1-2 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Дәстүрге айналған бұл жәрмеңкеге Түркістан облысының сексенге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Жәрмеңкеде жалпы құны 116 млн теңгені құрайтын 365 тонна өнім болды. Оның ішінде ет өнімі – 81 тонна, сүт өнімі – 29 тонна, көкөніс – 159 тонна, картоп – 19 тонна, жеміс-жидек 18 тонна, балық – 5 тонна, бал – 2 тонна, жұмыртқа – 10 мың дана және басқа да өнімдер.
Оған қоса, отандық өнімдердің бағасы базар нарығынан 10-15 пайызға төмен сатылды. Оның үстіне, жәрмеңке Халықаралық балаларды қорғау күніне қатар келгендіктен, 16 жасқа дейінгі балаларға балмұздақ пен сүт өнімдері тегін таратылды.
Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған ауқымды қолдаулардың нәтижесінде, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешені инновациялық-индустриялық даму үстінде. Әсіресе, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнімділікті еселеп арттыруға басымдық беріп, инвестициялық жобалар қолға алынуда. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, 480 жобаны іске асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде, 4 620 жұмыс орны ашылып, халықты жұмыспен қамтуға болады. Бүгінгі күні 150 жоба іске асқан.
Сондай-ақ «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында алдымен ағын су тапшылығын жою бойынша төрт инвестициялық жоба қолға алынбақшы. Мысалы, «Кеңсай – Қосқорған 2» су қоймасын салу, Арыс – Түркістан массивінде жарамсыз қалған тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.