Ғайбат пен айбат
Ғайбат пен айбат
576
оқылды

Қазір жұрттың соңынан шам алып түсу әдет болып кетті ме дерсің. Біреу аяғын сәл шалыс басса болды, соның артынан қалмаймыз-ау, қалмаймыз! Түтіп жейміз. Ол туралы айтпайтынымыз жоқ. Аңдып отырамыз, сүрінсе екен деп. Өзіміз жығылып жатсақ та соған күлеміз! «Көңіл бір атым насыбайдан да қалады» деген сөзді ұмыттық-ау, сірә...

Билікте жүрген бір апамыз қазақшаға ден қойып, өзінше ана тілінде жеткізе алмаса да сөйлей бастап еді, етке үйме­леген шыбынша сол кісіні қау­малай қалдық. «Тіл үйре­нем деп талпынып жүрген апайымыз ғой» деп емес, келемеждеу үшін.

Біраз уақыт бұрын жас әнші Әбдіжаппар Әлқожа «Өмір мен өнер» бағдарла­ма­сы­на сұхбат берген болатын. Оған «Қожа тек қожадан қыз алады деуші еді. Ол үрдіс қазір бұзылды ма?» деген сұрақ қойылды. Әрине, албырттық­пен Әбдіжаппар қисынсыз жауап берген болу керек. Сол күннен бастап жас әншінің артынан қаңқу сөз­дер кетті дерсің! Кейін «Мен онда қожалардың арғы жағын айта келіп, қазақпен біте­қайнасып, қазақтың орта­сында қазақ бола жүргенін айтқым келген. Мен ешқашан «арабпын» деп кеудемді кө­тер­­ген емеспін. Мен – қа­зақ­пын! Жаңылған тұстарым бар. Мені Әбдіжап­пар етіп көтерген – халқым. Алайда іріткі салатын жандар да бар. Мен енді ғана өсіп келе жат­қан жастарыңыздың бірімін. Сөз­ден қателессем, кешірім сұраймын. Ешқандай арам ойым жоқ!» – деп, алдында айтқан ағат сөздері үшін халықтан кешірім де сұрады. Жоқ, қоймаймыз ғой, кейін оның да әрбір басқан қада­мын аңдуға көштік. Өйткені біз сондаймыз!

«Жаңылмайтын жақ, сүрін­бейтін тұяқ болмайды», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегенді қазақ қалай дөп айтқан дерсің. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді». Тән жарасы­нан жан жарасы ауыр болаты­нын әсте естен шығармаған дұрыс. Көбіне оңды-солды қарғыс сөздер де кетіп жатады. Соған өзіміз мән бермейміз. Бірақ қазақ атамыз жөн-жосықсыз қар­ғыс айтпаған, сөздің де киесі барын ұққан.

Павлодардағы көрерменін зал­дан қуып шығып, қазақ­стандықтардың наразылығы­на тап болған Төреғали Төреәлі кезекті концерті кезін­де ақсақалдан кешірім сұрады. Алайда ол да – қазір халықтың «қара тізімінде».

Еліміздің туын әлемдік арена­да желбіреткен, мыңда­ған жанкүйерге әнұранымыз­ды тыңдатқан сайыпқыранда­ры­­мыз жеңіле қалса, тағы да жер-жебіріне жетеміз. Сол жастардың жылдар бойы елім деп төккен маңдай терін, ерік-жігермен келген жеңіс­терін, бізге әкелген қуанышты сәт­те­рін ысыра саламыз. Ауызы­мыз­дан ақ ит кіріп, көк ит шы­ғып балағаттауға да бара­мыз. Сөйтіп, ұландары­мыздың жігеріне құм құямыз. Арлан­бай­мыз, соны халыққа жыр қыламыз!

Әлеуметтік желіге көз салсаң, бұл өмірден баз кешіп кеткің келеді. Бір адам біреу туралы сөз жаза қалса болды, танысақ та, танымасақ та «жағы­мсыз кейіпкерді» қол­дан жасап алып, жеті атасына жеткізе даттаймыз. Ғайбат­тай­­мыз, әйтеуір, жай жатпай­мыз! Осыдан кейін «Апыр-ай, не деген халық едік?! Пейілі­міз неге тарылып кеткен?! Біреу­дің мінін тергенше, өзімізді неге түземейміз?» деп қынжы­ла­мыз...

Данышпан Абай жиырма төртінші қара сөзінде: «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі мил­лион­д­ай қазақ бар. Біздің қазақ­тың достығы, дұшпан­дығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқса­майды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүние­де бір қала да бар, дүние­­нің бас-аяғын үш айна­лып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» – деп қапа­лана айтқаны бүгінгі күнде де өзектілігінен арылар емес. Неге? Өйткені біз бір-біріміз­ге дос ретінде емес, жаулық пиғыл­мен қарауды қояр емеспіз...

«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер» дегенді біле тұра, осындайға барамыз, ә? «Әр қазақ – менің жалғызым» деген халық едік, қайда барамыз? Ойланайық­шы, ағайын!..