Бәске басы байланғандар Қапшағайға бет алады
Бәске басы байланғандар Қапшағайға бет алады
366
оқылды
Қазақстанда барлық букмекерлік кеңселер де ка­зи­нолар соңынан аттанып, Щучинскі мен Қапшағайға кө­шіріледі. Басқа қалаларда, ауыл-аймақта олардың алыс­тан менмұндалап көз тартатын жарқын жарнамалары мен жарқ-жұрқ еткен маңдайшалары бұзылады. Осыны қа­растыратын жаңа заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл халықты құтқару үшін қажет. Үкімет тапсырысымен елі­міз­де арнайы әлеуметтік зерт­теу жүргізілді. Қорытындысы  шошытады: азамат­тар­дың 11%-ы немесе 1,5 миллио­ны күн сайын немесе қолға ақ­ша түскенде дүркін-дүркін бук­мекерлік бәс тігеді. Сұрау са­лынған қазақстандықтардың 56%-ы туысы, танысы не жол­да­сы букмекерлік кеңселерде бәс тігуден және соған тәуел­ді­лік­тен зардап шеккенін хабар­ла­ған. Мәдениет және спорт ви­це-министрі Өркен Биса­қаев­тың мәліметінше, кең ау­қымды сауалнаманы жүргізуге тар­тылған әлеуметтанушы мұ­ны «нағыз әлеуметтік апаттың бел­гісі» деп бағалапты. Ішкі істер министрінің орын­­басары Арыстанғани Зап­па­­ров жан түршігерлік деректер кел­­тірді. 2018 жылғы 3 сәуірде Шым­кент қаласында «Бинго» клу­бының тұрақты клиентінің қо­­лына кісен салынды. Ол ірі кө­лемдегі ақшаға ұтылып қа­ла­ды. Үйіне оралғасын айқай-шу туып, сөз естіген. Ашу үстінде ана­­сын және атасын өлтіріп тас­та­ды. 2018 жылдың 14 наурызында елор­дада жергілікті тұрғын өзі­мен бірге тұрып жатқан қа­лың­дығын жанжал үстінде пы­шақ­қа жыққан: қаскөй букме­кер­лер­ге ірі сомада ақша тігіп, ұты­­лады. Ал бойжеткен бола­шақ отбасының бюджетін қор­ғап, оны ақылға шақырмақшы болса керек. Ауыр жарақаттан ол қыз қылмыс орнында жан­тәсі­лім етті. Мұндай деректер әр өңірде жетіп артылады.  

Қылмыс жайлаған бизнес

«Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын Мәжіліс депутаттары әзірге тек бірінші оқы­лымда құптап отыр. Құжат ары қарай талқыланып, ІІ оқылымға әзірленеді. Толық мақұлданса, Сенатқа жол­данады. Жобаны әзірлеген Мәдениет және спорт министрлігі біріншіден, көптеген қазақстандықтың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың ара­сында «ойынға тәуелділіктің пато­логиялық көрінісі белең алғанына» алаңдаушылық білдірді. Себебі букмекерлер мен тотализаторлар онлайн режимде де тоқтаусыз бәс тігуге мүмкіндік береді. Екіншіден, кассаларының қыз­ме­тіне лайықты бақылау жоқтығын, олардың мемлекетке толыққанды есеп бермейтінін пайдаланып, қыл­мыс әлемі бұл саланы заңсыз ақшаны жылыстату, қысқа уақыт ішінде жо­ға­ры табыс алу көзіне айналдырып алды. Мәселен, Ішкі істер министрлі­гінің арнайы тобы Бас прокуратура­мен тізе қоса отырып, 5 ай бойы опе­рация жүргізеді. Соның арқасын­да салада 4 трансұлттық, яғни ха­лықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Олар букмекер атын жамылып, Қазақстанның 17 қаласында заңсыз ойын бизнесін жолға қойыпты. Нұр-Сұлтан қала­сы­ның мамандандырылған аудан­аралық соты қылмыскерлерге әр­түрлі жаза мерзімдерін белгіледі. Үшіншіден, мемлекет бұл ұйым­дарда қауіпсіздік шаралары сақтал­майтынын, тұтынушылар құқығы бұзылатынын, заңды түрде ұтып алған ақшаларын олардың есеп­шоттан ала алмайтынын әшкереледі. Яғни, бәс тігу арқылы ірі ұтысқа ие болуы мүмкін, бірақ ол ұтысының қызығын көре алмайды. Төртіншіден, жасырын казино, құпия ойын автоматтарының зал­дары секілді заңсыз ойын мекемелері әдетте, букмекерлік кеңсе (БК) тү­рінде жұмыс істейтіні анықталды. Бесіншіден, кейбір букмекерлік кеңселер клиенттерін Қазақстанда тыйым салынған шетелдік ресурс­тарға қосып, солар үшін бәс қабыл­даумен айналысқан. Теңгені бит­койн­ге ауыстыратын төлем терми­налдарын пайдаланатыны да белгілі болды. Бас прокуратураның мәліметін­ше, букмекерлік кеңселер мен кас­са­ларға қарақшылық шабуылдар өс­кен: 2008 жылға дейін мұндай бірде-бір дерек болмаса, 2009 жы­лы – 1, 2010 жылы – 5, 2016 жылы – 20 шабуыл тіркеліпті. Кейінгі жыл­да­ры да мұндай қылмыстар кездесті.
– Букмекерлік кеңселер мен то­та­лизаторларды Щучинск пен Қапшағайдағы арнайы аймақтарға ауыстыруды ІІМ басынан бастап қызу қолдады. 2018-2019 жылдары біздің министрлік заңсыз ойын биз­несі фактілері бойынша 221 қылмыс­тық іс қозғады. Бұл – Қаржы ми­нистрлігінің Қаржы мониторингі комитеті жүргізген жұмыстарды қоспағанда! 2020 жылдың басынан бері ұқсас фактілер негізінде 22 қыл­мыстық іс тіркелді. Егер екі айдай уақыт бойы елде төтенше жағ­дай енгізіліп, карантинге жабылғанын ескерсек, аз уақыт ішінде осынша қылмыстың әшкереленуі аз емес, – деді Ішкі істер министрінің орын­басары Арыстанғани Заппаров.
Оның мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде букмекерлік кеңселер (БК) мен тотализаторларға қарсы 251 қылмыс жасалыпты: соның ішінде оларға 90-нан астам қарақшылық шабуыл, 161 тонау ұйымдастырылды.    width= Қаржы мониторингі комитетінің ақпарынша, тек 2019 жылдың өзінде БК және тотализаторларға қатысты 320 қылмыстық іс қозғалды.  

