«Тендерден» 669 миллион теңге ұрлаған 19 адам сотталды
«Тендерден» 669 миллион теңге ұрлаған 19 адам сотталды
Фото: Интернеттен алынды
260
оқылды
Қазақстанда биыл үш айда мемлекеттік сатып алу саласындағы 19 адам сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция департаменті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің басқармасы басшысы Данияр Якупов: «Мемлекеттік сатып алу саласында ескерту жұмыстары қалай жүргізіледі? Қанша қаражатты үнемдеп қалдық? Мамыр айының басына дейін 2 млрд 800 млн теңге қаражатты үнемдеп қалдық. Бұл соманың бір бөлігі бюджетке қайтарылды, бір бөлігіне басқа да сатып алу жүргізілді», – деді. Оның айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы 19 адам сотталған. Олардың іс-әрекеттерінің салдары 669 млн теңгелік шығын келтірген. «Мысал ретінде айта кетейін, биыл сәуір айында Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары 247 млн теңгені үнемдеді. Осы соманың 163 млн теңгесі бір ғана тапсырыс берушіге қатысты. Ол – І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университет. Сонымен қатар Түркістан облысындағы департамент негізгі келісімге тіркелген қосымша келісімді бекіту ісін шектеп, келісім бойынша соманы 32 млн теңгеден 35 млн теңгеге арттыруға жол бермеді. Ол қосымша келісімді Кентау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы жасамақ болған», – деді Данияр Якупов. Бұған дейін жемқорлыққа қатысты әрбір жетінші қылмыс «тендермен» байланысты екенін жазған болатынбыз.