Егістен дүкенге жетсе игі...
Егістен дүкенге жетсе игі...
229
оқылды
«Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – мемлекет қауіп­сіз­дігінің басты міндеті. Мұны  қалыптасқан ахуал анық аңғартты. Сон­дықтан біз ауыл шаруа­шылығы са­ла­сына барынша қол­дау көрсете береміз». Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда Төтенше жағ­дай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік ко­миссияның қорытынды оты­рысында осылай деді. Иә, әлемдік пандемия салдарынан республикамызда 54 күнге со­зылған төтенше жағдай біраз жайдың бетін ашып көрсетті. Қазір бар­­шаның аузында жүр­ген сөзге салып айтар болсақ: «енді әлем бұрын­ғыдай болмайды». Ко­ро­навируспен қабаттаса келген мұнай­­дың нарықтағы құнының түсіп кетуі де елі­міздің ертеңгі ұста­нар бағытын айқындап бергендей. Ол бағыт – ауыл шаруа­шы­лығы. Ата­кәсіпке –  мал бағуға, егін салуға жаппай оралатын сәт туды. «Ең бас­тысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және эко­номикалық тиім­ділікті арттыру үшін ресурстарды қай­да жұмсау кере­гін білеміз»,  – деді Қ.Тоқаев. Президент тап ба­сып атап көрсеткендей, ел экономикасының ке­ле­шектегі құры­лымын айқындау үшін ауыл шаруашылығы саласының рөлін анық­­тап алуымыз қажет. Белгілі қоғам қайраткері, эко­но­мика ғылымдарының докторы Ора­залы Сәбденовтің пікірінше, ауыл шаруашылығын дамыту де­ге­німіз – ауылды дамыту. «Ауылда халқымыздың 43%-ы, яғни 7 млн-нан астам адам тұрады, олардың ішін­де жартысына жуығы жастар. Өкінішке қарай, қазір ауылда ең тиімді жұмыс мал бағу емес, ке­рісінше, мал ұрлау болып тұр. Се­бебі өңірлердегі жұмыссыздық ор­таша есеппен 60-70%-ды, кей жер­лерде 80%-ды құрайды. Бұл ста­тистиканы мен аудандарды, оң­түстік облыстарды аралап шы­ғып айтып отырмын. Егер ауылда жұмыспен қамтылған мұғалімдер мен дәрігерлер, әкімшілік және шаруа қожалықтары қызмет­кер­лерін алып тастап есептесек, жұ­мыс­сыздықтың нақты есебі шыға келеді. Жастар жазда 2-3 ай қалаға ба­рып жұмыс істейді де, күзде ауыл­ға оралып жұмыссыз отырады. Осы­дан келіп жаман жолға түсіп кету­ге мәжбүр болады», – дейді ға­лым. Биыл ел Үкіметі ауыл еңбек­кер­­­лерінен өнімді алдын ала сатып алу шараларын қарастырып жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, оффтейк-келісімшарттары ен­гізі­ліп, фермердің несие бойы­н­ша қа­­рызы қайта құрылымдалады. Яғ­ни, саланы қаржыландыру мүм­кіндігі кеңейтіледі. Аталған жұ­мыс­тар «Қаз Агро» компаниясы ар­қылы жылдық мөлшерлемесі 6% болатын жеңілдетілген шағын несиелер көмегімен жүзеге аспақ. Бұл тұрғыда экономист сарапшы Ора­залы Сәбденов бюджет қара­жа­тын агросекторға бағыттауда ашық­тық, қатаң жауапкершілік болуы керегін алға тартады. «Ең жа­маны – бізде өтірік ақпарат беру, қағаз жүзінде есеп беру әдетке ай­налып кетті. Мемлекет қоржы­нынан ауылдағы халыққа бөлінген ақшаға ортақтасатындар көп. Осы делдалдық әрекетке тыйым сала­тын уақыт жетті. Ұсақ шаруашы­лық­­тарда өнімді молайтуға тех­ника, жаңа технология жетіспейді де, бәсекелестікте ұтылып жатыр. Сондықтан оларды ірілендіру үшін «Кооперация туралы» заңды тезі­рек іске асыру қажет. Коопе­рация мемлекеттің көмегін тиімді жүзеге асырудың да кепілі болар еді», – дейді ғалым.  

