Қаржы шығындалды, қайтарымы қайда?
Қаржы шығындалды, қайтарымы қайда?
357
оқылды

Үкіметтің дерегінше, жалпы алғанда, ел экономикасының даму қарқынының көптеген жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізілген. Былтыр ЖІӨ-нің өсімі 4,1%-ды құрады. Ал ныса­на­лы индикатор 3,8% болған-тын. Жылдық инфляция 5,3% межесінде тоқтапты. Яғни, 5-7% дәлізінен аспады. Ұлттық қорға құйылған мұнай түсімдері 2017 жылмен салыстыр­ғанда, 1,5 еседен артыққа ұлғайды. Осы­ның барлығы бюджеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарланушылығын сақтап қана қоймай, ары қарай өрістетуге де мүмкіндік берген. Атап айтқанда, өткен жылы әлеу­меттік салаларға жұмсалған қара­жат көлемі алдыңғы жылғы­дан 14%-ға артып, 4 триллион 275 миллиард теңге болды. Бұл – ел бюджетінің барлық шығыстары­ның 42,2 пайызы.

– Елбасы Н.Назарбаев­тың күш-жігері, оның макроэко­но­ми­калық проблемаларды шешуге ұдайы мән беруі, әлеуметтік-экономикалық салада салмақ­ты шараларды жүзеге асыруы арқа­сында былтыр ел экономи­касын дамытудың жоспарланған межесіне қол жеткізілді, – деді Н.Нығматулин.

Сонымен бірге, ол шешімін таппаған бірқатар салмақты мәселелерге Үкіметтің және Есеп комитетінің назарын аудартты.

– Елбасы 2018 жылғы қазан­дағы Жолдауында Үкімет алдына қойған басты міндеттердің бірі шығындарды оңтайландыру және қаражатты үнемдеу, тиімсіз және уақыты келмеген шығыстар­ды болдырмау бойынша жүйелі шаралар қабылдау болатын, – деп еске салды ол.

Бұл ретте Мәжіліс басшысы­ның байла­мынша, бюджетті сапалы орындау үшін Үкіметте әлі де болса, резервтер қалуда.

– Бүгінде мемлекеттік орган­дар­дың барлық жұмысы көп жағдай­да бюджеттік рәсімдерді формальды түрде орындай салуға бағытталған сияқты. Ал нәти­же, яғни осы шығыстардың түпкі нысанасы кейінгі орынға сырғиды, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Бюджеттік қаржыларды тиім­сіз пайдалану себептері ретінде сауатсыз бюджеттік жоспарлау, министрліктер мен ведомстволар­дың бюджеттік бағдарлама­ла­рын тиісті үйлестірудің жоқтығы атал­ды. Мұның сыртында бюджеттік бағдар­ламаларда қарастырылған мақсатты көрсеткіш те өзара қабыспайды.

Бұдан бөлек, депутаттар са­лық­тық әкімшілендірудің нашар­лығын да қаперге салды. Сал­дары­нан салықтық берешектер көлемі 198 миллиард теңгеге жеткен. Ал Қаржы министрінің тыйым салатын бұйрығына қарамастан, аванс­тық төлемдер ауқымы 2017 жылға қара­ғанда, 111 миллиард теңгеге өсіп шыға келген. Мәжіліс төрағасының пікірінше, бизнестен салықтарды осылай аванс түрінде алып қою арқылы салық орган­дары­ның өкілдері жоспарлы көрсеткіш­те­рін орындайды. Қазіргі уақытта салық­тық әкімшілендіруді жақ­сарту жұмыс­тары жүргізіліп жат­қанына тоқталған Н.Нығма­ту­лин нәтиже әлден көрінуі үшін ол іске серпін беру керегін нықтады.

Талқылау барысында қалаулы­лар білім беру жүйесіне, соның ішінде үштілді білімге көшу мақ­са­тында пән мұғалімдерін ағыл­шын тіліне оқытудың сапасына жеке көңіл бөлді. Кейбір депутат­тар не себептен сертификатының болуы ғана мұғалімдерге қосымша төлем төлеудің жалғыз критерийі­не айналғанын мәселе етіп көтер­ді. Мәселен, Үкіметтің 2018 жылғы есебінде көрсетілгендей, республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден астам ақша тіл курстарынан өткен 6 740 мұғалімнің жалақысына қосымша төлем ретінде бөлінген. Алайда бүгінде соның тек 818-і, яғни 12 пайызы ғана сабақты толығымен ағылшын тілін­де жүргізеді. Қалған 5 922 педагог пәнді ішінара ағылшынша араластырып өткізеді екен. Соған қарамастан, депутат­тардың дерегінше, осы екі категория да бірдей қосымша тө­лема­қыға ай сайын 35 394 теңге­ден алады. Демек, ағыл­шын­ша түрлі деңгейде сабақ өткізсе де, бірдей қосымша ақы төленеді.

