар қатарында Маңғыстау атауының мың жылдығы анықталғаны елеулі оқиғаның бірі болды. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен кешенді ғылыми зерттеулер, халықаралық деңгейдегі экспедициялар жоспарлы түрде іске асқаны алаш жұртының көңіліне қанағат сезімін ұялатқанын жасыра алмаймыз.