ӨНДІРІС БАР, ӨНІМ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Айтса айтқандай, елімізде 1 млн 700 мыңдай жеке қосалқы ша­руа­шылық жұмыс істейді. Жыл сайын көкөніс шаруашылықтары 3 млн тоннадан аса өнім өндіреді. Ал ішкі нарық қажеттілігі – 2,16 млн тоннадай, яғни өнім артығы­мен шығады. Алайда дүкен сөре­ле­рі мен базарда өзіміздің өнім қат, болса да бағасы аспандап кеткен. Азық-түлік құнының жыл сайын кө­терілетініне көзіміз үйренгені рас. Десе де, биылғы баға «әкесінің құ­нын сұрағандай» алқымнан алды. Әсіресе, қыста лимон мен зімбір және сарымсақ (чеснок) қым­батшылыққа қатты ұрынды. Оған «коронавирусқа қарсы тап­тырмас ем» деген дақпырт та қатты әсер еткені анық. Әйтсе де, зімбір мен лимонның төркіні белгілі, ал сарымсақтың келісі 3 мың теңгеге ба­ратындай не әсер етті? Күні кеше ғана елорданың супермар­ке­тіне бас сұққанбыз, сарымсақ әлі ар­зандамапты, келісі 1 500 тең­г­е­ден сатылып жатыр.    width= Осы орайда, басқа өнімді қоя тұрып, биылдыққа қол жеткізбей қойған сарымсаққа қатысты мә­лі­метті іздестіріп көрдік. Қазақ­стан­ның жылдық тұтыну көлемі 35 мың тон­на маңайында. Ал өзі­мізде өсе­тін сарымсақ 15 мың тон­на­дай ғана, яғни сұраныстың жар­­тысын да жаппайды. «Қазақ кар­топ және көкөніс ғылыми-зерт­теу инсти­тутының» мамандары Ал­маты облысында бір гектар жер­ден 15-20 тонна сарымсақ алуға бо­латынын айтады. Демек, аталған өнімді 2 мың гектар жерге ексек, ішкі қа­жеттілік толығымен жабыл­мақ. Былай қарасаңыз, сарымсақ ай­тарлықтай күтімді қажет етпей­тін көкөністің бірі. Көктемде егіп, күзде қазып аласың. Алайда оны өсі­руге кететін өзіндік құн шығы­нын Қытайдың арзан өнімі бәсе­ке­де басып озып кетеді де, кәсіп­кер­лер артық өнім өсіруден қаш­қақ­тайды. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, Қытай әлемдегі сарымсақ өндірісінің (шамамен 26 млн тон­на) жартысын өндіреді. Ханзу хал­қында мынадай бір мәтел бар екен: «Әлем сарымсақты Қытайдан күтеді, ал Қытай – Цзиньяннан кү­теді». Себебі ҚХР-дың Цзиньсян аймағында өсірілетін сарымсақ 160 мем­лекетке экспортталады. Қы­тай­дың арзан сарымсағы жалғыз біз­ді ғана емес, одақтас Ресей мен Беларусьтің де өндірісінің адымын аштырмай тұр. Дүниежүзінде са­рымсақ өндірісі бойынша ал­тын­шы орындағы Ресей жылына 260 мың тонна өсіргенімен, өзіне жет­пейді, 70% өнімді ҚХР-дан им­порт­тап отыр. Ал статистика дере­гіне қарасақ, біздің еліміз 2017 жы­лы 35 млн долларға сарымсақ пен пиязды сырттан сатып алыпты.  

НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМА – ӨНІМДІ ӨТКІЗУДЕ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Тө­тенше жағдай режимін қам­та­ма­сыз ету жөніндегі мемлекеттік ко­­­миссияның қорытынды оты­ры­сында агроөнеркәсіп саласындағы өнімді өткізу мәселесіне де ай­рық­ша тоқталды. «Үкіметке «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сы­мен бірлесіп, ауылдағы коопе­ра­циялық желіні дамыту үшін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бір­неше өңірде бастауды тапсырамын. Со­дан кейін оның ауқымын кеңей­тіп, 2021 жылдың ортасына қарай то­лыққанды бағдарлама әзірлеуге болады», деген болатын. Осы орайда, Алматы облы­сын­дағы көкөніс шаруашылығының басшысы Нұрмұхан Етекбаевқа ха­барласып, өнімді өткізудегі не­гіз­гі мәселе туралы сұрадық. «Өнім­ді өткізу деген проблеманың кө­кесі ғой, ауыл шаруашылығында одан асқан проблема жоқ» деп әңгімесін бастады фермер. Н.Етекбаевтың көкөніс өсіру­мен айналысқанына 21 жыл бо­лып­ты. Бүгінде NAZ-DANA  ЖШС 1 000 тонна пияз, 200 тонна картоп, 100 тонна сәбіз және 70-80 тонна қы­зылша өсіреді. «Көкөніс – тез бұ­зылатын азық. Фермерлердің көбі оны сақтай алмайды, қойма аз, жабдығы ескі. Күзде өнімді алы­сымен, бірден өткізіп жіберуге тырысамыз, тіпті кей жылдары өзін­дік құнын шығара алмаған жағ­дайлар да болады Былтыр қызылшаның келісін 10 теңгеге өткізе алмай қор болдық. Пияз да со­лай, шіріп кеткен соң далаға лақтырдық. Ал қалаға келсем, мен өт­кізе алмай отырған пияздың ке­лісі 200 теңгеден сатылып жатады. Сонда кім пайда тауып отыр? Жал­пы, Қазақстанда өнім өткізу фор­му­ласының қалай жасалатынына менің басым жетпей қойды» деп ре­нішін жеткізді. Фермердің сө­зінше, көкөніс өсірушілер көктем, жаз айларында өнімді өсірумен әлектенсе, күзде өткізуді ойлап уайым кешеді. Әлеуметтік мәселе тағы бар. Айт­пақшы, агросекторда жұмыс істейтін жандардың әлеуметтік тұр­ғыдан қорғалмағанын, өнімге ке­пілдік беру жүйесі жасалмағаны да өзекті мәселеге айналған. Оны Президент те атап айтты. «Бұл рет­те «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдерін пайдаланған жөн. Тұрақ­ты сатып алу және сату жүйе­сін қалпына келтіру керек. Мұның барлығы 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Сол ар­қы­лы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің импортын азай­туға болады», – деді Қ.Тоқаев. Экономист маман Оразалы Сәб­де­новтің есебінше, отандық өнді­ріс пен шаруаларды қолдау үшін Қазақстанда логистикалық ХАБ құрылуы керек. «Ол – оңтүстіктегі фермердің өнімін егістік басынан елордаға және еліміздің облыс ор­талықтарына тікелей жеткізетін жүйе. Президенттің айтып отырған жаңа бағыты да осы болса керек. Логистикалық жүйе қалыптасса, алыпсатарлар, делдалдар нарықтан өздігінен шығып қалады да, оның тиімділігін шаруа мен тұтынушы көрер еді. Ол бағыттың іске асуына «Атамекен» ҰКП және жергілікті әкімдіктер жауапты болуы керек. Бірақ бұл жүйе бизнестің жолымен, нарық заңдылығымен жүргізілуі тиіс. Яғни, ол салық мәселесі, не­сие беру, инвестиция тарту жұ­мы­сы. Ал оның атқарылуын қоғамдық кеңестер бақылауға алып, жауапты болсын. Өкінішке қарай, біздегі қоғамдық кеңес мүшелері әкім­дерге жалтақтап отырады да, не қоғамға, не атқарушы билікке бе­де­лі жоқ. Халықтың сөзін сөйлей­тін, өмірлік тә­жірибесі бай, іскер адам­дар осы кеңес­ке келгені жөн», – дейді О.Сәб­денов. Қазақстанның аграр­лық әлеуеті әлемнің үштен бірін азық-түлік өнімдерімен қамта­ма­сыз етуге жетеді. Бұл – біздің емес, шаруашылық басында жүрген фермерлердің пікірі. «Егер өнімді өткізу мәселесі шешілсе, салаға суб­сидия бөлудің де қажеті бола қой­мас еді», – дейді олар. Демек, бар­лық мәселе салаға қатысты мем­лекеттік саясат пен көқарастың өз­геруінде тұрғаны анық.  

   width=Бауыржан БАЗАР