Бірлік пен тұрақтылық кепілі
Бірлік пен тұрақтылық кепілі
418
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды штабында болып, exit pool қорытындысын жариялау рәсіміне қатысты. Exit pool-дың қорытындысына сәйкес Президент сайлауында Nur Otan партиясынан түскен кандидат өзге үміткерлерден айтарлықтай жоғары дауыс жинаған.

Сауалнама нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,13 пайыз дауысын жинады. Халықтың сайлауға келу көрсеткіші 77,4 пайызды құрап, 9 миллионнан астам қазақстандық өз таңдауын жасады.

Алдын ала мәліметтер жария­лан­ған­нан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне се­­нім білдірген барша отандастарына ал­ғыс білдірді.

– Сайлауалды науқан өркениетті әрі жүйелі түрде жүргізілді. Шын мәнінде, бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі бол­ды. Халық бізге сенім артып, өз таң­дауын жасады. Сондықтан алдымызда ау­қым­ды жұмыстар күтіп тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол үгіт-насихат кезеңіне қатысқан рес­публикалық қоғамдық штабтың мү­шелеріне, барлық белсенді азаматтарға және партия жақтастарына атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, элек­торалды науқанның ауқымы мен тех­но­логиялық мүмкіндігін атап өтті.

– Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елі­міз­де де жағдайдың өзгергенін көріп отыр­сыздар. Әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, Қазақстанға жаһандық оқиғалардың да ықпалы бо­лары сөзсіз. Сондықтан біз еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.

Жиналғандарға арнаған сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ­стан­ның бүгінгі жетістіктері Елбасы есімімен ты­ғыз байланысты екенін айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қуат­ты, көпұлт­ты мем­ле­кет құрды. Біз­дің ендігі мін­де­тіміз – қолдағы ба­ры­мызды қадірлеп, же­тіс­тіктерімізді сақ­тап, өрлеу мен жа­сампаздық жолында бо­ла­шаққа ба­тыл қадам басу, – деді Қ.Тоқаев.


Республикалық қоғамдық штабтың же­текшісі, Nur Otan партиясы Төра­ға­сының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта партияның Ел­басы жолын ары қарай жалғастырып, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

– Бүгін қазақстандықтардың басым бө­лігі біздің кандидатымыз Қасым-Жо­март Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығына және бірлік пен тұрақтылыққа қолдау білдірді, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар, іс-шарада респуб­ли­ка­лық штабтың мүшелері, аймақтық штаб­тар мен Team Qazaqstan жастар қанатының өкілдері сөз сөйледі. Олар Exit pool-дың нәтижесіне бірауыздан қолдау білдіріп, Қазақстан халқын өткен Президент сайлауымен құттықтады.


Сайлауалды науқан кезінде еліміз бойынша кандидаттың 228 штабы жұ­мыс істеді. Мобильді үгіт-насихат тобы­ның құрамында болған 20 мыңнан астам сенімді өкіл «Есіктен есікке» акциясы ая­сында сайлаушылармен кездесті. Елі­міз бойынша кандидаттың 228 қоғамдық қа­былдауы тұрақты жұмыс істеп, 21 мың­нан астам азаматты қабылдады.

#BIRGE акциясы аясында барша қазақстандықтардан кандидаттың атына жолданған жарты миллионнан астам ұсыныстар мен тілектер жиналды. Штабтың Team Qazaqstan жастар қанаты кандидатты қолдау мақсатында #5ARMANYM интернет-жобасын, түрлі ак­циялар мен форумдар, Open air концерт­тік бағдарламаларын, «Еркін пікір» атты пікірталастар және Jas Otan Cases ше­берлік сағаттарын ұйымдастырып, нә­ти­желі өткізді.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақ­стан Республикасы Президенті сай­лауы­ның ресми қорытындысын заңмен бе­кітілген мерзім аралығында жария­лайды.


Тұмар МЫРЗА