Шетелдік БАҚ-тың ынтасы зор
Шетелдік БАҚ-тың ынтасы зор
347
оқылды

– Қазақстан президентінің сайлауы – әлемде үлкен қызығу­шы­­лық тудыратын мемлекеті­міз­дің ең басты саяси оқиға­ларының бірі. Оның қарсаңында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу процесі аяқталды. Элек­торал­ды кезең бойында Сыртқы істер министр­лігі Орталық сайлау комиссия­сы­мен бірлесіп, шет мемле­кеттердің, халықара­лық ұйымдар­дың бай­қаушы­ларын, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерін тіркеу бойынша жұмыстар жүргізді, – деп мәлім етті сыртқы саясат ведомствосы.

Осылайша, жалпы алғанда СІМ әлем­нің 40-тан астам елінен келетін 227 шетел­дік коррес­пон­дент­ті аккредитациялады. Салыс­ты­ру үшін айта кетелік, 2015 жыл­ғы президенттік сайлауға 168 ше­телдік БАҚ өкілі тіркелген екен.

Сонымен бірге, шетелдік БАҚ-тың 121 шетелдік коррес­понденті министрлік жанында тұрақты негіздегі тіркеуде тұр. Олар да сайлауды жазып, көрсетуге арала­са алады.

«Бұл – әлемдік қоғамдас­тықтың біздің елімізге және мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік өміріндегі болып жатқан өзгеріс­терге деген жоғары қызығушы­лығының айқын көрінісі. Шетелдік журналистер Сыртқы істер министрлігі берген тұрақты немесе уақытша аккре­диттеу туралы куәлігі болған жағдайда ғана сайлауды бақы­лауды жүзеге асыруға құқылы екенін атап өткен жөн» деп түсіндіреді СІМ.

Бұдан бөлек, «Сайлау туралы» консти­ту­циялық заңда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушы­ларына, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкіл­деріне аккредиттеу туралы куә­лік­ті ұсынған жағдайда аудар­ма­шысын ілестіріп жүріп, сайлауға қатысуына мүмкіндік беретін норма бекітілген.