«Психикалық дерт қоздырушы» оқшауланады

Мәдениет және спорт министр­лігінің реттеушілік әсерді талдау нәтижелері көрсеткендей, казинолар Алматы және Ақмола облысындағы мамандандырылған аймақтарға кө­шірілгеннен кейін олардан босаған нарықты букмекерлік кеңселер (БК) мен тотализаторлар жайлап алған. 2007 жылғы қаңтарда казино атау­лыны резервацияларда оқшаулаған «Ойын бизнесі туралы» заң қабыл­данған тұста букмекерлер елеусіз қалды. Неге? Олар әлдебір спорттық сайыстарға ғана ставка қабылдайтын шағын кеңсе немесе касса түрінде болып келетін және жанкүйерлер қауымынан басқаны көп қызық­тырмады. Алайда казинолар жабылғаны сол екен, бұлар жайнап сала берді. Олар біріншіден, жабылған кази­нолар орнында құрылып, сол маңды айналсоқтап үйренген клиенттерге құшағын ашты. Екіншіден, тек спорт­пен шектелмей, кез келген оқи­­ғаға бәс қабылдай бастады. Ұлы­британия патшайымының кезекті немересіне қандай есім беріледі? «Тақтар ойыны» телехикаясында қандай кейіпкерлер құрбан болады? «Оскарды» кімдер алады? Еурови­дение байқауында кім жеңеді? Тіпті, елордада ертең ауа райы қандай болады? Кез келген тақырыпта бәс тігу мүмкіндігі ойыншылар қатарын еселеп арттырды. Үшіншіден, БК-лар «ақшаңды бізге тік – нәтижесін үйіңде күт» қа­ғидасымен жұмыс істейтін жай кас­садан ірі спорттық барға, түнгі клуб­қа трансформацияланды: кли­ент үйде отырып шы­найы уақыт режимінде бәс тіге алады. Осылайша, қазіргі кезде букме­керлік кеңселердің саны 1 162-ге, тотализаторлар саны 22-ге жетті. Мұның сыртында қаптаған «клиент есепшотын толықтыру және ақша алу бекеті», яғни сансыз касса елі­міздің барлық дерлік елді мекенінде әрекет етуде.
Қазақстанда 41 компания БК лицензиясына, тағы 11-і – тотализа­тор­лық лицензияға ие. Мәдениет және спорт министрлігі олардың кең өркен жаюы «елдегі жалпы әлеу­меттік және мәдени ахуалды нашар­латты және қылмыс деңгейін жоға­рылатты, өйткені халықтың үлкен бөлігі құмар ойындарына тәуелді болып кетті» деген байламға келіп отыр. Бұл ретте өткен жылы Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ассамблеясы лудоманияны (ойын­құмарлықты) психикалық сырқат деп таныды.
Бұл саладағы лицензиялау ойын бизнесін мемлекеттік реттеу міндетін шешпейтіні анықталды. Сондықтан Мәжіліс депутаттары Үкіметке БК-лар мен тотализатор­лар­ды казинолар секілді Алматы об­лысындағы Қапшағай су қой­ма­сының жағалауына және Ақмола облысының Щучье ауданында жер­гілікті атқарушы органдар айқын­дайтын аумақтар шегіне орналас­ты­ру туралы ұсыныс жасады. Тиі­сін­ше, өзге елді мекендегі барлық бук­мекерлік кеңселер тегіс жабылады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова азаматтар денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында биліктің осындай қадамға барғанын айтты.
– Басты міндет – қазақстан­дық­тарды құмар ойындарының қауіпті ықпалынан қорғау. Олар елде әлеу­меттік кернеуді өршітуде. Жаңа заң жобасындағы осы норма ойын меке­мелерінің қалалар мен ауылдарда бей-берекет таралуына тоқтау сала­ды. Сондай-ақ қылмыстық жағдайға да оң әсер етеді. Құмар ойындарына құныққандар саны тым көбейіп барады. Психологтардың пайымда­уынша, тіпті адам мұның кесел еке­нін түсініп, одан айығуға бел буға­нымен, құмарлықты қоздыратын факторлар, яғни әлгі кеңселер алдан шыға берсе, онда ол жан есінен, ерік-жігерінен айырылып, жаман жолға қайта түсіп кетуі мүмкін. Мұндай орындар көп кездесетіндіктен, жастар да қызық көріп бас сұғуы ықтимал, – деді А.Райымқұлова.
Үкімет пен Парламент осы «қоз­дырушы факторды» жоюды көздеп отыр.  

