Жетістік бірден келмейді
Жетістік бірден келмейді
358
оқылды

Әрине, негізгі мақсат – халықтың медициналық кө­мекке қолжетімдігін арттыру. Отырар аудандық орталық ауруханасы жалпы саны 47 205 тұрғынға қызмет көрсе­теді. Ауруханаға қарасты 13 дәрігерлік емхана, 7 фельд­шерлік акушерлік бекет және 14 медициналық бекет бар. Сонымен қатар аурухана 185 тәуліктік және 45 күндізгі тө­сек орынға арналған. Оған қоса, 6 бөлімше және 4 ауыл­дық аурухана бар. Онда соңғы заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қол­дауымен ауруханаға за­манауи лапороскопиялық құ­рылғы алынды. Соның ар­қа­сында енді жасалынатын опе­рациялардың ауқымын кеңейтуге, оның асқынуын азайтуға мүмкіндік алды. Жедел жағдайда көрсетілетін көмек сапасын арттыруға қо­сымша ересек және балалар өкпе жүрек жасанды аппараты екеуден алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тікелей баста­масымен соңғы 2 жылда шал­ғайдағы елдімекендерде ме­ди­циналық ғимараттарды тип­­тік формада салу және жөн­деу жұмыстары қолға алынуда.

– Емделушінің құқын қор­ғауды қамтамасыз етуде барлық медициналық ұйымда арнайы сенім телефоны бар. Мәселен, облыстық аурухана жанынан Call-орталық құ­рылған. Онда түскен шағым­дарды дереу тексеріп, кем­ші­ліктердің алдын алу ұстаны­мымен жұмыс істеуде. Ар­найы сайтымыз да бар. Егер медициналық қызметкердің қызмет көрсетуіне көңілі тол­маса сол жерде шағымын қал­­дыра алады. Оларды мүм­кін­дігінше қысқамерзім ішін­де қарастырып, кемші­ліктерді жойып, жұмыс сапасын арт­тыруға тырысады, – дейді Отырар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігері Райымбек Тасырбаев.

Бірыңғай ұлттық денсау­лық сақтау жүйесі енгізгеннен бері медициналық көмектің қолжетімдігі жақсарған. Емдеу мекемелеріндегі бар­лық көмек пен қызмет электронды түрде жүргізілуде. Мысалы, ауруханаға жатып емделу электронды түрде, автоматты жүйеде белгіленеді. Сол арқылы ауруханаға жатар күнді және емделетін ме­кемені таңдауға мүмкіндік бар. Қазақстанның кез келген азаматы басқа аймақтарға емделуге, соның ішінде ғы­лыми-зерттеу институт­тары мен ғылыми орталықтарға баруға, жоғары мамандан­дырылған көмек ала алады.

Халықтың медициналық көмекке жүгіну барысын оңтайластыруда емханада электронды құжат айналымға ауыстырылған. Бұл өз кезе­гінде пациенттердің үйден шықпай дәрігер қабылдауына жазылу не оны үйге шақыра алады. Қазір ауданда тұратын халықтың 100 пайызына элек­тронды денсаулық пас­пор­ты жасақталған. Енді бұрынғыдай медициналық құжаттамалар алып жүру қажетті жоқ. Тек жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті.

– Кез келген емхана, ең алдымен, кадрлық ресурсты реттемесе, онда медициналық көмектің сапасы толыққанды болмайды. Сондықтан біз жыл сайын жоспарлы түрде мамандарды біліктілік арт­тыру курсына және жетіспей жатқан мамандарды қайта даярлаудан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары біздің мамандар шет елдерде білімін жетілдіруде. Мысалы, 8 маман Новосібірде білімін жетілдірсе, екі маман Кореяда біліктілік арттырып, тәжірибе алмасты. Бұл өз кезегінде көр­сетілетін көмектің сапа­сын арттыруға және тәжіри­беге жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Қазір ауданымыздан екі дә­рігер қайта даярлау кур­сынан өтуде. Жыл көлемінде қосым­ша 3 маманды қайта даярлауға жіберу арқылы кадр тапшы­лығын жоюды көздеп отыр­мыз. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Отырар аудандық орталық ауруханасынан 29 дәрігер және 88 мейірбике ауруларды басқару бағдарла­масы бойынша білімін жетіл­діріп, қосымша жалақы алып отырса, патронатты жүйе бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерді оқыту үстін­деміз, – деді бас дәрігер.

Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің бұйрығына сәй­кес барлық туу жасындағы әйелдер жыл сайын профи­лак­тикалық тексеруден өт­кі­зі­леді. Жүкті әйелдердің ден­саулығын тұрақты бақылау мақсатында аурухананың емхана бөлімшесінен арнайы «ситуациялық орталық» ашыл­­ған. Міне, осы жерде олар­дың денсаулығына тұрақ­ты түрде бақылау жасалады. Соның арқасында ауданда жыл сайын туу көрсеткіші артып келеді.

– Біздің басты мақсат – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету. Оған барлық мүмкіндік бар. Сол үшін ау­дан­ның ақ халатты абзал жандары емделушілерге ерек­ше мейіріммен қамқорлық көрсетеді, – дейді Райымбек Тасырбаев.

 

Мейрамгүл СЫБАН