#NurOtanTrends алаңында бас қосқан елімізге белгілі сарапшылар мен мамандар #BIRGE жалпыұлттық акциясының алдын ала нәтижелерін талдап, талқыға салды.
Пікірсайысқа Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова, Nur Otan партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, «Атамекен» ҰКП әкімшілік департаменті директорының орынбасары Бауыржан Оразғалиев, Nur Otan партиясы Стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Юлия Кучинская, «Еуразиялық мониторинг» орталығы директорының орынбасары Жанар Төлендинова қатысты.
Бағдарламаны TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізді. Талқылау кезінде әрбір ел тұрғынының ұсынысы Nur Otan партиясының назарынан тыс қалмайтыны айтылып, жалпыұлттық акциясы жұмысы туралы түсірілген арнайы бейнесюжет көрсетілді.
Фархад Қуанғановтың айтуынша, ағымдағы сайлау науқаны кезінде азаматтардан 450 мыңнан астам әлеуметтік өтініш келіп түскен. Талқылау кезінде Юлия Кучинская азаматтардың жолдаған өтініштеріне жан-жақты талдау жасады. Ал Жанар Төлендинова әлеуметтік талаптар елдің макроэкономикалық көрсеткіштерінің бұрынғы жетекші тақырыптарынан басым екенін атап өтті.
Өз кезегінде Зарема Шаукенова мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етсе, Бауыржан Оразғалиев азаматтар өздерінің қаржылық сауаттылығын арттыруға тиіс екенін баса айтты.
Пікірсайыс алаңында қазақстандық білім берудің проблемалық мәселелері де талқыланды. Талқылауды қорытындылаған Фархад Қуанғанов акция аясында атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталды. Отырыс соңында партия хатшысы бұл акция еліміздің даму жолында әр қазақстандыққа беріліп отырған үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Айта кетейік, жалпыұлттық акция жарияланғалы бері науқан бойы халықтың ұсынысы мен тілектері жиналды. Іс-шара барысында еліміздің әр азаматы жергілікті жердегі қоғамдық штабтарға келіп пікірін білдіріп, дамудың жаңа кезеңінде Қазақстанның алдында тұрған басым бағыттарды айқындауға қатысты.
Әбілмансұр ЖАСАН