– Сіздер білімі үшін емес, «Серти­фикат» деп аталатын А4 форматындағы қағазы үшін үсте­ме төлем төлеп жүрсіз­дер. Сал­дарынан, мұғалімдер арасын­да тіл білу дәрежесіне мән берілмейді. Мұның не үшін жасалатыны да түсінікті. Бұл сіздің есептеріңіздегі көрсеткіштерді жақсартуыңызға жол ашады. Алайда осының кесі­рі­нен ұстаздардың барлық сана­тының ынта-ықыласы жойылады. Әрі бұл – нағыз әділетсіздік! – деп көңіл­тол­мастық білдірді БҒМ басшысына Мәжіліс төрағасы. Ол осындай кәсіби емес тәсілден оқу сапасы зардап шегетінін айтты.

Депутаттар ақпараттық жүйе­лер­дің жұмысына да кейістік білдірді. «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын жүзеге асыруға берілген ел қаржысының 99,7 пайызы жұмсалып кеткеніне қарамас­тан, бұл салада проблема­лар қалған. Оның үстіне бұл жүйелердің күні бүгінге дейін өзара интеграцияланбауы мемле­кет­тік қызметтер көрсету сапа­сына кері әсер етуде. Қазақстанда цифрландыруға тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттен 132 мил­лиард теңге бағытталған. Мәсе­лен, Ішкі істер министр­лі­гі­нің 6 ақпарат­тық жүйесі «Азаматтарға арналған Үкі­мет» мемкорпора­ция­сының ақпараттық жүйесімен кіріктірілген. Бірақ іс жүзінде олардың бір де бірі ақау-үзіліссіз жұмыс жасамайды.

– Нәтижесінде, «Азаматтарға арнал­ған Үкімет» филиалдарының (ХҚКО) жұмысы тек өткен жылы ғана 356 сағат­тан астамға тоқтап тұрған. Егер мұны 8 сағаттық жұмыс күніне шақсақ, онда 45 жұмыс күні шығады. Мұндай көзбояу­шы­лықтың азаматтарға еш қажеті жоқ. Ақша молынан бөлінеді және игеріледі, ал жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Проб­ле­­маны ақшаны үйіп-төгіп, бүрке­мелеудің қажеті жоқ, проблеманы нақты шешу керек! – деп қадап айтты Н.Нығматулин.

Ол мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін шенеуніктердің дербес жауапкершілігін арттыру мәселесіне екпін түсірді.

Жалпы, 2018 жылы респуб­лика­лық бюджет кірістері 8 триллион 789 мил­лиард теңгені құрап, жоспар 101,6%-ға асыра орындалыпты. Түзетілген бюд­жет­те бюджеттік бағдарламаларды іске асы­руға 9 триллион 353,5 млрд теңге көз­дел­ген болатын. Оның 9 триллион 334,7 мил­лиарды немесе 99,8 пайызы пайдала­нылды.

Бюджеттің «Шығындар» бөлі­мі бойын­ша 2018 жылға арналған жос­пар 18,8 миллиард теңге со­маға орындалма­ды. Соның ішін­дегі бюджет қаража­тын үнем­деу сомасы 334 миллион теңге болды.

– Біз жылдағы дәстүрмен, өткен жыл­ғы бюджеттің атқары­луы туралы есеп­терді жан-жақты талқыға салдық. Осы жолда жет­кен жетістіктеріміз көп. Алай­да бірқатар кемшіліктер де байқалып отыр. Оның барлығы алдағы жұмыста ерекше назарда ұсталуы тиіс. Себебі, бюд­жеттің жоғары деңгейде атқарылуы – елді дамы­ту­дың, халқымыздың жағ­дайын жақсартудың басты кепілі. Елбасы айтқандай, қазынадан бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалуы тиісті. Сондықтан Үкімет те, Есеп комитеті де бүгінгі сын-ескертпелер мен ұсыныс­тар­ды ескере отырып, кемшіліктерді жою бойынша жұмыс жүргізуі қажет деп есеп­тей­міз, – деп түйді Нұрлан Нығмату­лин.

Мәжіліс бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Есеп комитеті­нің есептерін Сенаттың қарауына жолдады.