Министрдің уәдесі орындалмай қалуы мүмкін бе?
Министрдің уәдесі орындалмай қалуы мүмкін бе?
301
оқылды

Осы министрлікте он жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан шенеунік экономикалық зерттеу институ­тын­дағы танысына мемлекеттік тендерді жеңіп беремін деп уәде етіпті. Сол уәдені орындау үшін жарты миллион теңгені қалтасына басқан деген күдік бар. Қарамағындағы қызметкердің дәл мұндай дауға ілігуі – министр отставкасына себеп болатын секілді. Бұл ретте Дәленовке дәл мұндай батыл шешімі үшін «бәрекелді» деп те қоюға болатын сияқты. Себебі, осы­ған дейін ешбір министр қызмет­керінің кінәсі үшін жылы орынтағы­мен қоштасқысы келе қоймайтын. Дегенмен бұл жолғы айтпағымыз жемқорлық турасында емес. Ми­нистрдің азды-көпті уәделері жайын­да. Егер жас министр отставкаға кетер болса, оның қандай уәделері аяқсыз қалуы мүмкін?

Ақпан айында министр коммунал­дық қызметтер тарифінің төмендеуіне байланысты батыл пікір айтты. «Тарифтерге қатысты айтар болсақ, кеше өзім пошта жәшігінен түбіртек алдым. Әлі қараған жоқпын, жай ғана айтып өтейін. Электр қуаты бойынша тариф 15,32 теңге болса, енді 10 па­йыз­­ға төмендеп, 13,89 теңгені құрап отыр. Бұл Астана бойынша. Жылу 3 097 теңге еді, енді – 2 788 теңге. Менде бәрі 10 пайызға төмендеген. Егер олай болмаған жағдайда, тікелей маған хабарласыңыздар. Мәселені өзім бақылауға аламын» деген еді Үкімет кулуарында.

Сол айда министр еліміз бойынша жәрдемақының жаңа мөлшерін де жария етуге уәде берді. Яғни, бұл – көп­балалы аналарға арналған жәрдем­а­қы­ның көбеюіне қатысты әңгіме. «Қазір арнайы жұмыс тобы есептерді дайындап жатыр, жақын арада көлемі жарияланады. Мен қазіргі жәрдемақы көлемі жеткіліксіз деп ойлаймын» деп мәлімдеген болатын.

Үшінші уәде – экономикалық өсімнің артуы үшін экономиканы несиелеуді күшейту туралы. «Эконо­миканың сапалы өсуі – азаматтардың сапалы өміріне әкеледі. Бұл – негізгі мақсатымыз. Ол үшін бізде тамаша мүмкіндіктер, қажет құ­ралдар бар. Қазіргі таңда кедендік, салықтық, бюджеттік және инвести­циялық саясатты қадағалай аламыз. Мұның бәрін экономикалық өсім үшін жасаймыз» деген еді Үкімет оты­ры­сында.

«Бизнестің жол картасы» бағдар­ламасы жұмыс істеп тұр, экспортты қолдауға бағытталған – 500 млрд, өңдеуші секторды қолдауға арналған 600 млрд теңге бар. Бизнестің дамуы үшін әр тиын тиімді жұмсалуы керек» деп мәлімдеген. Бұл – оның ақпан айында айтқан сөзі. Өкінішке қарай, жас ми­нистрдің жалынды сөздерінің іске аса жөнелуі де оңай шаруа емес. Азия даму банкінің сәуір айындағы есебіне сүйен­сек, мұнай бағасының арзандауына байланысты Қазақстан­дағы эконо­мика­лық өсім де баяу­лай­ды. Олардың дерегінше, 2018 жылы қол жеткізген 4,1 пайыздық меже биыл 3,5 пайызға, ал 2020 жылы 3,3 пайыз­ға төмендейді. Инфля­ция­ның ор­таша деңгейі 6 пайыз межесінде қала бермек.

Министрдің тағы бір ғажайып уәдесі – еліміздегі бай мен кедей арасындағы ара-жікті жою жайында. «Бай мен кедей мәселесі – елімізде бар проблема. Жақында ғана ми­нистрліктегі қоғамдық кеңесте осы мәселені күн тәртібіне енгіздік. Бұл – салық, инфляция секілді түйт­кілдерді бір бойына тоғыстырған елеулі мәселе. Біз оны шешуге тыры­самыз» деген еді министр.

25 ақпанда вице-министр лауа­зымынан министр лауазымына та­ғайындалған сәтте Руслан Дәленов елдің азық-түлік нарығындағы ба­ғамен күресетінін жария еткен. Онда ол Үкімет жиынына қияр мен қы­занақтың суретімен келіп, журналис­терді таңғалдырған. «Біз соңғы екі жылдағы динамиканы қарадық. Наурыз айында, ақпан айынан сәуір­дің ортасына дейін қияр, қызанақ секілді тауарлар қымбаттап кетеді. Осы мәселемен белсенді айналыса­мыз» деген. Министрдің бастамасы бойынша енді еліміздегі супермаркет пен шағын дүкендердің кіреберісіне азық-түлік бағасы жазылған қағаздар ілініп қойылмақ. Министр кәсіпкер­лерді осыған міндеттейміз дейді. Оның сөзінше сонда ғана тұрғындар бағаларды салыстыра отырып, арзан дүкендер қызметін тұтына алады. Дәленов бұл тәсілді қымбатшылықтан құтылатын бірден бір тәсіл ретінде көреді. Бұл әдіс өтімді болуы үшін әрбір сауда үйі бекіткен азық-түлік құны министрліктің сайтында жария болмақ. Кейіннен қағазға жазылып, сауда орындарының қасбетіне ілінеді. «Сауда үйіне келген тұрғындар азық-түлік бағасын көріп, таңдау жасай алады. Бұл қымбатшылыққа жол бермейді. Өйткені бизнесмендер бір-бірімен бәсекелесіп тауар құнын арзан етуге тырысады. Бұл – Еуропада бар тәжірибе» деді министр. Алдағы уа­қытта азық-түлік бағасы аспанға ұша ма, әлде бұл министрдің арзан попу­лизмі болып қала ма, оны да уақыт көрсетер.