Баспана кезегінде 145 мың адам тұр
Баспана кезегінде 145 мың адам тұр
369
оқылды

Демографиялық дүмпу де жаман емес. Соған сай халық саны өсіп, мектептер, емдеу мекемелері­не және тағы басқа мәдени-әлеу­мет­тік нысандарға деген сұраныс барынша күшейген. Облыс әкімінің Талғар ауданына жасаған сапарында бұған көзіміз жете түсті.

Ауданның Бесағаш ауылын­да­ғы Қазақстан, Желтоқсан, Бей­біт­шілік көшелеріндегі жасал­ған жөн­деу жұмыстарына 27,3 млн теңге бөлінген. Сәуір-мамыр айла­рын­да атқарылған жөн­деу жұмыстарының нәтиже­сін­де 1,6 шақырым жолға асфальт төселіпті. Осы ауылдағы Белбұлақ, Ломоносов, Молдағұлова, Құр­ман­­ғазы көшелеріне орташа жөн­деу жұмыстарын жүргізу және Молдағұлова көшесі аяғындағы кө­пірді жөндеудің жобалық-сме­та­лық құжаттарына 3,7 млн теңге қаражат бөлініпті. Жалпы аудан­да­ғы жергілікті маңыздағы жолдар­дың құрылысына биыл 596 млн тең­ге бөлінсе, оның 100 млн теңге­сі – күрделі жөндеуге, 95,5 млн тең­гесі орташа жөндеуге, ал қалған сома­сы ағымдағы жөндеуге қарасты­рылған.

Облыс әкімінің ауылда жүрге­нін естіген бесағаштықтар күнде жолыға бермейтін басшылар ал­дын­да мәселелерін айтып қалуға асықты. Оларды негізінен толған­ды­ратын жағдайлар жолдың на­шар­лығы мен ауызсудың сапасы, мектептің қашықтығы, денсаулық сақтау мекемесінің жұмысы   сын­ды күнделікті тірліктің тірегі бола­тын салалар екен. Амандық Баталов жыл сайын облыстың өзіне тиесілі жолдарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 16 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп отырғанын айтты. Соның ішінде биыл Бесағаш ауылының аталған төрт көшесін жөндеуге қаржы міндетті түрде бөлетінін жеткізді. Түрғын үйлер салу кезінде мектеп пен балабақша, медициналық пункт салуды да естен шығармау керегін жанында жүрген лауазымды тұлғалардың есіне салды. Облыс əкімдігіне тұр­ғын­дардан келіп түсетін өтініш­терде Талғар ауданының бірқатар ауылдарындағы ауызсу мәселесі де көтерілген болатын. Аталған мәсе­ле­лердің шешілу барысы да назар­дан тыс қалған жоқ. Қазіргі кезде Өстемір, Кеңдала, Нұра, Еркін, Тереңқара ауылдарында су құбыры тартылуда.

Талғар қаласындағы құрылысы аяқталған 60 пәтерлі несиелік тұрғын үй бойынша «Тұрғынүй­құры­лыс­жинақбанкі» АҚ пәтер­лер­ді бөліп жатыр. Осы үйдегі 14 пәтер кезекте тұрғандарға беріледі. Құры­лысы жүріп жатқан 60 пә­тер­лі жалдамалы 2 тұрғын үй құрылысы келер жылдың ақпа­нында аяқталуы тиіс. Алайда об­лыс әкімі қалған қаржысын жыл­дам­датып шешіп, нысандарды қара­шаға дейін аяқтауды тапсыр­ды. Сөйтіп күздің соңына қарай ке­з­екте тұрған тағы 120 азамат, со­ның ішінде көпбалалы, аз қам­тыл­ған отбасылар мен бюджет қызметкерлері баспаналы болмақ. Бұлардан басқа «Жаңа Talgar City», «Алма Тау», «Нұрия», «Достар», «Аспан сити» тұрғын үй кешен­дерінің құрылысы аяқталғанда жалпы аумағы 850 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, соның тең жартысына жуығы «7–20–25» бағдарламасымен ұсыныл­мақ. Қарасай ауданы аумағында салынатын «Қарлығаш», «Гранит» ТК туралы да айтылды осы сапар кезінде. Облыс әкімі ең алдымен құрылыстың сапасына назар аударуды, ең бастысы мектеп, балабақша, тірек пункті, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды жобалауды, бейне­ба­қы­­лаумен қамтуды ұмытпау ке­рек­­тігін ескертті. Сондай-ақ тұр­ғын үй кешендерінің инфра­құры­лы­мын дамытуға қолдау көрсеті­ле­тінін жеткізді.

Талғар ауданында бүгінгі күні 3012 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның 547-сі – көпбалалы, 700-і – әлеуметтік әлжуаз топтан, 900-і – бюджеттік сала қызметкерлері.

– Қазіргі кезде Алматы облы­сын­да 10 мың шақырым жол бол­са, соның 7,5 мың шақырымы – жергілікті жолдар. Біз ауылішілік жол­дарға ерекше назар аударып, қомақты қаржы бөліп, реттеп жатыр­мыз. Бесағаш ауылындағы жол – соған дәлел.

Талғар ауданында халықты баспанамен қамту тым күрделі болып тұр. Облыста 145 мыңнан астам адам кезекте тұрса, соның басым бөлігі Алматы қаласы ма­ңын­­дағы аудандарға тиесілі. Елбасының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7–20–25» мемлекеттік бағдарламалары және көпбалалы отбасыларға арнап үйлер салу міндеті тұрғындарды баспанамен қамтуда көп мүмкіндіктер береді. Бизнесті бірлесе жұмыс істеуге тартудың нәтижесінде бір ғана Талғар ауданының өзінде 850 мың шаршы метр тұрғын үйдің құры­лы­сы басталды. Осы пәтерлер ретімен қолданысқа берілгенде кезек те жылжиды, сұраныс та азаяды. Тұрғын үй кешендерінде халықтың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан әлеуметтік нысандар­мен, бейне­бақы­­лаумен қамту ойластырылған.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы