Шағын несие шаруашылыққа шығын ба, пайда ма?
Шағын несие шаруашылыққа шығын ба, пайда ма?
411
оқылды

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағдарламалары қаржыландырылады.

– Қазіргі уақытта қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдап, несие беріп жатыр, – дейді қор төрағасы Жандар Омаров. – Бағдарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 пайызбен беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80 пайызға жуығы стартап-жобалар екенін ескерсек, қордың қолдауымен қаншама жаңа жоба жүзеге асып жатқанын аңғару қиын емес.

Шарты жеңіл тиімді несиені алушылардың саны жыл сайын артып келеді. Солардың ішінен бірқатарын нақты мысал ретінде атап өтуге болады. Айталық, Қызылорда облысының Ақжарма ауылында тұратын алтын алқа иегері Жеңіскүл Ізтілеуова Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қатысып, қордың Қызылорда облыстық филиалы арқылы 4 млн теңге несиеге қол жеткізген. Бұл қаржыға 24 бас сиыр сатып алған. Қазір сиырларының сүтінен пайда көріп отыр. Енді мал басын одан әрі көбейтпек.

Ақмола облысының тұрғыны Любовь Бугаева өз шаруашылығын дамыту үшін қордың несиелеу бағдарламаларын бірнеше рет пайдаланған. Компаниямен бірлесе өз бизнесін жүргізу арқылы отбасын да асырап, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып келеді.

– 2018 жылы Зеренді ауданына қарасты Айдабол ауылының тұрғындарын – 24 жеке қосалқы шаруашылықты біріктіріп, «Надежда» ауылдық өндірістік кооперативін ұйымдастырдым. Сол жылы қордан «Ынтымақ» несие бағдарламасы бойынша 8,7 млн. теңгені несиеге алып, оған көлемі 1,5 мың тонна болатын сүт тасығыш көлік сатып алдым. Жаңа автокөлік сүтті зауытқа жеткізу уақытын қысқартуға, шикізаттың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Мұның алдында біздің ферма 500 литр сүт өндірсе, бүгінгі күні өндіруші кәсіпорынға 1,3 мың литр сүт тапсырамыз. Қордан алынған тағы бір несиеге үлкен танкер-салқындатқышты сатып алдық. Бағасы – 2,8 млн теңге. Оның бір бөлігін мемлекеттен алынған субсидиямен өтейміз, – дейді Любовь Бугаева.

Павлодар облысына қарасты Кемеңгер ауылының тұрғыны Қайса Ақылбеков өзінің бір техникасы аздық еткендіктен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы тағы бір жаңа жүк тиегіш техника сатып алған.

Бұлардан басқа да мыңдаған ауыл кәсіпкері қордан несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл қаржы түскеннен бастап қор тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне 966 несие берілді.