Ойынқұмарларға бәс тігуге тыйым салынады

– Букмекерлер мен тотализа­торларды Щучинск пен Қапшағайға көшіруді талап еткен депутаттардың бастамасы елге пайдалы және өте көкейкесті деп білеміз. Мәжілістің заң жобасына түзетуі мемлекеттік органдардың келісімін алды және Үкіметтен қол­дау тапты, – дейді Мәдениет және спорт министрі. Букмекерлер мен тотализаторлар бизнесінде 1 100 адам қызмет атқа­рады. Одан 4,4 миллиард теңге салық түседі екен. Егер олар тегіс ойын аймақтарына қоныс аударса, онда ғимарат салу үшін 13 миллиард теңге және құрал-жабдықпен жабдықтауға тағы 6 миллиард теңге инвестиция салуына тура келеді. Дегенмен министрліктің тұжырымы бойынша бизнестің шығыны және салықтың азаюы ойын аймақтарының дамуы мен туристер арқылы өтелуі тиіс. Жаңа заң жобасының бұдан өзге де жаңалығы көп. Мәселен, енді БК-ларға тек спортқа қатысты оқиға­ларға бәс қабылдауға рұқсат етіледі. Өзге тақырыптары тыйымға ілікті. Сондай-ақ Бәсті есепке алу орта­лығы атты құрылым іске кіріседі. Ол Бурабай мен Қапшағайды жерсінбей, ғаламторға көшкен, сонда онлайн ойнар клиент іздеген БК-лар мен тотализаторларды бақылауға алады, есебін жүргізеді, салаға қатысты барлық ақпаратты жинаумен айна­лысады. Онлайн ставка жасайтын әр қазақстандықтың жеке дерегі де соның қолында сақталады. Министр А.Райымқұлова азаматтарға қатысты дербес деректердің хакерлерден және басқалардан қорғалуы қамта­масыз етілетініне сендірді. Тағы бір жаңалық: бұл «ауруға» ұшыраған адамдар үшін заң жүзінде өзіндік шектеу енгізіледі. Яғни, ол жанның өзі немесе отбасы мүшелері, туыстары өтініш жазса, бұдан былай елдегі бірде-бір БК, тотализатор не казино ол адамнан бәс қабылда­майды.
– Заң жобасына ойын бизнесі қатысушысының өзіндік шектеу нормасы енгізілді. Лудоманияға шалдыққан адам қанша уәде берсе де өзін-өзі ұстай алмай, құмар ойын­ды қайта ойнауы мүмкін. Қазақ­стан­ның Денсаулық сақтау министрлігі мұны психикалық сырқат деп бекітті. Адам шектен тыс ойынқұмарлық кесірінен борыш батпағына батып бара жатқанын және бұдан отбасы мүшелері зардап шеккенін түйсініп, өз бетінше өтініш жаза алады. Содан кейін ол бірде-бір казиноға, БК-ға, онлайн ойындарға жіберілмейтін болады, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Талқылау барысында депутаттар мұны жеткіліксіз деп таныды. Сол себепті лудоманияға ұшыраған адам­ды сот арқылы шектеу де енгізіліп отыр. Оның үстінен сотқа туыстары шағым түсіре алады. Мемлекет осындай шетін қадам­ға еріккеннен барып отырған жоқ. Бассыз кеткен букмекерлер елдің есіл-дертін ойын қылып жібере жаз­дағасын амалсыздан шара қа­был­данды. Ойынханалардың ойыны осылды деген – осы!  

   width=Айхан ШӘРІП