Билікте жүрген бір апамыз қазақшаға ден қойып, өзінше ана тілінде жеткізе алмаса да сөйлей бастап еді, етке үймелеген шыбынша сол кісіні қаумалай қалдық. «Тіл үйренем деп талпынып жүрген апайымыз ғой» деп емес, келемеждеу үшін.
Біраз уақыт бұрын жас әнші Әбдіжаппар Әлқожа «Өмір мен өнер» бағдарламасына сұхбат берген болатын. Оған «Қожа тек қожадан қыз алады деуші еді. Ол үрдіс қазір бұзылды ма?» деген сұрақ қойылды. Әрине, албырттықпен Әбдіжаппар қисынсыз жауап берген болу керек. Сол күннен бастап жас әншінің артынан қаңқу сөздер кетті дерсің! Кейін «Мен онда қожалардың арғы жағын айта келіп, қазақпен бітеқайнасып, қазақтың ортасында қазақ бола жүргенін айтқым келген. Мен ешқашан «арабпын» деп кеудемді көтерген емеспін. Мен – қазақпын! Жаңылған тұстарым бар. Мені Әбдіжаппар етіп көтерген – халқым. Алайда іріткі салатын жандар да бар. Мен енді ғана өсіп келе жатқан жастарыңыздың бірімін. Сөзден қателессем, кешірім сұраймын. Ешқандай арам ойым жоқ!» – деп, алдында айтқан ағат сөздері үшін халықтан кешірім де сұрады. Жоқ, қоймаймыз ғой, кейін оның да әрбір басқан қадамын аңдуға көштік. Өйткені біз сондаймыз!
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегенді қазақ қалай дөп айтқан дерсің. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді». Тән жарасынан жан жарасы ауыр болатынын әсте естен шығармаған дұрыс. Көбіне оңды-солды қарғыс сөздер де кетіп жатады. Соған өзіміз мән бермейміз. Бірақ қазақ атамыз жөн-жосықсыз қарғыс айтпаған, сөздің де киесі барын ұққан.
Павлодардағы көрерменін залдан қуып шығып, қазақстандықтардың наразылығына тап болған Төреғали Төреәлі кезекті концерті кезінде ақсақалдан кешірім сұрады. Алайда ол да – қазір халықтың «қара тізімінде».
Еліміздің туын әлемдік аренада желбіреткен, мыңдаған жанкүйерге әнұранымызды тыңдатқан сайыпқырандарымыз жеңіле қалса, тағы да жер-жебіріне жетеміз. Сол жастардың жылдар бойы елім деп төккен маңдай терін, ерік-жігермен келген жеңістерін, бізге әкелген қуанышты сәттерін ысыра саламыз. Ауызымыздан ақ ит кіріп, көк ит шығып балағаттауға да барамыз. Сөйтіп, ұландарымыздың жігеріне құм құямыз. Арланбаймыз, соны халыққа жыр қыламыз!
Әлеуметтік желіге көз салсаң, бұл өмірден баз кешіп кеткің келеді. Бір адам біреу туралы сөз жаза қалса болды, танысақ та, танымасақ та «жағымсыз кейіпкерді» қолдан жасап алып, жеті атасына жеткізе даттаймыз. Ғайбаттаймыз, әйтеуір, жай жатпаймыз! Осыдан кейін «Апыр-ай, не деген халық едік?! Пейіліміз неге тарылып кеткен?! Біреудің мінін тергенше, өзімізді неге түземейміз?» деп қынжыламыз...
Данышпан Абай жиырма төртінші қара сөзінде: «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын!.. Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» – деп қапалана айтқаны бүгінгі күнде де өзектілігінен арылар емес. Неге? Өйткені біз бір-бірімізге дос ретінде емес, жаулық пиғылмен қарауды қояр емеспіз...
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер» дегенді біле тұра, осындайға барамыз, ә? «Әр қазақ – менің жалғызым» деген халық едік, қайда барамыз? Ойланайықшы, ағайын!..