Жақтастар форумы жарқырап өтті
Жақтастар форумы жарқырап өтті
425
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының үгіт-насихат жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласындағы жақ­тастар форумымен аяқталды. Белгілі эстрада жұлдызда­рының ән-күйімен ашылған шараға Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, партияның сайлауалды штабының өкілдері, жұлдыздар мен спортшылар қатысты. Сондай-ақ Қ.Тоқаевтың еліміздің әр өңіріндегі қолдаушылары сәлемдерін бейнежазба түрінде жолдады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форумның құрметті қонағы болды.

Қ.Тоқаев жиналғандар алдында Н.Назарбаев саяса­тының сабақтастығын қам­тамасыз ету ең негізгі мақсат екенін айтты.

– Халқымыз тарихи таң­даудың табалдырығында тұр. Барлығымыз бірге жар­қын болашаққа жол са­ла­мыз. Біздің бағдарла­мамыз бүкіл халықтың игілігіне бағыттал­ған сабақтастықты, әділдікті және өрлеуді мақсат етеді. Біз міндетті түрде бұл мақсатқа жетеміз. Басты міндетіміз – мемлекетіміздің әлеуетін ны­ғайту үшін Елбасы стратегия­сын жүзеге асыру! – деді Мем­лекет басшысы лауазы­мына кандидат.

Қасым-Жомарт Кемелұлы электоралды кампания кезін­де өзіне үлкен қолдау көр­сеткен жақтастарына алғыс білдірді. Ол сайлауалды бағ­дар­ламасының негізгі бағыт­тарына тағы бір тоқталып өтті. Олардың негізгілеріне Қазақстанның әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына енуі, халықтың тұрмысын жоғары деңгейге көтеру, аза­маттардың еңбек етуі үшін қолайлы жағдай жасау, заң үстемдігін нығайту, әлеуметтік әділдікті нығайту мен шағын және орта бизнесті қолдау жатады. Алға қойған мақсат­тарға жету жолында ауқымды реформалар жүр­гізіледі.

Кандидат жастар саяса­тына ерекше тоқталды. Ре­фор­маның кілті жастардың қолында екенін айтты.

– Біздің басты мақсаты­мыз – Елбасы стратегиясын іске асыру, мемлекет потен­циа­лын пайдалану, қоғамда татулық пен бейбітшілікті сақтау, Қазақстанды барынша дамы­ған елдер қатарына қосу, ха­лықтың өмір сүру деңгейін арт­тыру, азаматтардың еңбе­гіне қолайлы жағдай қалып­тас­тыру, шағын және орта бизнесті қолдау. Ал бұл үшін реформа керек. Реформаның негізгі қозғаушы күші – өздеріңсіңдер, – деді ол жас­тарға қарата.

Осы орайда Мемлекет басшысы жастарға қолдағы мүмкіндікті жібермеуге кеңес берді. Көп оқыған, озық ойлы, адал еңбектенген адам­ның ғана арманы орындалаты­нын айтты.

– Реформаның қозғаушы күші – сіздерсіздер. Қазақ­станның болашағы – жас­тардың қолында. Мүмкін­дік­терді уыстан шығарып алмай, алға ұмтылыңыздар! – деген Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың таңдауы – бұл өзінің және тәуелсіз мемле­кетіміздің, халықтың болаша­ғы үшін жасалған таңдау екенін тілге тиек етті.

Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев форумға жиналғандарды мемлекет­тілікті нығайтып, бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін Тұңғыш Президент саяса­ты­ның сабақтастығын таңдауға шақыра отырып:

– Қасым-Жомарт Тоқаев – Елбасы Н.Назарбаев­тың саясатын жалғастырушы. Қазақстанның ары қарай гүлденуі мен елдің әрбір тұрғынының ауқатты өмір сүруін қамтамасыз ете алатын кандидат. Қазақстандықтар Тұңғыш Президентіміздің саясатының сабақтастығы үшін, тәуел­сіздік үшін, бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін, жаңа жұмыс орындары үшін, қолжетімді баспана үшін, сапалы ме­дицина мен білім үшін және біздің кандида­тымыз үшін дауыс береді деп сенеміз! – деді.

Жалпы, билік партиясы Тоқаевтың кандидатурасын үгіттеу мақсатында республи­ка бойынша 113 мың шара өткізді. Одан бөлек, канди­даттың сенімді тұлғалары 228 қоғамдық қабылдау өткізіп, 21 мың азаматпен бетпе-бет әңгімелескен.

Бір айлық науқан кезінде, партия өкілдерінің мәліме­тінше, азаматтардан 23 308 хат келіп түскен екен. Соның ішінде 26,3 пайызы – әлеу­меттік мәселелер (зейнетақы, алимент, мүгедектікті анық­тау, атаулы әлеуметтік көмек, т.б) аясында болса, 22,8 пайы­зы – үй мен жер мәселесіне, 16 пайызы – тұрғын үй-ком­муналды шаруашылық саласы, 10,9 пайызы жұмысқа тұру мен еңбек дауларын қамтыған.

Осы жұмыстардың бар­лығы партия өкілдерінің шамамен 11 млн азаматты қамтуына мүмкіндік берген.

Республикалық штабтың Team Qazaqstan жастар қанаты саяси науқанның барлық кезеңіне қатысып, негізінен танымал жастар мен жұлдыз­дардан құралған бұл топ 156 шара өткізіп, оған республи­каның әр өңірінен 50 мыңдай адам тартылған.

Жалпы, бір айдай уақыт ішінде сайлауалды кампания кезінде әлеуметтік желілерде 43 мыңнан астам түрлі ма­териал жарияланған. Желі арқылы түскен 500 мыңнан астам хаттың ішінде 110 мыңы үміткерге жолданған тілек болса, шамамен тағы 400 мыңға жақыны ұсыныс пен тапсырыс ретінде жазылыпты.

Өңірлер ішінде Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары күшті белсенділік танытқан. Одан кейін Солтүстік Қа­зақстан, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда облыс­тары мен Нұр-Сұлтан қала­сынан 30 мыңдай хат келген. Штаб өкілдерінің айтуынша, хаттардың көбі ауыл халқы мен шағын қала тұрғын­дарынан түсіпті.

Келіп түскен хаттарда не­гізінен қаржы жүйесінің да­муы, экологиялық қауіп­сіздік, мемлекеттік инсти­туттардың рөлі, инклюзивті экономиканы дамыту жұмыс­тары, оқыту мәселелері се­кілді жүйелі проблемалар мен белгілі бір бөлігі жол құры­лысы, елдімекендердің жағ­дайы, балалар орталығын ашу, халықты көгілдір отын­мен, сапалы ауызсумен қамту секілді жергілікті және құ­қық­тық мәселелер, жемқор­лық пен әділетсіздікке қатыс­ты, үй сатып алуда қолдау іздеу, өз кәсібін ашу секілді мәселелер жазылған.

Тақырып жағынан негі­зінен әлеуметтік қамсыз­дандыру, оқыту жүйесі, ТКШ мәселелері, денсаулық сақтау мен жұмысқа тұру мен еңбек даулары мәселелері ең көп көтерілген. Осы орайда штаб өкілдері олардың ішінен өзектілерін теріп алып, ма­ман­дардың талқысына салып, мемлекеттік органдарға жө­нел­туге уәде етті. Ал инфра­құрылым мен елдімекендердің жағдайына байланысты хат­тарды өңірлерді дамыту бағ­дарламасына енгіземіз деп отыр.

Қорыта айтар болсақ, Тоқаев­тың сайлауалды штабы­ның мәліметінше, белсенділер бір айда қыруар жұмыс атқарған. Жүздеген мың азаматпен көзбе-көз не­месе желіде әңгімелесе оты­рып, күн тәртібіндегі мәсе­ле­лерді анықтай алды. Олар халықтың мұндай белсенді­ліктерінің сайлаудан кейін де тоқтап қалмауын күтеді.

Респуб­ли­калық қоғамдық штаб мүшелері Қ.Тоқаевты қолдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы зиялы қауым және этно-мәдени бірлестік өкілдерімен де кездесу өткізді.


