«Құмар ойын да – ауру» – Мәжіліс төрағасы казино ойнатындарды туыстары да жауапқа тарту керегін айтты
«Құмар ойын да – ауру» – Мәжіліс төрағасы казино ойнатындарды туыстары да жауапқа тарту керегін айтты
Фото: Интернеттен алынды
381
оқылды
Алдағы уақытта Қазақстанда букмекерлік кеңселердегі ставкаларды есепке алу орталығы құрылады. Мәжілістің жалпы отырысында Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, бәс тігуге қатысуға шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру жоспарланып отыр. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралап жатыр. «Заң жобасы бумекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін реттеу әрі бақылауды жетілдіруге, құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтардың санын қысқартуға бағытталған. Заң жобасының жұмысына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және министрлікте құрылған жұмыс тобы аясындағы қоғамдық ұйымдардан сарапшылар қатысты», – деді Райымқұлова. Оның сөзіне қарағанда, ойын бизнесі туралы құжатта құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу тетігі енгізіледі. «Уәкілетті мемлекеттік органдарда букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақша операциялары туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бәс тігуге қатысудан шектеу тетігін іске асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру көзделеді. Қазіргі уақытта саланы мемлекеттік реттеудің маңызы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың айналымы туралы нақты мәліметтердің болмауына байланысты. Осы себепті ставкаларды есепке алу орталығын құру ұсынылады, бұл ретте онда букмекерлік кеңсеге қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер ескерілуі тиіс. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемдердің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деді министр. Сондай-ақ талқылауда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заңды білетін азаматтардың да жиі құмар ойындар ойнайтынына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан Мәжіліс отырысында талқыланған мәселелердің барлығын жан-жақты ескеру керек екенін айтты. Тіпті, құмар ойыннан бас тарта алмайтын ойынқұмарлардың туыстарына да жауапкершілік қарастыру жайын айтты. «Шын мәнінде, игромания ауруға жататын нәрсе. Оған үйренген адам оны өз күшімен жеңе алмайды. Сондықтан, депутаттар жаңа норма енгізіп отыр. Ол бойынша игроманияға берілген азаматты одан шығару үшін туысқандары сотқа бере алады. Бұл қажетті және тиімді норма деп есептеймін», - деді Н. Нығматулин.