Жеке баспанасы болмай пәтер жалдап күн көріп жүрген отбасы саны біреуге кеміді. Атыраулық Мейрамгүл Әмірғалиева осы күнге дейін балаларымен бірге жалдамалы шағын үйде тұрып келді. Үлкен ұлының мүгедектігі анасынан көп күтімді қажет етсе, өзге балалары да ана қамқорлығын көргісі келетін жаста.
«Мүгедек баламды қарап отырғаным үшін мемлекеттен жәрдемақы аламын, сондай-ақ көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақым бар, барлығын қосқанда жүз мыңға жетпейді. Бұрынғы күйеуім денсаулығына байланысты бізге еш көмек бере алмай отыр. Жағдайымызды көріп, қаржы жинап, жаңа үй тұрғызуға үлес қосқан барша жанға алғысым шексіз», – дейді Мейрамгүл Әмірғалиева.
Жергілікті кәсіпкер Асхат Бақыттың айтуынша, баспананы тұрғызу ақпан айында басталған. Көпбалалы анаға көмек ретінде қаражат жинауға белсенділік танытқандардың дені жергілікті тұрғындар. Құрылыс материалдарын алуға да жергілікті кәсіпкерлер көмектескен.
«Баспананың жалпы аумағы – 105 шаршы метр. Үй толығымен отандық құрылыс материалдарынан салынған. Үйдің іші кең, жылы, жарық, барлық инженерлік коммуникация желісі жеткізілген, құжаттары бар. Сонымен қатар қажетті жиһаз бен тұрмыстық техниканы да сатып әпердік. Енді тек үйдің айналасын қоршау ғана қалды. Қазір ақша жинауды тоқтаттық», – дейді жергілікті кәсіпкер Асхат Бағыт.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев: «Бүгінгі қуанышты жағдай, аймақта көпбалалы аналарға мемлекет қана емес, жалпы, қоғам өкілдері – меценаттар, волонтерлер және кәсіпкерлер де ерекше көңіл бөліп отырғанын айқындап отыр. Бұл – өңір халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына, атам заманнан келе жатқан қайырымдылық қасиеттің үлгісіндей болып ұрпаққа жетіп отырған игі іс. Мың айданда қайырлы Қадір түні күні жаңа баспанада өмір бастайтын отбасыға амандық тілейміз. Әр кез халықтың тұрмыстық жағдайын назарда ұстап, қолдауға әзірміз» деп көпбалалы анаға үй салып берген азматтарға алғысын айтты.
Атырау облысы