Мурат.JPG
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, 
Сенат депутаты:

–Тәуелсіздік алғалы биыл президент сайлауы Қа­зақстанда алтыншы рет өтіп отыр. Әр сайлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Соңғы үш сайлауда осындай респуб­ликалық қоғамдық штаб құрылды. Биылғы сайлауалды науқанда рес­публикалық қоғамдық штаб құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалымдар қосылды. Қызылорда облысында болдым. Жергілікті халықпен, жұмысшы топпен, мұғалім және дәрігерлермен, кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауға қатысуға халықтың басым бөлігі құлшынып отырғанын байқадық. Өйткені биылғы сайлауға бірінші рет Елбасы қатыспағандықтан, ендігі ел тізгінін кім ұстайды деп алаңдаған жұрттың белсенділігі артқанын көрдік. Барлық кездесуде халық елдің ынтымағы мен бірлігін бірінші орынға қоятынын жеткізді. Сонымен қатар елді алаңдатқан бірқатар мәселелер де ортаға салынды. Мәселен, Қазақстанда өндірілетін табиғи байлықтар халық игіліне жұмсалса, сыбайлас жемқорлық жойылса, жұмыссыздық мәселесі шешілсе, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға баспана берілсе деген тілектер айтылды. Жалпы, халықтың ертеңгі күнге артқан үміті зор. Халық таңдауымен сайланған кандидаттан өз бағдарламасында қамтылған бағыттардың түгел жүзеге асуын күтеміз.


Бакытбек.JPG
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:

–Сайлауалды науқан ке­зінде өңірлерді араладық. Батыс Қазақстанның шалғай аудандарында болып, ха­лық­тың көзқарасын білдік. Сол кезде елді бірінші кезекте тыныштық пен тұрақтылық толғандыратынына көз жеткіздік. Әлеуметтік мәселеге назар аударылуын сұрағандар да болды. Nur Otan партиясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында құрғақ сөз емес, шынайы шешімдер қамтылғанын көруге болады. Партия кандидаты жеңіске жеткен жағдайда алда үлкен қызу еңбек майданы тұр. Үгіт-насихат тобына іріктелген барлық азамат осы жауапкер­шілікті сезініп отыр. Сайлау барлық демократия­лық құндылықтарға сай өтті. Қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелген болса, заң бойынша тиісті шаралар қабылданады деп ойлаймын.

 

Ерлан.JPG
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

–Республикалық қоғам­дық штаб аз уақыт ішінде өте белсенді жұмыс атқарды. Бүкіл өңірлер мен әлеуметтік салалар түгел қамтылды. Әсіресе, жастарға басымдық берілді. Халықпен тікелей кездесу өткізуден бөлек, әлеуметтік желілер арқылы онлайн насихат жүргіздік. Халықтың сұрағы мен оларды алаңдатқан мәселе көп. Сондықтан халықты толғандырған мә­селелердің қашан шешілетінін кесіп айтып, түбегейлі шешу мүмкін болмаған қиындықтарға қатысты жағдайды түсіндіріп, баяндау қажет болды. Осыдан Республикалық штаб тек кандидат насихатымен ғана емес, халықтың көкейіндегі мәселелерді шешумен де айналысқанын көреміз. Ешкімге бос уәде берген жоқпыз. Партия кандидаты не үшін президент сайлауына түсіп жатыр, қандай бағдарлама ұсынады, елді қай бағытта алып жүреді деген тақырыптарды түгел қамтуға тырыстық. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, барлық өңірлерде мәселелер ортақ екенін байқадық. Мен Шығыс Қазақстанды араладым. Өзім туып-өскен жердің мәселелерін бұрыннан білемін. Осыдан бұрын шығыс өңіріне ресми сапар жасаған президент те біраз тақырыпты көтеріп, халықтың пікірін тыңдап қайтқан болатын. Өз кезегінде біз де елдің көңіліндегісін дөп басып, ойындағы сұрақтарға жауап бердік. Кешегі сайлауда белсенділік өте жоғары болғанын атап өткен жөн. Бұрын студенттерді сайлауға қатысуға шақырып, қадағалау қажет болса, осы жолы олар саяси науқанға ерікті түрде қатысты. Өйткені олар өздерінің болашағы қандай болары бүгінгі сайлауға байланысты екенін жақсы түсінді.

