Қайырымды жандар баспана сыйлады
Қайырымды жандар баспана сыйлады
453
оқылды

Жеке баспанасы болмай пәтер жалдап күн көріп жүрген отбасы саны біреуге кеміді. Атыраулық Мей­рамгүл Әмірғалиева осы күнге дейін балаларымен бірге жалда­малы шағын үйде тұрып келді. Үл­кен ұлының мүгедектігі анасы­нан көп күтімді қажет етсе, өзге ба­ла­лары да ана қамқорлығын көр­гісі келетін жаста.

«Мүгедек баламды қарап отыр­ғаным үшін мемлекеттен жәр­де­м­ақы аламын, сондай-ақ көп­ба­ла­лы ана ретінде алатын жәрдемақым бар, барлығын қосқанда жүз мыңға жет­пейді. Бұрынғы күйеуім денсау­лығына байланысты бізге еш көмек бере алмай отыр. Жағдайымызды көріп, қаржы жинап, жаңа үй тұр­ғызуға үлес қосқан барша жанға алғысым шексіз», – дейді Мейрам­гүл Әмірғалиева.

Жергілікті кәсіпкер Асхат Ба­қыттың айтуынша, баспананы тұрғызу ақпан айында басталған. Көп­балалы анаға көмек ретінде қаражат жинауға белсенділік та­нытқандардың дені жергілікті тұр­ғындар. Құрылыс материал­дарын алуға да жергілікті кәсіпкерлер кө­мектескен.

«Баспананың жалпы аумағы – 105 шаршы метр. Үй толығымен отандық құрылыс материал­да­рынан салынған. Үйдің іші кең, жы­лы, жарық, барлық инженерлік коммуникация желісі жеткізілген, құжаттары бар. Сонымен қатар қа­жетті жиһаз бен тұрмыстық техниканы да сатып әпердік. Енді тек үйдің айналасын қоршау ғана қалды. Қазір ақша жинауды тоқ­таттық», – дейді жергілікті кәсіпкер Асхат Бағыт.

Атырау қаласы әкімінің орын­басары Ұлықбек Тінәлиев: «Бүгінгі қуанышты жағдай, аймақта көп­балалы аналарға мемлекет қана емес, жалпы, қоғам өкілдері – меце­наттар, волонтерлер және кәсіп­керлер де ерекше көңіл бөліп отыр­ғанын айқындап отыр. Бұл – өңір халқының әлеуметтік жағ­дайының жақсаруына, атам заманнан келе жатқан қайырым­дылық қасиеттің үлгісіндей болып ұрпаққа жетіп отырған игі іс. Мың айданда қайырлы Қадір түні күні жаңа баспанада өмір бастай­тын отбасыға амандық тілейміз. Әр кез халықтың тұрмыстық жағ­дайын назарда ұстап, қолдауға әзір­міз» деп көпбалалы анаға үй са­лып берген азматтарға алғысын айт­ты.

Атырау облысы