Алматыда Александр Затаевичтің 150 жылдығы аталып өтеді
Алматыда Александр Затаевичтің 150 жылдығы аталып өтеді
5,371
оқылды

Шараның мақсаты – атақты этнографтың мерейтойын тойлау ғана емес, сонымен қатар ғұрыптық дәстүрлердің қазіргі замандағы қолданысы мен сақталуы мәселелерін саралау. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Болгария және Венгрия елдерінен 65-ке жуық зерттеушілер қатысады.

– Александр Затаевичтің қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегін ұмыту мүмкін емес. Қазақтың 1000 әнін нотаға түсіріп, «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтарын шығарып,  дәстүрлі ән-күйлеріміздің көне нұсқаларының хатталуына әрі сақталуына зор үлес қосты. Затаевичті еліміздегі музыкатанушылар осы ғылымының негізін қалаушы тұлға, ұстаз ретінде қабылдайды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында қызмет ететін зерттеушілер оның еңбектерін ең көне жазба дереккөзі ретінде басшылыққа алады. Сондықтан біз үшін Александр Затаевичтің 150 жылдығын өткізу маңызды, – деді өз сөзінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев.

Александр Викторович Затаевич (1869-1936) қазақтың дәстүрлі музыкасының зерттелуіне орасан зор үлес қосқан тұлға. 1920 жылы қазақ әнін естіп, оған құмартуы Затаевичтің өмірін басқа арнаға бұрып, қазақ музыкасындағы тарихтың жаңа парақтарының ашылуына септігін тигізді. Сол кезеңнен бастап А. Затаевич өзінің болашақ қызметін дәстүрлі музыка мұраларының үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған зерттеуші ұлты басқа болғанына, әрі орта жасқа келгеніне қарамастан, 1920 жылдардың қиын-қыстау кезеңінде кездескен көлік атаулымен, болмаса жаяу-жалпы аралап, көптеген ән-күйлерді нотаға түсіріп, оларды орындаушылар мен жеткізушілер жөнінде көп деректер жинады. Сонымен қатар ол тек қазақ фольклоры ғана емес, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дұнған, корей халықтарының да фольклорын зерттеп хатқа түсірді. Осылайша Александр Затаевичтің еңбегі музыка зерттеушілері мен фольклортанушыларға үлкен серпіліс берді.