 

Мая.JPG
Майя БЕКБАЕВА,
Kazakh TV телеарнасының директоры:

– Әріптестерімді Рес­пуб­ли­калық қоғамдық штаб жұмысының сәтті аяқталуы­мен құттықтай­мын. Шын мәнінде, өте көп жұмыс ат­қарылды. Өнер майталман­дары, спортшылар мен ел танитын өзге де тұлғалар қоғамдық штаб құрамында Қазақстан өңірлерін аралағанын білесіздер. Олар халыққа партия кандидатының сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, оларды сайлау күні азаматтық парыз­дарын орындап, дауыс беруге үндеді. Бейбітшілік пен халықтың әл-ауқатының жақсы болуына мүдделілер өз таңдауларын жасап, дауыс беру құқығын пайдаланды деп ойлаймын.

Бекболат.JPG
Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты:

– Республикалық қоғамдық штаб мү­шелері қатарында Қарағанды, Атырау, Орал, Ақтөбе, Ақтау өңірлерінде елмен жүздесіп, халықтың жағдайымен та­нысып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әлеуметтік мәселе бойынша күрмеуі қиын сұрақтар қойылмады. Халық арасында «Ең бастысы, тыныштық болсын!» деген тілек басым болды.

 

Нуртай.JPG
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, 
Мәжіліс депутаты:

– Сайлауалды нау-­ қан кезінде 12 өңірде болдым. Халықпен ашық кездесулер өтті. Азаматтарды қабыл­дап, оларды толған­дырған мәселелерді жазып, ұсыныстарын қағазға түсіріп алдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы елдің дамуын жан-жақты қамтамасыз ететін шешімдер ұсынады. Бағдарла­маның басты қағидаты – тәуелсіздікті нығайтып, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Қасым-Жомарт Кемелұлы ауызсу, жол мәселесін шешуді, аз қамтылған жанұяларды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Әр отбасыға әлеуметтік карта бекітіп, сол арқылы оларды мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету қарастырылған. Одан бөлек, жастарды жұмыспен қамту, олардың бизнес бастамаларын қолдау бағдарламалары жүзеге асатын болады. Сайлауалды бағдарламаның ең өзекті тұсы – жемқорлыққа қарсы күреске негізделген. Бұл қазіргі қоғамның ең үлкен дерті екені белгілі. Жемқорлықты жоймай, қоғамдық даму болмайды. Жыл сайын мыңға жуық азамат сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапкер­шілікке тартылады. Менің ойымша, мемлекеттік бюджетке ешкімнің қол сұғуына жол бермеу керек. Сондықтан бұл Қазақстанды алға ілгерілетудегі маңызды қадам деп ойлаймын.

 

Бакытгул.JPG
Бақытгүл ХАМЕНОВА, 
Мәжіліс депутаты:

–Республикалық қоғамдық штаб Ел­басы сенген тұлғаның еңбегін елге көрсету мақсатында құрыла­ды. Сондықтан біздің міндетіміз – партия кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуына қосқан үлесін, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріне сіңірген еңбегін халыққа жеткізу болды. Штаб мүшелері өздеріне артылған міндетті толық орындады дей аламын. Бұған олардың халық тарапынан ыстық ықыласқа бөленіп, алғыс арқалап қайтқаны дәлел.

 

Омирзак.JPG
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы:

– Республикалық қо­ғамдық штаб тап­сырмасымен Маңғыс­тау мен Орал өңірінде болдым. Сапар бары­сында халықтың сайлауға деген ықыласы бөлек екенін байқадым. Сайлауалды науқан кезінде Nur Otan партиясының жұмысы өте жүйелі ұйымдастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасының соңын «Менің платформам ашық. Кімде-кім халықтың көңілінен шығатын дәйекті ұсыныстар жасайтын болса, оларды қабылдауға, бағдарламама қосуға дайын­мын» деп аяқтады. Сонда партия канди­датының платформасына екі бірдей ұсыныс жасадым. Олардың бірі – кешегі қан майданда ұрысқа араласқан, соғыс­тан кейін ел экономикасын көтерген ардагерлерге қолдау көрсету болса, екіншісі – денсаулығын қар жастанып, мұз төсенген соғыста жоғалтқан азамат­тарға лайықты медициналық көмек пен қолжетімді дәрі-дәрмек ұсыну жөнінде болды. Ұсыныстарым Президент плат­формасына қосылғанын көргеннен кейін, ел аралаған кезде, халыққа орамды ойлар мен қоғамдық пікір ескерілетінін айтып, халықты белсенді болуға ша­қырдым.