Солтүстік Қазақстанда 25 мың мүмкіндігі шектеулі жан дауыс береді
Солтүстік Қазақстанда 25 мың мүмкіндігі шектеулі жан дауыс береді
5,331
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі 25 мың адам дауыс береді.

Солтүстік Қазақстан облысында 663 сайлау учаскесі болса, соның 93-і Петропавлда жұмыс істеп жатыр. Биыл сайлау өтетін орындардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы үшін пандустармен және арнайы дауыс беретін орындармен жарақтандырылды.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық сайлау орындарында жағдай жасалған. Әзірге тұрғындар тарапынан ешқандай наразылық туындаған жоқ. Үйлерінде дауыс бергісі келетіндерге жәшіктер дайын. Ал келіп таңдау жасайтындарға Петропавл қаласы бойынша инватакси жұмыс істейді. Тек алдын ала тапсырыс беру қажет», - дейді Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов.  

Петропавлдағы №586 сайлау учаскесінде 1372 тіркелген. Бүгін осы учаскеде дауыс беруі тиіс мүмкіндігі шектеулі 14 азамат таңдауды үйде жасайды. Ал «Біз біргеміз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 1-топтағы мүгедек Сергей Сапко алғышқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады. «Әр Қазақстан азаматы ел болашағы үшін өз таңдауын жасап, белсенділік таныту керек. Мен бұрын үйде дауыс беретінмін. Қазір барлық мекемелерде бізге арнайы жағдай жасалғандықтан сайлау участкесіне келіп таңдау жасадым», - дейді Петропавл тұрғыны Сергей Сапко. 

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгін әскери және медициналық мекемелерде барлығы 12 жабық сайлау учаскесі  жұмыс істейді.