– Бүгін біз орыс халқының мақтанышы, ұлы ақын Александр Пушкиннің ескерткішіне гүл шоғын қоюмен ғана шектелмейміз. Сонымен қатар әлем таныған тұлғаның мерейтойына жиналдық, – шаһардағы Абылай хан даңғылына жақын, Еуразия ұлттық университеті Студенттер жатақханасының алдында орналасқан Пушкинге қойылған ескерткіш жанында өткен салтанатты жиында сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының басшысы Константин Воробьев осылай дей келе, Пушкиннің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар астаналықтарға осындай ғибратты іс өткізіп, еске алып жатқандарына алғысын білдірді.
«Ашық микрофон» аясында талантқа тағзым етіп келгендер белгілі ақындардың Пушкинге арнаған өлең жолдарын және ақынның жеке туындыларын жатқа оқыды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Бұл шараны М.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстан филиалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығы, қазақ еліндегі «Ресей ЖОО түлектері» қоғамдық бірлестігі және қалалық Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі дирекциясы ұйымдастырып, өткізгенін атай кету керек. «220 Пушкин Қазақстанды аралауда» деген флешмоб қызықты өтті. Пушкин болып киінген бірнеше адам қаланы аралап, ойындар жүргізіп, ақынның өмірбаяны мен шығармалары жөнінде сұрақтар қойды. Дұрыс жауап берген немесе ақынның өлеңдерін жатқа айтқандарға арнайы сыйлық табысталды. Мұндай кеш Қарағанды, Алматы, Степногор және Көкшетау қалаларында да жалғасын тапты.
Әділ БЕК