Басқосуда Қазақстанның мемлекеттік символикасының тарихы баяндалды. Жиынға қатысушылар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданғанын еске түсірді. Осы заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде тойланатынын атап өтті.
– 1992 жылы маусымның 4-і күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілерді құрметтеуіміз керек, – деді жиында сөз алған Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Ол сондай-ақ мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға әрқашан биік мәртебе берілетінін тілге тиек етіп, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге шақырды.
Кездесуде сөз сөйлеген жастар мемлекеттік рәміздердің халқымыз үшін маңызын баса айтты.
– Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелей-ді, – деді «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді өкілі Салтанат Рүстембек.
Жазира ДАРХАНҚЫЗЫ